Бетке талас (сатира)

3106
Adyrna.kz Telegram
http://adyrna.kz/content/uploads/2018/06/reshat-nuri.png
Решат Нұри ГҮНТЕКИН, түрік жазушысы. Қырықтың қырқасындағы бай саудагер Халит Бей бөлменің бір бұ­рышында ойнап отырған баласына: – Жават, бері кел… Қарашы, саған бірдеме әкелдім, – дейді. – Ол не, папа? – деп баласы кергиді. Әкесі қолындағы шоколадты қалтасынан шығарып: – Міне, мынау… Тоқтай тұр, тегін емес, бетіңнен сүйгізбесең бермеймін… – Жақсы, папа… Мінекейіңіз, – деп, әкесінің тізесіне отыра қалып бетін тақайды. Осы сәт Халит Бейдің бәйбішесі Ферхунде ханым: – Халит, саған қанша айтамын, мына баланы сүйе бермеші!.. – деп наздана қарайды. – Саспа, саған да бірдеме қал­ды­рамыз ғой… – дейді Халит Бей. – Сүйе берме деген соң, қой­саңшы енді! – Қоятын несі бар? Сүйем бе, сүймеймін бе, онда шаруаң қанша?! – Шаруаң қанша дегенің не?! Баланы осылай құртасың ғой… Бетін әбден сорып тастадың, созып жібердің… Темекінің иісінен мен де сүйе алмай жүрмін. Баламыздың бетінен темекінің сасық иісі шығады… – Баяғыдан бері соны айтсаң­шы… Сен өзіңді ғана ойлайсың. Ен­деше, мені тыңдап ал! Мен қырық жасымда бала сүйдім, сондықтан өле-өлгенше сүйіп кеткім келеді… – Сен баланы сүйемін деп, бір күні мені темекінің сасық иісімен тұншықтырып өлтіресің ғой… – Олай болса, таптым… Баланың екі бетін бөліп алайық. Оң жағы менікі болсын, сол жақ сенікі… – Жарайды. Бірақ менің жағыма жолай көрсең… Балапаным, мынау жағың менікі, ешкімге сүйгізбе, жарай ма! – Ал бетіңнің мына жағы менікі. Біреуге сүйгізетін болсаң саған ештеме әкелмеймін. Сондықтан, байқа, балам! – Ал балам, бетіңнің қай жағы менікі? – дейді шешесі. Баласы саусағымен сол жағын көрсетіп: – Мынау жақ, – дейді. – Ал менікі ше? – деген әкесіне оң жағын нұсқап: – Міне, – деп, бетінің екі жағын екі қолымен ұстап: – Мынау жақ маманікі, мынау жақ папанікі… – дейді. Әке-шеше, бала арасындағы бөліске түскен әңгіме осымен бітіп, кешке жақын бір өзі ғана тамақтанып отырған үйдің ерке баласы қызметші аспаз ағасына: – Ағатай, маған құрма тәттісінен берші, мамам: “Бетің бөртіп кетеді” – деп бермейді… – дейді. Осы сәтте елуді еңсерген толық аспаз ағасы: – Беремін ғой, шырағым… Бірақ бетіңнен сүйсем ғана беремін, – дейді қырсыққанда. – Болмайды, мама ұрсады. – Мамаңа білдірмейміз. – Онда папам маған шоколад әкелмейтін болады. Аспаз ағасы жүгіріп жүрген баланы ұстап алып: – Сен сүйгізбесең де мен бәрібір сүйіп аламын, – деп, баланың қарсылығына қарамай «сол жақ» бетінен сүйіп алады. Көп өтпей үйге шақырылған қо­нақтар келіп жайғасады. Өң­кей ығайлар мен сығайлар… Ара­ла­рындағы мешіттің имамы бір әңгі­мені айтып отырғанда үйдің ерке баласы томсырайып келгенде әкесі: – Балам, не болды? – деп шошып кетеді. Балада үн жоқ, қабағы қату, ерні дүрдиген… Ыңғайсыздықты сейілтпек бол­ған мешіт имамы: – Батырым, не болып қалды? Айт­шы, кәне! – дегенде, бала бол­ғанды баяндап: – Анау аспаз ағай… Бағана «мамамның бетінен» сүйіп алды… – деген екен

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Comments