Автонесиелеу: отандық өндіріс халықтың сұранысын қамти ала ма?

2484
Adyrna.kz Telegram

16 мамырдан бастап елімізде жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылып, арзан көлік алғысы келгендер автосалондарға ағылды. Халық банктерге кезекке тұрып, автонесие алуға асықты. Осылайша он күн ішінде 14 мыңнан астам қазақстандық автонесие алуға өтініш беріп, оның 5 мыңға жуық өтініші мақұлданды. Бұл туралы республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди айтып берді. Оның айтуынша, бір аптада аталған бағдарлама аясында 34 адам көлік сатып алған. Біз осы бағдарламаның шарттарын талдап, оның тиімділігі жайлы сарапшылардың пікірін едік.

Автонесиенің шарттары қандай?

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, автокөлікті несиелендіру шарттары мынадай: сыйақы мөлшерлемесі – 4%, қаржыландыру мерзімі – 7 жыл, бастапқы төлем — 0%, несие мөлшері – 10 миллион теңгеден аспауға тиіс.

Несиелеу екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Қазіргі таңда бұл тізімде «Халық Банк», «Еуразиялық банк», «Банк Центр Кредит», «Forte Bank» акционерлік қоғамдары бар. Бұл — әзірше нақты тізім емес, алдағы уақытта Индустриялық даму қоры бағдарламаға тағы да қатысушы серіктестерді қоспақ.

Екі-үш күннен бері аталған банктердің бірқатары автонесиеге бөлінген қаржы лимиттен асып кеткендіктен, тұрғындардан өтініш қабылдамай жатқандарын жеткізді. Мәселен, «Еуразиялық банк» АҚ жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатқанын мәлімдеді. Себебі банкке бөлінген 15 млрд теңге түгел игерілген.

— Келесі айда екінші транш бөлінген кезде қайтадан қабылдауды бастаймыз. Біздің банкке жалпы 35 миллиард теңге қаражат бөлінеді. Оның 15 миллиард теңгесі осы апта ішінде клиенттерге несие ретінде беріледі. Яғни, 15 миллиард теңгенің өтінімі мақұлданып отыр. Қазіргі уақытта өтінімдерді қабылдамаймыз, — деді «Еуразиялық банк» АҚ директорының орынбасары Берік Сабыржанов.

Осы аптада «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева автонесие алып, темір тұлпарлы болған 34 адамның қай аймақтан екенін мәлімдеді.

— Оның ішінде 11-і — Нұр-Сұлтаннан, 4-еуі — Алматыдан, 3-еуі — Ақтөбе облысынан, біреуі — Алматы облысынан, біреуі — Батыс Қазақстан облысынан, 4-еуі — Жамбыл облысынан, 4-еуі — Павлодар облысынан, алтауы — Шымкент қаласынан, — деді ол.

 

«Көліктер салонға 2-3 айдан кейін түседі»

Қазіргі таңда республиканың көп бөлігінде автосалондарда көлік жоқ. Мәселен, бұған дейін бағасы халыққа қолжетімді көліктер иін тіресіп тұратын «Lada», «Hyundai», «Chevrolet» автосалондарының ішінде «Chevrolet»-те ғана көліктер бар. Олардың бағасы — 5,5-6,5 млн теңге аралығында. Бұл бағаға салоннан Chevrolet Nexia немесе Chevrolet Cobalt автокөлігін ала аласыз. Ал аталған екі салонда автонесие арқылы берілетін көлік жоқ, мұнда Renault Duster (12 млн теңге), Hyundai Elantra (11 млн 290 мың теңге), Hyundai Tucson (17 млн 290 мың теңге), Hyundai Sonata (17 млн 190 мың теңге) сияқты қымбат көліктер тұр.

— Қазір бізде бұл бағдарлама туралы толық ақпарат жоқ. Нақты ақпарат келер аптада ғана белгілі болады. Бағдарлама іске қосылғаннан кейін бірқатар тұрғындар банктер арқылы несие рәсімдейтін болып біздің салонға келген болатын. Алайда көлікті рәсімдеу жұмыстары кейінге шегерілді. Жалпы, бұл бағдарлама бойынша Қазақстанда құрастырылған көліктер ғана сатылады. Әзірге бұл талап бойынша елімізде «Аллер авто» компаниясының көліктері сатылып жатыр. Біз — «Астер авто» компаниясының ресми дилеріміз. Алдағы уақытта біз бағдарламаға қатыссақ, тұрғындар Renault көлігін «Еуразиялық банк», «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамдары арқылы бастапқы төлем төлеп, алуларына болады. Қазіргі таңда бұл көліктің бағасы — 12 миллион теңге, — деді Ақтөбе облысындағы «Aster Lada» автосалонының өкілдері.

Ал «Hyundai» автосалондарының өкілдері зауыттар көліктерді құрастырып үлгермей жатқанын айтады. Соның салдарынан халық автокөліктерді кемінде 2-3 ай күтулеріне тура келеді. Жалпы, бұл салондарда 4 пайыздық автонесие бағдарламасы бойынша берілетін көліктердің бағасы 8 миллион теңгеден басталады.

Автосалон өкілдерінің «Көліктер зауыттан келмей жатыр» деген мәліметіне байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың өзі хабарлама жасады

— 4 пайыздық автонесиеге кепілдік алған 4800 адам 2-3 айдың ішінде көлігін алатынына сенімдімін. Бір күнде 10 мың немесе 20 мың, 50 мың көлік шығару мүмкін емес. 2-3 айдың ішінде несие алған адамдарға көлік жеткізуге зауыттардың мүмкіндігі бар, — деді министр.

Ал Қазақстанның автобизнес қауымдастығының стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Қайрат Еламанов қазіргі уақытта 8 мың автокөліктің резервте тұрғанын жеткізді.

— Олардың басым бөлігі — Chevrolet. Өйткені соңғы айларда осы марканың танымалдығы артты. Одан кейінгі орындарда Hyundai, Kia, Jac, Лада көліктері тұр. Автомобиль жеткізуге қатысты айтар болсақ, зауыттар өз жоспарларымен жұмыс істеп, мүмкіндігінше өндіріс көлемін арттыруда. Жалпы, апта сайын дилерлік орталықтарға көліктер жеткізіліп жатыр. Сондықтан да резервтегі 8 мың автокөлік бүкіл бағдарламаға жасақталмаған. Яғни, апта сайын автосалондарға жаңа көліктер жеткізіледі, — деді ол.

Бұл жерде айта кеткен жөн, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының арқасында елімізде азаматтар Kia, Hyundai, Chevrolet, Jас, Lаda маркаларындағы қазақстандық өндірістің жаңа автокөліктерін сатып алу мүмкіндігіне ие болмақ. Алдағы уақытта өндірушілер модельдер ауқымын жаңартса, бұл тізім де кеңеюі мүмкін. Қазір жоғарыда аталған маркалардың ішіндегі ең арзан көлік 5 млн теңге тұрады.

 

Сарапшылар не дейді?

Автокөлік сарапшылары жоғарыда аталған қиындықтардың біраз уақытқа созылып кететінін айтады. Ал оның салдарынан халық көп уақытын жоғалтады, одан бөлек, көліктердің бағасы да қымбаттап кетуі мүмкін. Жалпы, қазір елімізде шетелдік автокөліктердің бағасы шарықтап тұрғаны белгілі.

— Бұл бағдарламаның несие шарттары халыққа өте тиімді. Қазір екінші деңгейлі банктерде пайыздық мөлшерлеме жоғары, тіпті, 20-25 пайызға дейін жетеді. Бұл автонесие халыққа тұрмыстық техникаларды бөліп төлеуге берілген мүмкіндік сияқты тиімді. Мен төленетін несие мөлшерлемесін есептеп қарадым. Мәселен, 7 жыл ішінде бар болғаны 1,5 миллион теңге ғана үстеме қосылады екен. Дегенмен бағдарламаның тиімсіз жері де бар. Ол —  қазіргі автосалондарда сатып алатын көліктің жоқтығы. Барлығының айтатын сылтауы — бір, ол — Ресейге салынған санкция және доллардың қымбаттауы, логистиканың қиындауы. Яғни, шетелден келетін қосалқы бөлшектердің жеткізілу қиындығынан қазір зауыттардың өндірістік қуаттылығы төмендеп, көлік саны азайып қалды. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі отандық автокөлікті өндірушілер айына 10-12 мың көлік құрастырып жатқанын айтты. Оның барлығы өтірік. Себебі 4 пайызбен автонесие арқылы алғысы келгендер қазір автосалондарда көлік таппай жүр. Ал банктерде тиісті қаражат бар. Мәселен, он күн ішінде 37 миллиард теңге игерілген. 4800 өтінімнің ішінде 34 адам ғана көлік алған. Енді ойлай беріңіз, қалған 4700-ден астам адам өз кезегін күтіп отыр. Ал автокөліктердің нақты не себепті салондарға түспей жатқандығын ешкім түсіндіріп айтып жатқан жоқ.   

Сондай-ақ бағдарламаға 100 миллиард теңге бөлінді делік, оған он мың адам көлік алады екен, сол 10 мың адам келесі айдан бастап несиесін төлесе, қайтадан бюджетке, банктерге 1 миллиард 300 миллион теңге қаржы түседі. Бұл жерде 10 миллион теңгенің көлігін 7 жылға алсаңыз, ай сайынғы төлеміңіз 130 мың теңгеден шығады. Демек, бұл жерде 1 миллиард 300 теңге қаржы 10 миллион теңгенің көлігін алуға қайта берілсе, оған бар болғаны 130 адам ғана көлік сатып ала алады. Ал бір жылда небәрі 1500 адам ғана темір тұлпарлы болады. Министрлік көлік өндірісін көбейтеміз, салондарда көлік тапшылығы болматынын айтты. Бірақ ол кезде ақша болмайды ғой. Автонесиелендіруге 100 миллиард теңге аз, бұл бағдарламаға бөлінетін қаржыны кем дегенде 300 миллиард теңгеге дейін көбейту керек, — дейді журналист Диас Нұрақын.

Оның айтуынша, 100 млрд теңге қаржы —бұл Ұлттық қордан, не республикалық бюджеттен емес, утилизациялық алым есебінен бөлінген қаржы. Бұл — 2015 жылдан бері  «ӨКМ операторы»  ЖШС арқылы жиналған қаражат. Соңғы алты жылда утилалымнан 631 миллиард теңге жиналған. Оның 329 миллиард теңгесі отандық автоөндірісті дамытуға жұмсалса, 100 миллиард теңгесі экологияға бөлінген. Ал 100 миллиард теңгесі биыл автонесиелеуге жұмсалып отыр.

— Экология министрі жуырда өз сөзінде биыл бір жыл ішінде 690-700 миллиард теңге утилизациялық алымнан қаржы жинаймыз деді. 2015 жылдан бері қарай осыған дейінгі 6 жылда 631 миллиард теңге жиналғанын білдік. Ол кезде утилизациялық алымның көлемі қазіргіден 50 пайызға жоғары болды. Демек, бұл уақытқа дейін утилалымның қаржысы жекелеген азаматтардың қалтасына кеткен, бюджетке белгілі бір бөлігі ғана түскен. Биыл 700 милииард теңге түсірсек, соның кем дегенде 300 миллиард теңгесін автонесие бағдарламасына жұмсауымыз керек. Жыл сайын осы үрдісті дамытсақ, сонда 4-5 жылда қаншама азамат көлікті болады. Қазіргі статистикаға жүгінсек, еліміздегі көліктердің 56 пайызы — 30 жылдан асып кеткен ескі көліктер. Олар адам өміріне де, экологияға да қауіпті. Сондықтан басқа заңдар шығарып, оны жүзеге асыруға қаражат жұмсағанша, барынша жаңа көліктермен қамтуға күш салу керек, — деді Диас Нұрақын.

Ал қоғам белсендісі Мәулен Алғазының айтуынша, автонесиенің шарттарына байланысты алдағы уақытта мемлекет пен халық арасында даулы мәселелер туындауы мүмкін.

— Бұл бағдарламаға қатысты алдағы уақытта ұйымдастырушы органдар мен халық арасында даулы мәселе туындаған жағдайда, несие алушы сотқа жүгінсе, сот қарайтын ортақ ереже (заң) болуы қажет. Бізде қазір автонесиелендіру бойынша нақты тәртіп не заңдылық жоқ. Автонесие шарттары «шикі» жазылған. Бұл бағдарлама — экс-премьер Асқар Маминнің бұрынғы бұйрығына толықтырулар енгізіліп, соның ізімен жасалған жоба. Бұл бағдарлама министрдің немесе үкімет басшысының арнайы бұйрығымен заңды түрде жүзеге асырылуы керек. Бұйрықта не ережеде азаматтар автонесие алуды қайдан бастайтындығын, қандай мүмкіндіктер не шектеулер қойылатындығын, әрбір кезекке тұрудың механизмі көрсетілуі керек. Мысалы, азаматтарға «Еңбек министрлігінің сайтында сіздің электронды кезегіңіз жазылып тұрады» деген сияқты әділ механизм жасақталып, ережелер бекітілсе, қазіргідей дау болмайды, — дейді Мәулен Алғазы.

Р.S. Үш айдан кейін Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта қаржыландырылатын болды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр хабарлады. «Бұл қаражат револьверлік жүйеде айналып отырады және қайта қаржыландырылады. Ол үш айдан кейін басталады», — деді ол.

Ендігі автонесиенің "жырын" уақыт көрсетеді. Дегенменен оқырмандарға айтарымыз, егер жеңілдетілген автонесие алғыңыз келсе, онда үш айдан кейін автосалонға барып таңдау жасап, банктен несие рәсімдеуіңізге болады. Ең бастысы, бағдарлама сізге тиімді ме, соны есептеп көріңіз!

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер