ЭВМ-ді жаңылдырған қаламгер

3265
Adyrna.kz Telegram

(Ұлтымыздың тұлғалы перзенті, Ұлытаудың ұлағатты ұлы Камал Смайыловтың болмыс-бітімі хақында)

Көрнекті публицист, мемлекет және қоғам қайраткері Камал Смайыловтың туғанына 90 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатыстым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын оқыдым. Конференция Алматыда, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өтті. Басқосуда Қазақстанның Еңбек Ерлері Төрегелді Шарманов пен Олжас Сүлейменов, көрнекті қаламгер Смағұл Елубай, публицист-жазушы Бигелді Ғабдуллин, журналист Ерлан Ақшалов. т.б. руханият өкілдері Камал ағаның өмірі мен шығармашылығы жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, Камал ағамен бір топырақта туған академик Төрегелді Шармановтың естелігі елді тебірентті. Ұлықтау шаралары аясында академия ғимаратынан Камал Смайылов атындағы кинозал ашылды. Тарихы мен дәстүрі бай қастерлі ғимаратта осындай кинозалға орын бөлінуі және оған қазақ кино өнерінде айрықша із қалдырған тұғырлы тұлғаның есімі берілуі өте құптарлық қадам деп білеміз. Камал ағаға арналған іс-шаралар бұл оқу орнында әлі де жалғасып жатыр.

* * *

Жалпы, Камал Смайылов туралы көп айтуға болады. Ол - ең алдымен, қаламы жүйрік журналист. Ұлт ұясы - Ұлытаудан түлеп ұшқан тастүлек. Осы ұлағатты Ұлытаудың әйгілі перзенті, өрімдей жас кезінде сұрапыл соғысқа аттанып, сол тұста талайдың қолы жетпейтін "Комсомольская правда" газетіне емін-еркін мақалаларын жариялап, батыс майданынан күллі қазақ жұртына "Тыңда, Шығысұлы!" деп толғана тіл қатқан жауынгер-журналист Баубек Бұлқышевтің үлгісін ұстанды. Жасынан жазу өнерін игеріп, қаламына қанат біткен қаламгердің бірі боп қалыптасты. Қара сөздің дарабозы Шерхан Мұртаза екеуі "Елім, саған айтам, Елбасы, сен тыңда!" деп басталатын хаттары арқылы халық тағдырын жұрт алдында ашық талқылап, күрмеуі көп мәселенің бәрін жалаңаштап көрсетті. Ел жайын ойлаған екеудің хаты бүгінгі тілмен айтқанда, баспасөздің брендіне айналды. Ол телепублицистиканы, телефильмді, әдеби-драмалық хабарларды қазақ топырағына барынша сіңірді. Ұлттық киноиндустрияны өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Қазақ киносының інжу-маржандарының өмірге келуіне мұрындық болды. Билік биігіндегі, мемлекеттік қызметтегі ел мүддесін көздейтін ұлт зиялысы еді.

* * *

Қазіргі күні энциклопедиялық білімі бар деген ұғымды екінің біріне тели беретін болдық. Ал шын мәніндегі "адам-энциклопедия" Камал Смайылов екеніне ешкім дау айтпаса керек. Осы күні әлдебір дерек табу үшін интернеттің иіріміне түсіп, іздеу арналарын қуалап кететініміз рас қой. Компьютерде бәрі бар. Ал қаламсап пен блокноттан басқа құралың жоқ кезде сол сапырылысқан сан-мың мәлімет Камал ағаның басында жүретін. Кез-келген сәтте кез-келген деректі миының мүйісінен қыл суырғандай етіп алып бере салатын.

Қаншама елде өнеді қанша көмір,
Қаншама елде өледі қанша негр,
Қаншама адам қанша үйде ет асады,
Қанша келін қанша үйде бет ашады,
Бәрін тізіп бергенде Камал аға,
ЭВМ-нің өзі де шатасады, -

деп төкпелеткен арқалы ақын Жарасхан Әбдірәшевтің әйгілі эпиграммасы тектен-текке жазылмаса керек.

* * *

Камал ағаның аузынан шығып, ел қорына қосылған қанатты сөздер де бір алуан көрінеді. Алқалы жиында академик Шарманов осыған орай мынадай бір әдемі мысал келтірді. "Әнуар Әлімжанов сөйлесе, бүкіл әлемнің алдында кінәлі адамдай көрінеді. Ал Олжас Сүлейменов сөз алса, бүкіл әлем соның алдында кінәлі сияқты әсер қалдырады", - депті Камал ағамыз.
Ендеше, біз де сөз құдіретін тереңнен танып, ЭВМ-нің өзін шатастырған біртуар білімдар азаматтың рухын аялай білгеніміз абзал.
Қазір ЭВМ-ді жаңылыстырмақ түгілі, сол жарықтықтың не екенін де әлдеқашан ұмытып кеткен жоқпыз ба?!

* * *

Бүгінгі лексиконымызда көп қолданылатын "бренд", "харизма", "креатив", "тренд", "нетворкинг", "драйвер" деген ұғымдар өткен ғасырдың баспасөзінде жасын ойнатқан, жүзжылдықтар тоғысында өмірден озған Камал Смайыловтың болмыс-бітіміне толық сай келер еді. Мұның өзі - оның өз ұстанымының да, шығармашылық кредосының да жаңашыл әрі өміршең екендігінің дәлелі.

* * *

Камал ағаның қарымды қаламынан туған жазбалар бәрімізді сағындыратын болады әлі...

Бауыржан Омарұлы

Пікірлер