Тәуелсіздігіміздің нәтижесі ретінде ашаршылық құрбандарының нақты санына баға беретін кез жетті - тарихшы

3530
Adyrna.kz Telegram

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның бүгінгі қызметіне және өзге тарихи рухани жаңғыру жобаларының іске асуына білікті тарихшылар қандай баға береді? «Адырна» тілшісінің бұл сұхбаты осы тақырыпқа арналмақ. Аталған мәселелерге қатысты «Адырна» порталына өз жауабын берген тарихшы, «Халық алғысы» марапатының иегері Мэльс Қуанышқалиев болды.

-Мэльс мырза, “Ұлттық рухани жаңғыру” ұлттық жобасының бағыты бойынша мектеп жасындағы балаларды мәдени тәрбиемен қамту қалай жүзеге асуда?

-«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының бағыты бойынша өзім білім беріп жүрген Нұр-Сұлтан қаласы, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясында мәдени тәрбиеге қатысты жақсы жұмыстар атқарылуда. Өзім де куәгер болып, іс-шаралардың басы-қасында жүрмін. Оқушылардың қатысуымен ұлттық тәрбиеге байланысты шаралар, кітап оқуға баулу, әдеби, мәдени кештер, конференциялар, кездесулер жиі өткізілуде. Онымен қоса біздің гимназияның негізгі мақсаты – ұлттық мектеп статусын алу. Көзайым болған жандар да мектептің концепциясына, безендірілуіне таңдай қақпай кетпейді. Себебі, тұтастай ұлттық негізде, ұлттық нақышта, зиялы қауым өкілдерінің сөздері орын алған тақтайшалармен әсемделген. Бір ерекшелігі – тарихи тұлғалардың суреттері мен айтқан өсиеттерінің жанында арнайы QR кодтар қойылған. Оқушы сол кодты сканерлеу арқылы ғаламтордан бейнемәліметтер көре алады. Одан бөлек, арнайы Алаш кабинеті, Мағжан Жұмабаев, Қайым Мұхамедханов, Мұхтар Әуезов сынды тұлғаларға арналған кабинеттер ұйымдастырылған. Осыларға сәйкес білім беру мекемесінің негізгі бағыты да ұлттық-мәдени тәрбие беру. Білім алушы жастар қазіргі заманғы технологиямен жасақталған ұлттық мүдделерді, тарихи тұлғалардың насихатын ұғынар болса, еліміздің болашағын жарқын етері сөзсіз деп білемін. Аталған жоба әр аймақта осындай деңгейде өз жұмысын атқарар болса, «Рухани жаңғыру»-дың жаңа кезеңіне нық қадам басамыз деп сенемін.

Рухани жаңғыру бұл – қазақстандықтардың мәдениеті мен санасын, ұлттық дүниетанымын өзгертетін, қайта жаңғыртатын қозғаушы күш. Ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін тікелей жол осы болғандықтан, мына біз ұстаздар ұлтты тәрбиелеуде баса назардағы жандармыз. Елдің егемендігін сақтап, еркіндігіне сыза түсірмейтін ұлт қалыптастыруда, ұрпақ тәрбиелеуде біздің еңбегімізі тікелей байланыста болады. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн.

-“Оқитын ұлт” жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыруда қандай шаралар қолданған жөн?

-Бұл бағыт бойынша мектеп жасындағы балалар арасында кітап оқу сайыстары ұйымдастырылуда. Әр тоқсан сайын төменгі, орта және жоғарғы буындағы мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты арнайы кітап беріледі. Демалыс уақытында аталған кітапты оқып бітіруге тапсырма беріледі. Демалыстан келгеннен кейін, арнайы сайыс болады. Тест сұрақтарына жауап беру, мазмұны бойынша баяндау бағыттары бойынша бағалау жүргізіледі. Кейін белгілі бір шкалаға қатысты жоғары балл алған оқушыларға тек қағаз жүзіндегі марапат емес, қаржылай сыйлықтар да тағайындалады. Бұл шара жыл басынан бері бірнеше рет өткізілді. Осыған сәйкес оқушылардың қызығушылығы расымен артуда.

Одан бөлек, ұстаздар арасында да осы бағытта кітап оқу тапсырмалары беріледі. Қай саланың мұғалімі болса да жарысқа қатысып, берілген кітаптарды оқиды. Мәселен, бірінші тоқсанда  Оралхан Бөкейдің «Атаукере» шығармасын оқып шықтық. Осы бойынша артынша сайыс болып, жеңімпаздар анықталып, ынталандыру сыйлықтарымен қоса ақшалай сыйлықтар да табыс етілді. Ал осы алдағы жарты жылдыққа берілген тапсырма Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романын оқу. Міне осылайша, біздің мектепте «Оқитын ұлт» жобасы бойынша кітап оқу белсенділігін арттыруға негізделген осындай шаралар ұйымдастырылып, жоба аясы қарқынды жүзеге асып жатыр.

Меніңше, мемлекетіміз немесе жекелеген тұлғалар, кәсіпкерлер кітап оқуға шақыратын арнайы ынталандыру сайыстарын ұйымдастырып отырса кез келген азамат қатысып, өз біліктілігін, дамуын арттыратыны хақ. Тіпті, арнайы мекемелер арасында осындай шараларды өткізіп отырса, мемлекеттік қоғам осылардан құрылады. Әр мектеп, әр мекеме, әр жұмыс орнында жоба бойынша аталған сынды шаралар өткізілсе әрбір жұмысшының қызығушылығы артып, қатысқан жандардың біліктілігі артып, әлбетте жақсы нәтиже береді. Кітап оқу арқылы кез келген адамның сана деңгейі, мәдениеті де, ойлау деңгейі де көтерілетіні анық.

-Отандық мәдени өнімдердің танымалдылығын қалай бағалар едіңіз?

-Қазір көбінің қарайтыны, жоғары бағалайтыны телевизия және музыка жанры. Осы бағытта қазіргі отандық музыка өнеріміз, кино туындыларымыз бәсекеге қабілетті деңгейде. Өзім қарайтын бірнеше бағдарламалар бар. Мысалы, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Парасат майданы», Абай арнасындағы «Сана» бағдарламалары халықтың мәдени деңгейін өсіреді деп ойлаймын. Мұндай туындыларды көбейткен жөн. Жалпы кино өнеріне келсек, қазақ тіліндегі туындыларға деген сұраныс артуда. Оны әлеуметтік желілерден де байқаймыз. Мәселен, ютуб контенті де бүгінгі таңда жоғары бағалануда. Дей тұрғанмен әлі де белсенділікті арттыру қажет. Әсіресе балаларға арналған туындылар көптеп шығарылып, насихатталса... Өйткені қазақылық пен қазақы мәдениет жан баласының бойына бала күнінен сіңіріледі. Бұл сала бойынша «Балапан» арнасының жұмысы жақсы, бірақ соның өзінде сапа жағын жақсарта түссе нұр үстіне нұр болар еді. Көпшілік байқағандай бұл телеарнада тарихи бағыттағы мультфильмдер көбейіп келе жатыр, алайда біздің өнімдердегі бір кемшілік – қозғалыс жағынан ұтыламыз. Байқасақ, балалар ғаламтордан көбіне шет елдік, ресейлік туындыларды қарағысы келеді. Оларда қозғалыс динамикасы шапшаң, берілген сюжет қызықтырақ болғандықтан балапандардың санасының сұранысы – сол. Ал біздің мультфильмдер осы жағынан келгенде кемшіндеу түсіп жатады. Тарихи тақырыптағы, қазақи мәдениетке бой үйрету мақсатында түсірілген анимациялық жобаларды көп байқадым. Алайда, балалардың дәл сұранысындағыдай емес. Креативтілік қосылса, көрермен балақайлар қуана, асыға қарары хақ.

Жалпылай алғанда отандық мәдени өнімдердің танымалдылығы жоғары деңгейде. Оған дәлел кино туындыларымыздың әлемдік деңгейде бағаланып жатқаны. Алайда, бұдан да биік белестерге, бұдан да кең танымалдылыққа жететінімізге сенімім мол.

-Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бүгінгі қызметіне, іске асырған шараларына қандай баға берер едіңіз?

-Бұл комиссияның құрылуы да, жұмыс жасауы да дер кезінде іске асырылған шара. 2020-да құрылып, 2021-жылдан бастап жұмыс істеп жатқаны баршамызға мәлім. 11 бағытта, 11 жұмыс тобы құрылып, елімізге белгілі ғалымдардың жұмылдырылғанына көңілім толады. Бірақ, қоғамды елең еткізерліктей атқарылған шара нәтижесін көрмедік. Бәлкім естімей жатқан шығармыз. Жұмыстар жасалып жатқанымен, бірнеше кедергілер бар екені де белгілі. Біздегі көптеген құжаттардың мемлекеттік архивтерде жатуы, құпиялылығы алынбаған деректердің көп болуы тарихи ақтаңдақтарды ақтау жұмыстарының ақсауына себеп. Осыларға қарамастан жұмыс тоқтап жатқан жоқ. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижені алдағы екі-үш жылда көреміз деп ойлаймын. Өйткені, 750 миллиондай қаражат бөлінген. Соның ең көп игерілетін уақыты 2022-2023-жылдар деп көрсетілді. Осы жылда тарихи тұлғаларымыздың айтулы даталары бар және сәйкесінше сол бағытта атқарылатын шаралар да көп болады деген үміттеміз.

-Саяси қуғын-сүргін құрбандары деген ұғым белгілі бір тарихи кезеңге ғана қатысты болуы керек пе? Біз айтып жүрген “тарих ақтаңдақтары” қай кезеңнің құрбандары?

-Саяси қуғын-сүргін құрбандары деген ұғымға отаршылдық кезеңін тұтас алсақ болады. Себебі, патшалық Ресейдің кезінде қуғын көрген, ең көп қудалау болған уақыт кеңестік кезең. Осы кезеңнің ақтаңдақтарының ақиқатын толық ашса деген мақсат бар. Әрине, көпшілігі ақталуда. Алайда, жаңа айтқанымдай архивтердің құпиялылығы салдарынан тарих шындығы бұрмаланып, жасырын күйде қалуда. Ашылмаған, ашылуын күтіп жатқан құжаттар бар. Соларды тезірек ашып ақтаңдақтардың барлығынан құтылсақ деген ой бар.

-Ашаршылық құрбандарының санын есептеудің бірыңғай методологиясы жоқ сыңайлы. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, қуғын-сүргін құрбандарының саны бойынша нақты бір дерек шығаруға не кедергі?

-Иә, дұрыс айтасыз. Ашаршылық құрбандарының саны әр деректерде әр түрлі айтылады. Сондықтан да, ортақ бір жүйеге келтірілуі керек. Бұл толық бағасын да алған жоқ. Халықаралық тәжірибені ескеретін болсақ, әлем мойындауы бойынша «геноцид пе, емес пе», «әдейі жасалған дүние ме, жоқ па» әлде «әлеуметтік экономикалық салалардың салдары ғана ма» деген сынды түрлі талас көп. Бұған басты кедергі - саяси себеп. Өйткені, көршілес элита ел Ресейдің қабағына қараған алаңдаушылық әлі де бар. Мұндай тақырыптарда үнемі бізге қысым көрсетіліп келеді. Бірақ сонда да, тәуелсіздігіміздің нәтижесі ретінде осыған толық баға беретін кез жетті деп есептеймін. Алдағы уақытта жоғарыда отырған комиссия нақты шаралар жүзеге асырса деген ойдамын.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер