Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жазбасына ФАКТЧЕК

8431
Adyrna.kz Telegram

26 қаңтарда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасында 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі тұрғын үй құрылысы және тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші жайында бірнеше дерек келтірді. Әкім жазған фактілердің қаншалықты рас екенін тексеріп көрейік.

“Қаржыландырудың барлық көздері есебінен біз 662 мың м² тұрғын үйді пайдалануға бердік. Бұл шамамен жеті мың пәтер”.

 Үкім: Шындыққа жақын

Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында 25 қаңтар күні Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаев “2021 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 7 мың пәтер”- деген дерек келтіреді.

Алайда Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сәйкес, ең кейінгі дерек 2021 жылдың 21 желтоқсанында жарияланған ақпаратқа сай, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 2021 жылғы қаңтар-қарашада жалпы алаңы 508,2 мың шаршы метрді құраса, барлық меншік нысанындағы ұйымдар 4543 пәтер салған.

Одан бөлек, статистика бюросында 2021 жылдың 23 желтоқсанында жарияланған ақпаратқа сәйкес, әр ай сайын қанша мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені жайлы дерек анық-қанық келтірілген. М.: қаңтар (57 859), ақпан (34 452), наурыз (54 441), сәуір (13 416), мамыр (34 057), маусым (19 789), шілде (57 486), тамыз (36 470), қыркүйек (88 615), қазан (71 270), қараша (40 380), желтоқсан айы (-). Барлығын қосқанда: 508 235 м².

Облыс әкімі келтіріп отырған 662 мың м² болғанда, желтоқсан айы бойынша - (153 765) болуы керек еді. Статистика бюросының ресми ақпаратында соңғы желтоқсан айы бойынша бұл көрсеткіш көрсетілмеген.

Әкім жазбасына жүргізілген фактчек қорытындысы бойынша, Ұлттық статистика бюросында Тұрғын үйді пайдалануға беру туралы 2021 жылдың толық көрсеткіші әлі жарияланбағандықтан, уақыт аралығындағы көрсеткіш өзгерісін салыстыру методология тұрғысынан дұрыс емес.

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер