Дос КӨШІМ: Мен мемлекетті қалай жақсы көрсем, билікті соншама жек көремін

18598
Adyrna.kz Telegram

Елдегі болған соңғы оқиғалар көптеген саяси өзгерістерге әкеп соқты. Осы өзгерістерге деген белгілі саясаткер, филолог Дос Көшімнің көзқарасын "Адырна" тілшісі сұрап білді.

Адырна: Президент «Жаңа Қазақстан» құру керек деді. «Жаңа Қазақстанды» құру үшін нақты қандай қадамдар жасалуы тиіс?

Дос Көшім: Жаңа Қазақстанды құру үшін екі не үш қадам жасалуы керек. Бірінші қадам: саяси партиялар туралы заңды дұрыстау, саяси партияларды құру ережесін, жүйесін толықтай өзгерту керек. Кез келген қоғамдық саяси топтың саяси партия құруына мүмкіндігі болуы керек. Соның бәрі жасалып болғаннан кейін сайлау туралы заңды толық өзгертіп, сайлау жүйесі тіпті сайлауды жүргізетін адамдардың бәрін өзгерту қажет. Осы қадамдар арқылы құрылған әділетті сайлау арқылы парламент сайлауын өткізу керек. Бұл - екінші. Үшінші, сол парламент сайлауы арқылы келген жаңа парламентке «Жаңа Қазақстанды» жасақтауды, жаңа заңдарды шығаруды тапсырып, өзі және осы уақытқа дейін 30 жыл бойы билікте болған азаматтардың бәрі де кетуі керек.

Не болмаса, өздеріне арнап иллюстрация туралы заң шығарып, сол заңға байланысты бұрынғы билікте болған азаматтардың бірде біреуін қайтадан қызметке келмейтіндей жағдай жасау керек.

Адырна: Қазір Н.Назарбаев құрған жүйе толық аяқталғандай әсер бар. Елбасының туыстары лауазымдарынан айырылуда, бұл билік транзитінің аяқталғаны ма?

Дос Көшім: Жоқ. Н.Назарбаев құрған жүйе кетті, оның дәуірі өтті дегенге мен еш уақытта сенбеймін. Себебі, бұл жүйені құрған Назарбаев емес. Бұл коммунистік партияның құрған тоталитарлық жүйесінің, коммунистік идеологияның заңды жалғасы. Оны 90-жылдарға дейін Еуропадағы екі-үш мемлекет өзгертті. Мәселен Чехословакия, Польша сынды елдер. Олар сол жылдары коммунистік идеологиядан, тоталитаризмнен толықтай құтылды. Ол елдерде біздікіндей емес, сол уақытта жұмыс істеген азаматтардың ешқайсысы билікке қайтадан келген жоқ. Кей Еуропа елдері иллюстрация заңдарын да қабылдады. Сөйтіп олар да ескі жүйеден тазаланды. Одан кейін кеңес үкіметінде бізбен бірге болған республикалар да тазалана бастады. Оған мысалы Балтық жағалауындағы елдерді тілге тиек етіп түрте айтсақ болады. Ал бұл мәселе, Қазақстанға әлі келген жоқ. Назарбаев кеткенмен, бұл жүйе кетпейді.

Екінші мәселе, Назарбаевтың туыстары  жұмыс орындарына шынымен  заңсыз, Назарбаевтың қолдауы арқылы келгені дәлелденсе ғана оларды кетіруге болады. Әрине, өздері де кетіп жатыр дейді, ал егер оларды кетуге мәжбүрлеген болса біз жақсы қоғам бола алмаймыз. Ондай жағдайда, біз «кек алушы» қоғам боламыз. Бірінші адам кетеді екінші адам келеді, екінші келген адам біріншінің адамдарын жазалай бастайтын, қызметінен қуа бастайтын жағдай маған 37-жылғы баяғы «халық жауы» дегенді еске түсіреді. Халық жауының әйелдері де сотталып, балаларына дейін лагерьге алып кетіп жатты. Біз мәдениетті, салауатты ел болуды көздесек ондай дүниеге жол бермеуіміз керек. Иә, өздері кетіп жатыр. Менің ойымша олардың көпшілігі шет елге де кетуі мүмкін. Егер Назарбаевтың атын жамылып, не соның қолдауымен келген адамдар болса, онда олардың өздері кеткені әбден дұрыс.

Адырна: Соңғы өзгерістерге қарап туындайтын тағы бір сұрақ, Ендігі таңда “Нұр Отан” партиясының қоғамдағы рөлі қандай болмақ?

Дос Көшім:  Менің ойымша «Нұр Отан» қоғамдағы рөлін дәл солай сақтап қалады және сақтап қалуға тырысады. Себебі, жоғарыда айтқандай Назарбаев кеткенмен, Назарбаевтың жүйесі кеткен жоқ. Бұл партия да «егіздің сыңары» сияқты коммунистік партияның тағы бір жалғасы. Жұмыс істеу тәсілдері де сол, құрылған деңгейі де сол. Әуелі билікті алып қойды, сосын сол билікті заңды түрде ұстап тұру үшін бәрі жиналды да партия құра салды. Дәл сол коммунистік партияның басшылары билікке қайтадан келді.  Қазақстанның орталық комитетінің бірінші хатшысы бір күннің ішінде президент болды, коммунистік партияны таратып, социалистік партияны құрды. Ақыры аяғында «Нұр Отан» дегенді құрды да соның басшысы болды. Енді соған байланысты партия өзгерсе оның көзқарасы, оның идеологиясы, саяси ұстанымы өзгеріп кетті дейсіз бе? Ол сол бағытта қалды, билікті дәл солай ұстайды және биліктегі жасалып жатқан қазіргі жемқорлықтың барлығы да «Нұр Отанға» тікелей қатысы бар. Себебі, осы жүйені жасауға «Нұр Отан» қолдау жасалған саяси партия есебінде қатысты. Одан ешкім қашып құтыла алмайды және бұл дәлелдеп жатуды қажет етпейтін аксиома. Сондықтан егер партия баяғы 1991-жылғы қыркүйектегідей өзін таратса, онда «құдайға шүкір». Бірақ менің ойымша Қасым-Жомарт Тоқаев та сол жүйеден шыққан адам, сол жүйенің солдатының біреуі, Назарбаевтың жұмысын әрі қарай жалғастырушы. Ол тағы да бір партияны қолдан, жасанды түрде құруы мүмкін. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды» құру үшін жоғарыда айтқанымдай, кез келген саяси топтың саяси партия құруға және таза бәсекелестікпен әділетті сайлауға түсуге мүмкіндік беретін жүйе құрылуы керек. Ең өкініштісі, ондай жүйені мен қазір көріп те тұрған жоқпын, ондай әңгімені естігем де жоқ. Енді қыркүйекте бәлкім бірнәрсе айтатын шығар, себебі президент мырза саяси реформа туралы қыркүйектегі жолдауымда айтамын дегендей қылды. Бірақ, мына Назарбаевтың кезіндегідей экономика одан кейін саясат, әуелі әлеуметтік мәселе деп бөліп қарау болмайды. Бәрі қатар жүруі керек. Адамның бірінші басы өсіп, сосын бес жылдан кейін барып қолы өспейді ғой. Бәрі бір уақытта болатын дүние. Сондықтан мені таң қалдыратыны, саяси реформаға ненің бөгет болып тұрғаны. Сан түрлі саяси ұйымдарды, қоғамдық ұйымдарды, тіпті болмаса саяси тұлғалардың бәрін жина да тапсырма бер, қазірден дайындала бастасын. 20-30 адамның басын бір үстелдің басына жинауға шамасы келмегенін біз 7 ай күтеміз бе? Себебі, жақында болған осы қырғынның бәрінің негізі – газ да емес, негізі – саяси жүйеде.

Саяси жүйе әділетсіз қоғам жасады. Сол әділетсіз қоғамның бір тамшысы ғана қымбатшылық мәселесіне келіп тіреліп жатыр. Осы мәселенің негізі болған саяси жүйенің құрылуын 7 айға ысырып қойғанын мен өз басым түсінбедім.

Адырна: Алдағы уақытта “Қаңтар оқиғасы” қайталануы мүмкін бе?

Дос Көшім: Әбден мүмкін. Себебі, осындай жағдай Жаңаөзенде болған уақытта (Жаңаөзен оқиғасы — 2011 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ереуілге шыққан жергілікті жұмысшылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында болған қақтығыс – журналистің ескертпесі) елде тағы бір көтерілістің қайталануы мүмкін екендігін айтқан болатынбыз. Себебі, мен тағы да айтайын, жүйе өзгерген жоқ!

Біреулер менен сұрайды, «жүйе» деп айта бересіз, «жүйе» дегеніміз не дейді. Мен оны өзімше түсіндіріп берейін. Мысалы, тендер дейміз, тендердің түбінде жемқорлық бар деп бәріміз айтып жатамыз. Енді «сол тендерді жүргізген адамдардың барлығы жемқор, олардың бәрін ауыстыру керек» деген ұран қажет пе? Мәселен, мұрынның астындағыдан өзгені көрмейтін адамдардың айтуымен, «иә осы адамдарды құрту керек, осы комиссия ақшаны бөліп отырған адамдардың барлығы бірігіп жейді» деп әлгілерді алып тастады делік. Бірақ, сол комиссия адамдарын қойған адам – жоғарыда отыр ғой. Ол сол ісін қайталайды. Нағашыларын алып тастап, бөлелерін не жиендерін қояды. Тағы да оны алып тастасақ, одан басқа адамын қояды. Содан соң, тағы бір сәл алысты көретін екінші адамдар бар, сол жоғарыдағыларды алып тастайық дейтін. Ол да дұрыс емес. Себебі, сол адамның сол жерге келгеніне кім кінәлі? Жүйеде сондай заң жасалып қойылған. Демек жүйе оның ар жағында жатыр. Біз сол ар жаққа көз жүгерткеніміз жөн. Осындай тендерлік жүйені жасаған кімдер? Бұл – мемлекеттік билік. Яғни ол мемлекеттік билікке тиімді. Тек қана сол аудандарда тендерді жүргізетін адамдар ғана кінәлі емес. Оларды жүргізетін комиссияны қойған адамдар да кінәлі емес. Осы тендер жүйесін біздің мемлекетімізге енгізіп, ақшаны солай бөлуді ойлап тапқан біздің жүйеміз, сондай заңды шығарған парламент депутаттары және тағысын-тағылары кінәлі. Жүйе дегеніміз – сол. Ол өте кешенді мәселе. Сондықтан біз осыны түсінуіміз керек. «Үкімет отставкаға кетсін» деген ұран – ең ақымақ ұран.

Адырна: Президенттің ҰҚШҰ әскерін кіргізуін қалай бағалауға болады? Неге ондай қадамға барды?

Дос Көшім: Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншіден, расымен де өзіміздің күшіміз, әліміз жетпеді. Екіншісі, президент сол күштік құрылымның басшыларына сенбеді. Меніңше, екінші мәселе басымырақ болған сыңайлы. Өйткені, опасыздық туралы көп айтылды. Опасыздық жасалғанына қатысты көп деректерді біз байқадық. Ұйымдасқан түрдегі қылмыскерлер осы уақытқа дейін қалай дайындалып жүрді, президент айтқандай Таяу шығыстан, Ауғанстаннан және Орталық Азиядан арнайы дайындалған 20 мың содырды қалайша Алматыға жіберіп алдық? Ол жағын нақты білмейміз. ҰҚК ме, ІІМ ме, бірақ билік тарапынан оларға қолдау көрсетілді деген ойдамын. Оны келешек көрсетеді. Қазіргі кезде де ол мәселелер болып жатыр ғой. Сондықтан менің ойымша ҰҚШҰ әскерін кіргізу амалсыздан жасалған жағдай. Бірақ, осы арқылы біз геосаясатта үлкен қателік жасадық. Себебі, ҰҚШҰ-ның да, басқа саяси әскери одақтардың негізгі мақсаты – сырттан келген жаудан қорғану. Бір-біріне тек солай көмектесе алады. Керек десеңіздер, әлемдік тәжірибе бойынша біздің армиямыздың ішкі мәселелерге араласуға ешқандай құқығы жоқ.

Ішкі революция болып жатса да, біз өз әскерімізді пайдалана алмаймыз. Сондықтан, көрші шет елдің әскерінің Қазақстанға ешқандай соғыс болмай енуі – әрине халықтың ызасын тудырды. Демек, ҰҚШҰ енді шындығында да осыдан кейін претендент. Бет-пердесі ашылды деуге болады. Бұл претендент жалпы ҰҚШҰ, ТМД елдеріне ішкі қауіп болып төнді.

Себебі, қазір кез келген елде ішкі жағдайда революциялық деңгейдегі бір қақтығыстар болған уақыттарда бізді көрші елдің әскерлері келіп басады. Яғни диктаторды ұстап тұратын құрал пайда болды. Бірақ, Тоқаев күштік құрылымға сенбегендіктен, оның басқа амалы болмады. Сондықтан, мен мұны іштей қолдадым.

Адырна: Кеше Елбасын мақтап, бүгін даттап жатқандарға деген көзқарасыңыз қалай?

Дос Көшім: Мен бұған түсіністікпен қараймын. Өйткені,  бұл авторитарлық жүйенің заңы, Биліктің принципі. Бәрі емес әрине, ертең 99,9%-ы Тоқаевты «біздің құтқарушымыз» деп көкке көтереді және сол арқылы билікті ұстап тұрудың бұл да бір амалы. Себебі, біз Тоқаевты қолдағанда билікті жақтаған жоқпыз, біз осы қанды қырғында мемлекеттің тұтастығын ұстап қалады деген ниетпен қолдау білдірдік. Мен мемлекетті қалай жақсы көрсем, билікті соншама жек көрем. Екіжүзділік, жағымпаздық деген дүние міндетті түрде болатын нәрсе. Мен оған еш таңғалмаймын. Ертең біреулер Тоқаевқа да арнап өлең шығарады. Баяғыда Брежневтің кезінде біздің біраз атақты адамдарымыз ән де шығарған. Одан кейін Елбасымыз туралы ән де шықты, күй де шықты, кино да шықты. Бұлардың барлығы қолдан жасалған жеке басқа табынушылықтың бір сипаты. Осындайдың Тоқаевқа да келуі әбден мүмкін. Себебі, жүйе сол баяғыдай. Жүйе бір адамды алға қойып, соның төңірегінде бірігеді. Бір адамды ақылды қазақ, бір адамды беделді қылады. Бірақ оны беделді қылып отырған оның – президенттік орны. Ертең ол кетіп, бір жерде шопыр болып жүрсе, оны ешкім ақылды деп айтпайды. Оның сөзін ешкім жазып қоймайды. Тоталитаризмнің негізі – осы.

Адырна: Жағымпаздық сценарийі қайталанауы мүмкін дейсіз ғой?

Дос Көшім:  Қазір де қайталанып жатыр және қайталанады да. Бұл пендешілік қой. Сол Назарбаевқа жұмыс берген, соның шашбауын көтерген адамдар қазір Тоқаевтің әкімшілігінде дәл сондай қызметке қайталап келіп жатыр. Ескі Қазақстанды орнатқан адамдар, қалай «Жаңа Қазақстан» құрмақ? Оның ішінде Тоқаев та бар. Енді олар қалай «Жаңа Қазақстан» жасайды?

Сұхбаттасқан: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер