"Ұрып-соғуды тоқтатыңдар!": Қуат Хамитов Тоқаев пен Тұрғымбаевқа видео үндеу жолдады

6715

Қазақстандық танымал спортшы,  ММА файтері, аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІМ Министрі Ерлан Тұрғымбаевқа видео үндеу жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ол Мемлекет басшысын елімізде орын алып жатқан бейберекетсіздікті дереу тоқтатуға шақырды.

- Нақтырақ айтсақ, коменданттық сағат пен терроризмге қарсы күресті тоқтатуға шақырамын. Себебі, мен біздің халық арасында ешқандай террорист жоқ екенін білемін. Айналамызда қазір не болып жатқанына келер болсақ, құқық қорғау органдарына ерік беріп қойды және олар нағыз жаппай тәртіпсіздік жасауда! Митингке мүлде қатыспаған адамдарды ешқандай мән-жайды түсіндірместен алып кетеді, оларды ұрып-соғады және бар қылмысты өз мойындарына алуға мәжбүр етеді. Маған сеніңіздер, сол жерге жеткізілгендер, қаласа да, қаламаса да, өз мойындарына бәрін алады. Сондықтан, Президент мырза! Мұны тоқтатыңыз, болдырмаңыз! Себебі, біздің елде террористер болған күннің өзінде, мұны ҰҚК, ІІД, ІІМ білмей, олар біздің елге кіре алмас еді, - деді Қуат Хамитов.

Қуат Хамитов қазірдің өзінде біреудің ағасын, туысқанын, отбасы мүшесін ешқандай мән-жайды түсіндірместен алып кеткені туралы айтты.

- Маған күнде біреудің жанұясын, ағайын-туыстарын ешқандай себепсіз алып кетіп жатқаны жайлы мыңдаған хабарламалар келеді және оларды өз мойындарына кінә алуға мәжбүр етіп жатыр. Бір отбасын атып тастады, кішкентай қыз өлтірілді. Бұның бәрін бәріміз жаңалықтардан да, интернеттен де көріп отырмыз. Мұны қалай түсінуге болады? Мұны істегендер неге сотталмайды? Неге олар жазасыз қалады? Бұл қандай заң? Қалай? Бұл терроризм болмаса, терроризм деп нені айтуға болады?, - деп күйінді қазақстандық спортшы.

Сонымен қатар Қуат Хамитов бейбіт митинг орын алған күні жараланған адамдар ауруханаларға түскенін, олардан соңғы қоңырау сол жақтан болғанын, содан кейін олар мүлде байланысқа шықпағанын атап өтті.

- Сөйтіп ауруханаға туысқандары іздеп келсе, оларға біреулер келді де, оларды алып кеткен дейді. Олар қайда алып кетті? Әрине, қарапайым адамға кез-келген жараланған адамды алып кетуге рұқсат етілмейді. Бұл "корочкасы" бар адамдар екені барлығына түсінікті. Олар "корочкасын" көрсетті, сөйтіп алып кетті. Оларды қайда апардыңдар? Демек, адамды табу бүгінгі күннің басты мәселесі ме, әлде қалай? Барлық жерде камера бар, егер сіздер жоғалып кеткен қарапайым халықты таба алмасаңыздар, онда қандай да бір террористерді қалай табасыздар? Неге бұл іспен ешкім айналыспайды?

- Соңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне өтініш білдіргім келеді! Неліктен барлық болған заңсыздықтардан, тәртіпсіздіктерден кейін Ішкі істер департаментінің бастығы әлі өз орнында отыр? Осының бәрінен кейін сіз неге халық көшеге шығады дейсіз. Әрине, сіз өзіңіз халықты көшеге шығаруға мәжбүрлеп, арандатып отырсыз. Әлде мұның бәрі сіздің пайдаңыз үшін бе? Неге менің де, өзгенің де басынан өткерген заңсыздықтан кейін адамдар жоғалып, еш мән-жайды түсіндірместен заңсыз түрде адамдарды алып кетіп, ұрып-соғып, күндіз-түні барлық кінәні өз мойнына алуға мәжбүр етіп жатыр? Осыдан кейін сіз әлі де адамдар көшеге шығады деп айтасыз! Мүмкін бұл сізге пайдалы шығар? Мүмкін сіз адамдар көшеге шығуы үшін осының барлығын арнайы істеп жатырсыз ба?, - деді Хамитов.

Сөз соңында, қазақстандық спортшы соңғы уақытта, құқық қорғау органдарының жұмысында көптеген заңсыз әрекеттер бар екенін мәлімдеді. "Ақша үшін қолдан террорист жасаған Бішкек азаматымен болған жағдайды алайық. Мені ұстап алып кеткен жағдайды есіңізде түсіріңіз. ІІД бастығы маған екі күн бойы жалынып, видео түсіріп,  барлығын жоққа шығаруымды өтінді. Мен оларға кездесуге барғанымда, менің сөздерімде ешқандай ереуіл, атыс, төбелес болмағанын айттым. Мен өз халқым үшін кездесуге бардым. Осының нәтижесінде олар мені видеоға түсіріп алды. Шамасы олар мені ұятқа қалдырғылары келді. Ал мен өзімнің халқым үшін, жақсылық үшін іштегі эгомды, өзімді аттап өтуіме тура келді. Менің ойымша, соңғы уақытта құқық қорғау органдары біреудің тапсырысын орындап отыр немесе өз жұмысын пайдакүнемдік мақсатпен істеп жатқан сияқты" - деді Қуат Хамитов өз инстаграм парақшасында. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket