Кері байланыс
+7 707 676 6977
adyrnaportal@gmail.com

Шәрипа апа: Жас кезімде екі қап ұнды оп-оңай арқалап кете беретінмін

8495
Adyrna.kz Telegram

Бойында қара күш бар болса, ауыр атлетикаға қатысудан қорықпау керек", – дейді Шарипа апа. / Фото informburo.kz

Шәрипа апа жастайынан қара жұмыспен айналысқан. 15 жасында 50 келі қапты иығына артып кете беретін болған. Бұған жиырма бестен асқанда тағы бір қапты қосыпты.

Қиыншылыққа қарсы тұрар "иммунитет" бала кезден қалыптасқан

– Екі жасымда әкеден айырылдым. Сұлбасы да есімде жоқ. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы Жаңаталап совхозынан үшінші сыныпты бітірген жылы көштік. Камал Бердәулетов деген кісі "Аққыр" деген қой шаруашылығын ашқан соң, сол жаққа қарай бет алдық. 8 сынып оқып жүргенімде-ақ, ауыр жұмыстарды істей бастадым. Шелекті иін ағашқа іліп, бір шақырым жерден 30 литр суды таситын едім. Анама жаным ашып, дүкеннен бір қапты ұнды өзім көтеріп әкете беретінмін, – деп Шәрипа апа өткен өмірін еске алды.

"Әттең, әкем болғанда осындай қиналмас едім"

– Баласын еркелетіп жатқан әкені көргенде, осы ой үнемі мазалайтын, – дейді Шәрипа апа. – Ес білгелі нағашымыздың үйінде тұрдық. Ер адамның жұмысының бәрі менің мойнымда болды. Сізге өтірік болып көрінер, қыз болып, үй сыпырған емеспін. Тамақ та істемейтінмін. Есесіне, қораның қиын тазалайтын да, отын жарып, сиыр сауатын да мен едім, – дейді.

Сол сәттерде іштей қынжылса да, мойымады. Тұңғышы шетінеп кеткен кездегі күйзелісін есіне түсіргісі де келмейді.

Есесіне бойындағы қайсар рухтың арқасында бүгінде екі ұлын ұяға, үш қызын қияға қондырған. 15 немересі мен екі шөбересінің сүйікті әжесіне айналып отыр. "Кенжемді үйлендіру үшін "Тақиялы періштедегідей" болып кетемін-ау" деп әзілдейді.

"Сауыншы емес, тракторшы болдым"

– Бағыма қарай тура мектеп бітіргенімде ауылшаруашылық саласына арналған техникалық бағыттағы оқу орны ашылды. Оған дейін болған емес. Құрылысшы, сауыншы, тракторшы деген мамандықтардың арасынан жаныма жақыны – трактор айдау болды. Әлі күнге дейін құжаттарым сақтаулы тұр. Егін егіп, жер жыртып нәпақамды тауып жүрдім. Тіпті тракторым бұзылып қалса, өзім жөндеп алатынмын. Бұл – ауыр техника ғой. Әрбір тетігін майлап, күтіп ұстауға тырыстым, – дейді Шәрипа апа.

Өзге әйелдер секілді тырнағын бояп, сәнді көйлек киген жоқ. Жігіттер жүрексінетін техниканы тізгіндеген оның тракторда отырып түскен суреті де сақталмапты.

"Лениншіл жас" газетіне "Тракторшы қыз"деп мақала да жарияланған

Тракторшы адамның жұмысы таң сәріден басталып, кеш қарая бір-ақ бітеді. Совхоз басшылары еңбегін бағалап, алғыс хат та берген екен кезінде. Өкінішке қарай, бұлардың бәрі тек өткен күннің елесі болып қана қалған. Назар аударып, құнттамаған.

– Мойындау керек, үйдің тірліктерін жасағаннан гөрі маған трактормен жер жыртып, егін орған оңай көрінетін. Сенесіз бе, маңдай тердің арқасында ауыл депутаты болып, партия мүшелігіне ұсынылдым. Бірақ, аяқ астынан мені алып қашып кетті де, бәрі қалды, – дейді Шәрипа апа.

Көне заман әйелдері қазіргі спортшыдан да күшті болған

Қара жұмыс сүйекке тікелей әсер етеді. Уақыт өте келе дене бітімі мен пошымы өзгереді. Айта кетейік, Кембридж университеті Археология және антропология кафедрасының ғалымы Алисон Макинтош пен оның әріптестері б.з.д. өмір сүрген әйелдер мен қазіргі заман әйелдерін салыстырды. Мамандар 89 ірі сан жілік пен 78 иық сүйегінің үлгілерін пайдаланған. Заманауи қыздардың рөлін жүгірушілер мен ескекшілер атқарған. Сүйектерінің пішіні томография, ал бұлшық ет күші белгілі бір жаттығулардың көмегімен анықталыпты.

Мыңдаған жылдар ішінде әйелдердің аяғы еш өзгермегені Science Advances журналында жарияланған мақалада жазылған. Бұл жерде сүйек тығыздығы мен аяқ пішініне қатысты айтылып тұр. Ал неолит заманында өмір сүрген әйелдердің білек күші қазіргілермен салыстырғанда, 16%-ға қайратты болған көрінеді.

Бертін келе әйел адамның қолының күші әлсірей бастапты. Қола дәуірінде өмір сүргендердің қолдары қазіргі заман әйелдеріне қарағанда, 9%-ға ғана қуатты болған екен.

Ғасыр өткен сайын әйел жасайтын қара жұмыс түрлері азайды. Осылайша олардың қол бұлшық етінің күші де төмендеді. Осы тұжырымдардан-ақ, Шәрипа апаның бойындағы қара күшті шамалай беруге болады.

Шеше көрген тон пішер

Шәрипа апаның анасы – тігінші болған. Кеңшардағы мектеп оқушыларының киімдерін тіккен. Қызына түкті кілем тоқуды үйретіп, кәдесіне жарата білген.

Шарипа апа ұршық иіріп, тоқыма тоқығанда ерекше демаламын дейді

Шарипа апа ұршық иіріп, тоқыма тоқығанда ерекше демаламын дейді / Фото Informburo.kz

Ұршықпен жіп иіріп, әрбір екі өріс жібіне шалу арқылы жасаған. Олар көбіне қос шалымды, кейде бір жарым шалымды тұзақша түрінде болады да, ұшы бетіне шығарылып, қырқылып тасталады. Апаның айтуынша, қазір түкті кілемді қолдан тоқығаннан гөрі машинамен тоқылғанын сатып алған тиімді. Секунд сайын өзгерген қоғамның көшінен қалмас үшін техника көмегіне жүгінген де құп.

– Анамның тәрбиесі қаныма сіңгеннен болар, зейнетке шыққаннан кейін тоқыма тоқып, құрақ құрай бастадым. Ертерек бастағанымда, бәлкім кәсіпке айналдырып алар ма едім, кім білсін?! Қазірдің өзінде құр отырғанша, маталардың қалдығынан көрпеше құраймын. Туыстарымыздың қызы ұзатылса, құрақ көрпешелері менің мойнымда, – деп күледі Шәрипа апа.

7-8 жыл бойы 15 литрлік майсауытты көтеріп, пойызға май құйған

Екінші қызы дүниеге келгеннен кейін ғана шетінеп кеткен тұңғышында сезінген күйзелістері ұмытыла бастапты. Сол кезде Тараз қаласындағы темір жол вокзалына пойыздарға май құюшы болып жұмысқа орналасады.

Айлығы шайлыққа жетпейтін болған соң, жұмыстың ауырлығына қарамай май құюшы болып ауысады. Үстінен мүңкіген майдың иісі шықса да, ынтамен жұмысқа кірісіп кеткен. 15 литрлік бөшкені ары-бері көтере бергеннен бауырға салмақ түскендіктен оны қойып, теміржол машина стансасына жол бақылаушы болып жұмысқа кіреді.

"Еркелеп жүрген жүкті әйелді көрсем, ашуым келеді"

– Жүкті болып жүргенімде, рельс астындағы төсеме ағаштарды лақтырған кездерім де болған. Өзімді "аяғым ауыр-ау" деп елеген емеспін. Босанғаннан кейін де, қалжа жеп, терлеп жатпаппын. Міне, қазір осындай қиыншылықпен дүниеге келген Қанат деген үлкен ұлымның қолында тұрып жатырмын. Осы балам ержетіп әскери қызметке орналасқалы бері, қиыншылықтан көретін көз жасымыз тиылды.

Балалық шағымда еркелеуді білмедім. Тұрмысқа шыққан соң да, еркелей алмадым. Қазір жүкті екенін міндетсінетін келіншектерді көрсем, алақанына салып отырған күйеуі мен ата-енесіне алғысын айтса екен деймін, – деп сөзін жалғады.

"Шемішке де саттым"

Шәрипа апа қиындықтан есейе келе де арыла алмапты. Енді өз-өзіме қолым жетті дегенде, жұмыстан қысқарып қалады. Ол кезде күйеуі де жұмыссыз еді. Оның үстіне жетінші ұлына аяғы ауыр екен.

– Жұмыс жоқ. Бірақ көп балаға тамақ керек. Амалсыздан күнбағыс өсіріп, шемішкесін бабымен қуырып вокзал маңында сатуға шықтым. Қиналдым, полицияның қуғанына да шыдадым, – дейді көзіне жас алған Шәрипа апа.

"Дәрігерлер ұлымның құлағына операция жасап, одан сайын керең қылды"

– Кенже ұлым Асылбектің құлағының мүкісі бар болды. Соған байланысты сегіз жасында сабақ үлгерімі нашар болғаннан кейін ақыл-есі кем балалардың мектебіне бердім. Сол жерде 9 жыл оқып шықты. Футболға қатысып, жеңіл атлетикадан талай кубокты иеленген кездері де болды.

Бертін келе есту қабілетін қалпына келтіру мақсатында операция жасатып едік, бірақ, керісінше құлағы тас керең болып қалды. Қай жерге жасатқанымызды, нақты айтпай-ақ қояйын. Кесірім тиіп кетпесін. Қазір, әйтеуір, еміс-еміс естиді.

Мүгедектігіне байланысты еш жер жұмысқа қабылдамайды. Ол да – қара күштің иесі. Жүк тасып қызмет етеді. Баспаналы болуға тіркеліп қойдық. Асыға күтіп жүрміз. Осы мәселе шешілсе, кенжемді үйлендірсем деген ойым бар , – дейді бізбен армандарымен бөліскен Шәрипа апа.

Сынықшылық – өз қолын өзі салып алған кезден басталған

Шәрипа апа 49 жасында Жамбыл облысындағы, бұрынғы Луговой ауданынан (қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы) 60 шақырымдағы құмда албарға (базға) қарауыл болған екен. Ол жер – жапан түз, айдала. Көрші түгілі, ат шаптырым жерден жан адамды кездестіру қиын. Жол-жөнекей жолаушылар соғып кетпесе...

– Қыстыгүні қойшылар келіп, қыстайтын. Сол кезде ауылға барып, соғымбасына тұрғындарды шақырып келетінбіз. Ерттеп, мінгелі жатқанымда атымның сүрініп кетпесі бар ма? Құлап, оң қолым күрт сынып кетті. Екі тақтайды екі жағынан байладым. Екі күннен кейін ғана қалаға қатынайтын көлік келіп, рентгенге түскенімде жабық сынық деп, қолыма гипс салып берді. Оны біраздан кейін лақтырып тастадым да, уқалап өзім жазып алдым. Содан бері сынықшылықпен де айналысамын, талай адамның сауабын алдым, – дейді Шәрипа апа.

Шәрипа апа иттің де, қозының да шыққан аяғын салып береді

– Олар да – тіршіліктің иесі. Иесі дер кезінде аңғарып, алып келсе салып беремін. Ол үшін ештеңе сұрамаймын да. Қажеті жоқ. Алғысын айтып, тиын-тебенін тастап кететіндер бар, әрине. Оны да жасырмаймын.

Әсіресе, қыстыгүні құлап, иығы, бұғанағы, тобығы, қолы шығып кететіндер жиі келеді. Үйімнің алдында кезекпен тұрады. Анам айтушы еді: "Елге жақсылық жасасаң – бала-шағаңның нәсібі", шүкірміз қазір.

Елу жасында ала дорбасын арқалап, Астанаға келеді

Анасы дүниеден өткенде, Дәметкен деген жеңгесі: "200 теңгеге күнің қарап отыр ғой. Одан да Астанаға жұмысқа жүр", – деп ақылын айтады. Мұнда көшіп келгеннен кейін "Думан"ойын-сауық орталығына аула тазалаушы, көгалдандырушы болып жұмысқа кіреді.

– Ол кезде жасым елуге таяп қалған еді. Ауыр қара жұмысқа жарамайсыз дегендер де болды. Бірақ қайратымды көріп, сенді. Ақ Орданың, Цирктің, Думанның жанында жайқалып тұрған ағаштарды біз еккенбіз.

Тізеден қар жауғанда, жалғыз өзім күреуші едім. Мені көрген жастар таң қалатын. Күзетші жігіт: "Апа, балаңыз жоқ па? Неге ауыр жұмыс істеп жүрсіз?" деуші еді. Көпбалалы екенімді, 53 жасымда зейнетке шығу үшін күндіз-түні дамыл таппай жүргенімді айтатынмын, – деп Шәрипа апа көз жасына ерік берді.

"Аязби әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл" деп жыртық шапанын төрге іліп қоюшы еді. Сол секілді Шәрипа апа бұрын жұмыс істеген жерлерінің маңынан өтіп бара жатқанда, ұлына: "Балам, осы жерде анаң 30-40°С суықта биттің қабығындай жұқа күпәйке, гәлөшпен қар күреген. Жаман лашықта да тұрдық. Болдым деп толма, бәрін еске алып жүр" деп айтып отырады екен.

Теледидардан, тіпті сериалдан тағдырлас адамдарды көріп қалса, көзінен жасын тыя алмай қалады. Тағдыр тауқыметін тартқан күндерін еске түсіргісі келмесе де, көз алдына көлбеңдей береді.

"Алғашқы зейнетақым 18 мың теңге болды"

– Тағдырымды оқыған жұрт "күйеуі қайда жүр?" деп сұрайтын болар. Ол кезде оның қайда екенін өзім де білмейтін едім. Қиыншылыққа төзбеген болу керек, сол сәттерде бізді тастап кетті. Кейін қайтып келгенде, есігімді жапқан жоқпын.

Қазір балаларым аяқтарына тұрып қалған. Қарсы болғандарына қарамастан жұмыс істегеніме өкінбеймін. Зейнетке шыққанда тұңғыш рет 18 мың 500 теңге алғаным әлі есімде. Көзім жарқ ете қалды. Күнделікті нанымызды тапқанға мәз болып жүруші едім. Ондай ақшаны көрмегелі қай заман? 2004 жылы құны бар еді ғой, – дейді Шәрипа апа.

Қазір 95 мың теңге зейнетақы алып жүр. Зейнетке шыққаннан кейін де басшылық жұмыс істей беруге рұқсатын берген екен. Бірақ, апаның жалғыз сіңлісінің келіні қиын жағдайда қайтыс болады. Осы кезде бауырына демеу болыпты. Оның үстіне жұбайы өмірден өткен. Осыдан кейін зейнетақыны қанағат тұтқан. Немере-шөберелеріне тәттілерін пісіріп те, келіндеріне көмектесіп те отыр.

"Подобедова, Манеза, Чиншанлодан асып, Жаппарқұл сынды чемпион болар едім"

Жастайынан қара жұмыстан қабырғасы қайысқан Шәрипа апа өмірде өз орнын таба алмай, кедейшілікпен күн кешкен жандарды көрсе, екі қолды қусырып, қарап отырғаннан деп ұғынады.

– Қазір өмірімді тізбелеп еске алсам, ауыр атлетикаға баруым керек екен. Әпкем байланыс саласын, сіңлім медтехник мамандығын бітірген-ді. Ал, мен тракторшы болуды қалаппын. Содан бері ауыр жұмыспен достасып келдім. Қара күшімді спортқа арнағанымда, осы қалпымда армандап отырмас едім. Әйтпесе, допинг сынамамен ұсталған үш бірдей спортшымыздан озып кетер едім. Кез-келген қара күш иесін жақсылап тәрбиелесе, жоғары нәтижені көрсетеді, – деген Шәрипа апа қолындағы 32 келі кір тасын ұршықша иірді.


informburo.kz

Пікірлер