Латын әліпбиі: Өзбекстанда сауатсыз адамдар саны көбейген

2173
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстанда аға буын латын әліпбиінде, ал жастар кириллицада оқи алмайды. Салдарынан сауатсыз адамдар саны көбейіп кеткен деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Podrobno.uz" юасылымына сілтеме жасап.

Философия ғылымдарының докторы, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Гүлнора Мансурованың айтуынша, қазіргі әліпбидің өзгеруі өзбек тілінің дамуында өте үлкен кері әсерін тигізген.

Ол өзбек мектебінде оқыған балалар мен жастардың кириллицадағы өзбекше кітаптарды, газет-журналдарды оқымайтынын атап өтті.

— 30 жасқа толған жастардың барлығы дерлік орыс тілін мүлде білмейді. Орыс тілін білмейтіндер ең қарапайым сөздерді жазуда көп қателіктер жібереді. Ойланбастан сөз қалай айтылса солай жазады. Соңғы 30 жылда адамдар сауатсызданып, әдебиет туралы қарапайым түсініктен де айрылып қалғанын айта кету керек. Бұл, айтпақшы, Ресей азаматтарына да қатысты. Білім нөлге дейін төмендеді. Мұның себебін түсіндіру өте қиын, — деп атап өтті маман.

Ол білім беру жүйесіндегі мұғалімдердің өздері сауатсыз жазатынын айтты. Профессордың айтуынша, әліпби реформасы тығырыққа тірелген.

— Неге олар әліпбиді қабылдап, оны 30 жыл бұрын жүзеге асырмады? Ешкім нақты жауап таба алмайды. Неге әріптер бірнеше рет өзгертілді? Бірақ, бір айтарым: қазір газеттер латын әліпбиімен шығатын болса, оны ешкім оқымайды. Өйткені газеттерді негізінен ересек ұрпақ оқиды. Жастар мүлде кириллицада ештеңе оқымайды, — деді Г.Мансурова.

Профессор өзбек тілінің жаңа терминологиялық сөздердің пайда болуымен байығанын атап өтті. Дәл солай кірме сөздер де көбейіп кеткен.

Мансурова сауаттылықты арттыру және тіл дамыту үшін қажет әрекеттерді атап өтті. Оның ішінде "латын әліпбиімен басылған кітаптар аз болғанша, балаларымыз әбден абдырап қалғанша" кирилл әліпбиінен кету керек деп есептейді.

— Меніңше, өзбек тілін меңгеру оңайырақ болады және 70 жыл ішінде кириллицада жазылған өзбек кітаптарының көп санын латын тіліне аударудың қажеті жоқ, — деді сарапшы.

Профессор өзбек тілінде іс қағаздар дайындаудағы мәселелерге де тоқталды: "Кейбір елдерде 2-3 ресми тіл бар, оларда ешқандай қиындық жоқ. Бізде әлі де тілдерді оқытуда көптеген мәселелер кездеседі" — деді ол.

Айта кету керек, біздің елімізде жаңа қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы 2021 жылы 28 қаңтарда таныстырылды. Дегенмен әлі қолданысқа енгізілген жоқ.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер