Бекболат ҚАРЖАН.Неге қазақтың дарынды жігіттері салафизмнің қақпанына тез түседі?

6545
Adyrna.kz Telegram

Текесақал-1

Бір үзік өмір...

Дарынды, технократ жігіт еді... Өте қатты қателесті...

Университеттің жатақханасында менімен бірге Самат деген жігіт тұрды. Өте дарынды жігіт еді. Математиканы, физиканы, теориялық механиканың  күрделі есептерін керемет шығаратын еді. Дарынның нақ өзі болатын. Техникалық пәндерден нженерлік сызбаларды да сауатты сызатын еді. Үнемі ізденісте жүретін. Университетті қызыл дипломға бітіріп шықты. Біз жатақханадағы көрші ұл-қыздармен жақсы тұратын едік. Ойын күлкінің бәрі болатын. Кешке футболға, волейболға алаңа түсетінбіз, қыздар мен жігіттер қаланы серуендеп қыдыратынбыз. Расын айтқанда, біздің студенттік шақтарымыз сондай керемет өтті. Сызбаларды, дипломдық жобаларды жазып көп ақша табатынбыз. Ақшадан қысылмай жүретін едік. 2004-2006 жылдар аралығында біздің елде діни миссионерлер қаптап жатты. Оның ішінде сақалы бар мұрты жоқ, шалбары бар, балағы жоқтар біздің айналамыздағы жігіттерді өздеріне жапырып, тартып алып кетті. Соның ішінде қазақтың аңғал, дарынды жігіттері кетіп жатты. Бір таң қалатыным, әлгі сақалдылар бөгде адамды жатақханаға  кіргізбейтін күзетшілерден де өтіп кіріп кететін еді. Қалай кіріп кететінін де өзіміз түсінбейміз. Күнде кешке жатақханаға кіріп алып, уағыздарын айтып жатты. Тілдері өте майда, жігіттерді тартып алып, қатарларын көбейтіп жатты. Құраннан аяттар айтады. Мен айтқан аяттарды жазып алып, оның дәлдігін Құран арқылы тексеремін. Тұп-тура сәйкес келіп жатады. Менің жанымдағы студент жігіттердің бәрі соларға қосылып, намаз оқып кетті. Мен де намаз оқыдым. Солармен бірге мешітке бардым. Шариғатты тыңдадым. Салафизмнің қақ ортасында жүргенімді ол кезде аңғармадым да, білмедім де. Бір күні кешке мешіттен келгенімізде артымыздан сыбыс шығып, 19 баланы Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөліміне аяқ қолдарын қайырып алып кетіп қалды. Ішінде мен де бармын. Комендант бар, деканат бар, басқасы бар, жабылып жүріп жігіттерді шығарып алды. Сосын әлгі сақалдыларға мен екінші рет жоламаңдар деп нақты қадап айттым. Олар маған ақыретте көрісеміз, кім қалай жауап берер екен деді. Мен оларға ақыретте «ақыретті сен менімен шаруаң болмай, өзіңмен өзің болып кетесің» деп, келмейтіндей етіп қайтардым. Кейін жігіттердің біраз бөлігі солардың соңынан еріп, сол бойы кетіп қалды.

 

Самат Құранның бәрін жаттап алды. Күнде таңғы 5-те дауыстап Құранды оқып отырады. Арапшаны студент кездің өзінде жақсы игеріп алды. Ол өте дарынды, ізденімпаз жігіт еді. Өзінің Самат деген атын арапша "Әбдуссамат" деп өзгертіп алды. Мен оның жанында тұрғаннан соң жақсы білемін. Өзімен өзі қалып, ешкіммен сөйлеспейтін болды. Ешкіммен әзілдесіп ойнамайды. Бұрынғы Самат емес. Оның дауыстап Құран оқығанына көрші бөлмедегі қыздар арызданған да еді. Күнде кешке мешіттен шықпайды.

 

Арада сәл уақыт өткеннен кейін мен магистратураға құжат тапсырып, грантты жеңіп алдым. Сосын оқуымды ары қарай жалғастырдым. Бір күні университет маңынан кетіп бара жатып, Саматты көріп қалдым. Жағдай сұрастық. Магистратураға түстім дедім. Ол маған қолын бір сілтеп, «дүниәуи жолға түсіпсің бауырым, одан да дін мен Құранды оқып үйрен!» деді, қатқыл дауыспен.  Бірақ мен де арапша оқып, сауатымды ашып, бірнеше сүрелерді арапша жаттап алған едім. Жанымдағы жігіттермен біз арапшаны мешітте тегін оқып үйрендік. Сол уақытта Саудиядан арапшаны өте жақсы үйрететін адамдар келіп, мешіттерде оқытып жатты. Олардан біз де арапшаны үйреніп жүрдік. Кейіннен мен магистратурадағы оқуымды жалғастырып, инженерлік сала бойынша ізденіске кеттім. Ал менің Самат бауырым Саудияға қарай жол тартып кетті деген хабарды естідік. Ол сол бойы жоқ болды. Арада біраз жылдар өтті. Саматтың қайда кеткенін біз білмейтін едік. Бір күні Самат келіпті деген сөз естіп, біз сол отырған мешітке бардық. Жанымда жатақханада бір бөлмеде кезінде бірге тұрған Нұрланды ертіп алып, Саматқа бардық. Мешітке кіргенімізде Самат айналасына намаз оқитын жігіттердің 20 шақтысын жинап алып, уағызды жіберіп жатыр. Біз шеттен қарап отырдық. Бізге қарап, қарап қояды. Бірақ бізді танысы, кезінде бірге бір қазаннан тамақ ішкен студенттік кездегі бауырларым деп отырған ол жоқ. Сосын мешіттен адамдар тысқа шықты.

 

Біз Нұрлан екеуіміз Саматқа жақындап:

-Ассалаумағалейкум, бауырым! Амансың ба? - деп едік, Самат бізге қараған да жоқ, сәлемімізді алған да жоқ, жанымыздан өтті де кетті. Нұрлан қатты ашуланғанда, мен қоя бер деп кері қайтарып алдым. Көз алдымда өткен күндерде бірге өткен қызықты күндердің лентасы сырғып өтті. Жатақханада гитараны қолымызға алып, әндетіп, қыздарға бір бірімізге су шашып, тамақтарымызға тұзды көп салып қашып кететін, әзіліміз жарасқан күндер жылт-жылт етті. Қандай дарынды жігіт, қандай технократ жігіт... Қай бағытты таңдап кетті? Өте қатты қателесті. Солай...

 

Қайран қазақтың дарынды жігіттері - ай! Қаншама дарынды жігітті көрдім, басқа бағытты таңдап кетті. Жөні түзу идеология мен мемлекеттің қолдауының болмағына осы. Бір кездері математик, физик, инженерияның дарынды студенті осындай түрге еніп, адам танымастай болып өзгеріп кеткен еді. Арада 13 жыл сырғып өтіпті. Мен оны содан кейін көрген жоқпын.

 

(Жалғасы бар...)

Бекболат ҚАРЖАН,
«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер