Қарапайым зат шығарып, көп пайдаға кенелді

3108
Adyrna.kz Telegram

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қажеттілігі, әсіресе қазіргідей індет кезеңінде айқындала түсті. Көрінбейтін соғыстың кесірі кәсіпкерлікке де тиіп жатқаны түсінікті. Тұралап немесе жабылып қалған кәсіпорындарға 15 пайызбен несие беріп, оның 9 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидиялануда. Ал, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 6 және 5 пайызбен өтейді. Субсидиялау мерзімі инвестициялар үшін 7 жыл және айналым қаражатын толықтыруға — 3 жыл. Бұл – бизнес иелері үшін өте оңтайлы ұсыныс.

Қарапайым заттар дегенді қарабайырлап түсіндірсек, бұл – күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер. Олардың қатарында тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өнімдері өндірісі және басқа да тауарлар бар. Аталған бағытты дамытудың қажеттігі туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев та «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» халыққа арнаған Жолдауында атап өткен болатын.

Бұл бағдарламаға шағын және орта бизнес субъектілері де, ірі бизнес өкілдері де қатыса алады. «Қарапайым заттар экономикасы» негізінен 2 бағыттан тұрады. Бірінші – кәсіпкерлік субьектілеріне жеңілдетілген несие бөлу, екіншісі – жоғарыда аталған өнеркәсіп салаларын дамыту. Шымкент қаласында бұл бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерден құны 87,8 млрд. теңге болатын 92 жоба бойынша ұсыныс түскен. Оның ішінде 60-қа жуық жоба мақұлданып, бүгінгі күнге 7,6 млрд. теңгеге 37 жоба қаржыландырылды. Бұл жөнінде кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары мәлімдеді.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін қосымша 23,3 млрд. теңгеге  22 жобаны екінші деңгейлі банктермен қаржыландыру жоспарлануда.

Былтыр жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі өз қаражаты есебінен және оның басқаруындағы қаражаттар есебінен 600 млрд теңге бөлген еді. Оның ішінде 400 млрд теңге – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд теңге – агроөнеркәсіптік кешенде қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңгесі – агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталды.

2025 жылға қарай «қарапайым заттар экономикасы» аясында 16 мың тұрақты жұмыс орнын құрып, бюджетке салық түсімдерін 1,1, трлн теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. Сол арқылы өндіріс көлемі артып, импорт үлесі 37 пайызға қысқарады.

Шымкент қаласында «Қарапайым заттар экономикасы арқылы» қаржылай көмек алып, шаруасын дөңгелетіп отырған шаруа қожалықтары көп. Есепті кезеңде мал басы мен өнімділіктің өсуі байқалып отыр. Мәселен, ірі қара малдың саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,6 пайызға артып 82,7  мың басты, қой мен ешкі 5,7 пайызға артып 112,3  мың басты, ал құс 8 пайызға артып, саны 972,1 мың басқа жеткен.

Көрсеткіштердің  өсуін шаруалар мал шаруашылығын қолдау мақсатында берілген субсидия және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен берілген қолдаудың нәтижесі деп біледі.

Қазірде жүйелі жұмыстарды жүргізудің нәтижесінде осы жылдың  бірінші жартыжылдығында ет 1,5% артып, 8,4 мың тонна, сүт 2,8% артып,  25,7 мың тонна, жұмыртқа 23,1% артып 74,1 млн. дана өндірілді.

Мемлекеттен қаржылай қолдау алып ет бордақылау кәсібін дөңгелетіп отырған «Ет өнімдері KZ» ЖШС. Қаратау ауданы, Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан шаруа қожалықтың жалпы аумағы 5,5 га құрайды.  Сыйымдылығы 3  мың бастық бордақылау алаңында қазірде 1500 бастан аса ірі қара мал бордақыланып жатыр.

Мал бордақылау алаңының жұмысымен таныстыру барысында серіктестік иесі өткен жылы бұқашықтарды бордақылау құнын арзандату бойынша мемлекет тарапынан 148,1 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетілгенін атап өтті. Сонымен қатар, 2020 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 100 млн. тг несие алып, шарушылығын кеңейтіп жатқанын жеткізді.

Бұдан бөлек, Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуші, негізінен сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын «ЭМ-НУР» ЖШС де бар. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 6 600 тонна сүтті қайта өңдеп, 550 тонна қатты ірімшік өндіруге бағытталған.  Бұл кәсіпорын биылғы жылы 262 тонна қатты ірімшік өңдірісіне 87 987,3 мың теңге субсидия алған.

Сондай-ақ, аумағы 2,2 гектарды құрайтын «Иляев» ЖК өндірістік жылыжай кешені аталған бағдарламамен қаржыландырылған. Кешеннің жылдық қуаттылығы 800 тонна қызанақ өндіруге бағытталған. Қазіргі таңда 600 тонна өнім жиналыпты. Егілген қызанақ сорттары: «Мерлис» және «Пембе». Кәсіпкердің өндірістік жылыжай кешенінің құруға жұмсаған шығынына мемлекет тарапынан 139 256,0 мың теңге қолдау көрсетілген.

Кәмпит пен сағыздан табыс тапқан

«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша мемлекеттен несие алып, кәсібін өрге домалатқандардың бірі – шоколадты кәмпит және сағыз шығаратын кондитерлік фабрика «NURTAU distributioncompany» ЖШС.

Біздің елімізде «Рахат» және «Баян сұлу» сияқты екі-ақ компания кәмпит пен тәттілер шығарады. Бар-жоғы екеу-ақ болғаннан соң да болар, кондитерлік өнімдердің 80-90 пайызы басқа мемлекеттерден келеді. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас Өзбектан астанасы Ташкентте сағыз шығаратын 12 зауыт, кәмпит шығаратын 100-ден аса өндіріс орны бар екен. Яғни, Қазақстанда кондитерлік фабрика ашу ісі кезек күттірмейтін мәселенің бірі. «NURTAU distributioncompany» сол мәселенің байыбына барып, мемлекет қолдауына сүйене отырып, өзіміздің таза отандық тәттілер мен сағыз шығаруды қолға алды. Бұл компания елімізде сағыз шығаратын жалғыз кәсіпорын.

Шымкенттік кәсіпкер Даврон Юлдашевке жоғарыдағы бағдарлама бойынша кәсібін жүргізу үшін бар болғаны үш-ақ апта кетіпті. Кәсіпкер жергілікті Кәсіпкерлер палатасына бармастан алдын бір жыл бойы банктердің табалдырығын тоздырған. Өйткені, мүліктік кепілге қоятын дүниесі болмай қаржы ұйымдарынан несие ала алмапты.

Олар тасымалдаушыдан – өндірушіге айналып шыға келді.

«Nurtau Distribution company»-дың негізі 2016 жылы қаланып, шетелдерден жуынатын заттар, кондитерлік өнімдер мен сағыз импортымен айналысып келеді, - дейді дистрибьютерлік компания директорының орынбасары Даврон Юлдашев.

«Біз Шымкент қаласына сағыз жеткізетін жалғыз тасымалдаушы едік. Бір жыл бұрын алып-сатпай-ақ, өзіміз өндіруге дайын екенімізді ұқтық. Оның үстіне сату, байланыс, өнімді өткізу орындары, барлық жағынан әбден тәжірибе жинақтадық, - дейді Даврон. –Шоколадты кәмпит, піспенан мен сағыз өндіретін кәсіпорын ашуды қатты армандадық. Екінші деңгейлі банктерге бардық, барған жеріміздің бәрі дерлік меселімізді қайтарып тастады. Сөйтіп жүргенде бір танысымыз «Кәсіпкерлер палатасына барыңдар» деп ұсыныс тастады. Ол жердегі мамандар бізге «Қарапайым заттар экономикасы» деген арнайы жобалық кеңсе жұмыс істейтінін, отандық өнім өндірісін барынша қолдайтынын айтты. Сонымен не керек, біз осы бағдарламаға қатыстық. Сарапшылар индустриалды аймақтан 1,3 гектар жерді тегін беріп, құжат әзірлеу, сонымен бірге жобаның жүзеге асуы үшін қолынан келген көмегін аянып қалған жоқ. Банк 330 миллион теңге несиені 6 %берешегімен мақұлдады. Сөйтіп, қазіргі зауытымыздың құрылысын бастап кеттік».

Компанияның коммерциялық директоры Бақытжан Арыновтың айтуынша, зауыттың құрал-жабдықтары мен қондырғылары Түркиядан әкелінген. Зауыттың құрылысы 9 айда толығымен аяқталып, кәсіпорын өз жұмысын Елорда күнінің қарсаңында жаңа тыныспен бастаған.

Қазірде фабрикада ай сайын кәмпиттің 10 түрі (140 тонна), сағыздың 10 түрі (100 тонна)шығарылуда. Зауытта 130-ға жуық адам жұмыс істейді. Ал шикізаттың 80 % өзімізден, қалған 20 % шетелден әкелінеді.

«Lux Shoes» – отандық аяқ киім бренді

Отандық кәсіпкерлер өз жерлестерін тек киіндіріп қана қоймай, аяқ киіммен де қамтамасыз етуде. «Lux Shoes» ЖШС алғашқы жауын-шашында-ақ быт-шыты шықпайтын туфлилер шығарып жатыр. Бизнес-жоспарын жасап, серіктестер мен цех жұмысына қажетті қондырғыларын орнату үшін бірнеше ай қажет болды. Қазірде шымкенттік кәсіпкерлер елімізде бірінші болып таза былғарыдан ерлер аяқ киімін шығаруда. Ал оларға алғашқы қадамды жасау үшін «Бизнестің жол картасы 2020» және «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың мықты қолдауы қажет еді.

Аяқ киім фабрикасының сөрелерінде 50 түрлі үлгі бар. Ол әр түрлі түс пен түрге ие туфлилер, табиғи жүннен жасалған қыстық аяқ киім және кроссовкалар. Барлық үлгілер көрме залына орналастырылған, дәл осы жерде шикізат пен фурнитура да бар. Кәсіпкерлер былғарыны Түркиядан әкеледі екен. Әрине, жолға кеткен шығын өнім бағасын қымбаттатпаса, арзандатпасы анық. «Бірақ, өзіміздің жергілікті былғарымен жұмыс істеу мүмкін емес», - дейді.  

Біздің былғарылар 100 пайыз түріктікі. Қазақстандық былғарының сапасы төмен, сондықтан сәйкес келмейді. «Халал» сападағы былғарымен жұмыс істейміз. Ал жергілікті, тіпті, ресейлік өндірушілер доңыз терісін пайдаланады. Ал бұл басқаша, тіпті, иісі де өзгеше. Мұндай аяқ киімдер бір маусымға әрең жетеді, - деді кәсібінің қыр-сырымен бөліскен кәсіпкер Нұрсұлтан Балабиев.

Фурнитураны да сырттан әкеліп жатырмыз. 30% жергілікті, қалғанының бәрін Түркиядан алдыртамыз. Бұл бізге тиімді болғаннан емес, себебі, біздің елімізде әлі аяқ киім өндірісі дамымаған. Жергілікті былғарылар халықаралық стандарттарға 50% ғана сай келеді, Ресей мен Өзбекстанда да тура сондай жағдай. Уақыт өте келе біз жұмыскерлерімізді былғарыны дұрыс қайта өңдеуге үйретіп, оны осы жерден-ақ сатып алатындай дәрежеге жеткізсек дейміз. Бұл логистикаға да әсер еткен болар еді, - дейді фабриканың атқарушы директоры Гайрат Хасанбаев.

Фабриканың құрылысы мен іске қосылуы 400 млн теңгеге түсіпті. Бұл соманың ішіне жеке құрал-жабдықтар мен мемлекеттік қолдау, банктен алған қомақты қаржы да кіреді. Бұл жерде тек түрік құрал-сайманын ғана істетпейді, түріктердің шикізатын да пайдаланады. Шетелдік мамандар әзірге жетекші ретінде үйретіп жүргенге ұқсайды. Екеуі құрылғыны бақыласа, бас инженер аяқ киімнің сапасы, өлшемі, былғарының қайта өңделуін назарында ұстайды.

Біз жұмыс барысында мамандарымызды үйретіп жатамыз. Карантинге дейін бізде 100-ден аса адам жұмыс істейтін. Карантин кезінде фабрика жұмысы бәсеңдеп қалды. Жұмысшыларымыз аяқ киім өндірісін жақсы білмейді, сондықтан оларды нөлден бастап үйретіп жатырмыз, - дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Балабиев.

Шеберханадағы әрбір қызметкердің өзіне белгіленген тапсырмасы бар. Бірі дизайны мен пішімімен айналысса, екіншісі былғарыны дайындайды, тағы бірі осының барлығын кебіске айналдырып, келесісі біртегіс қып тігіп, тауарды буып-түйіп қаптайды. Сапа әрбір сатыда бақылауда болады. Фабрикада күніне 150 жұп аяқ киім шығарылады. Кәсіпорынның қуаттылығы күніне 1500 жұптан шығаруға әбден жетеді. Бірақ, әзірге бұл жерде өнім санына қарап жатқан жоқ. Шеберлер соншалықты ауқымды игере алмай қала деп қорқады.

Қазірде кәсіпкерлер фабрикада «Lux Shoes»атты жеке брендпен аяқ киімдер шығаруда. Әзірше тауарды Шымкент пен Тараз, Алматы, Астана сияқты жақын облыстарға жіберіп жатыр. Қазірше логистика мен тасымал жағынан қиындықтар жоқ, бірақ, алдағы уақытта кәсіпорында ТМД және Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспары бар. Бұны іске асыру аса қиын емес дейді, себебі, еліміздің оңтүстігінде тасымалдау жүйесі айтарлықтай дамыған. Сонымен бірге кәсіпкерлерге өндіріс қуатын алып-сатарлардың тапсырыстарының есебінен де арттыруға болады. Мұндағы құрылғы кез келген брендтің аяқ киімін шығаруға қауқарлы көрінеді. Ал Шымкентттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орын тепкен зауыттың логистика мәселесімен тапсырыс берушілер айналысатын болады.

P.S. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бір ғана Шымкенттен 7,6 млрд. теңгеге 37 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді.  Бұл еліміздің өзге аймақтарына қарағанда жақсы көрсеткіш деп білеміз. Үшінші мегаполистегі экономикалық және индустриалдық аймақтан әр алуан бағыттағы зауыттар бой көтеріп, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. Отандық өнімді сату нарығы да жаман емес. 2025 жылға қарай мұндай кәсіпкерлердің саны еселеп артады деген болжам бар.  

Тек бір әттеген-айы, бізде әлі де отандық өнім 100 % толық құраммен шығарылмайды. Шикізаты мен бөлшектерін шетелдерден алдыртамыз. Ал бұл өнім сапасына ғана емес, бағасына да әсер етеді. Содан ұзын-сонар мәселелер туындап кете береді. Сондықтан, бізге тақиямызды аспанға атып тұрып «Міне, біздің таза отандық өнім!» деп айқаулауға әлі ертелеу.

Мәриям АЙТБАЙ,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер