Президент Тоқаев қалалық сенбілікке қатысты

1502
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық сенбілікке қатысты, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың Ұлытау аллеясында өткен қалалық сенбілікке және ағаш отырғызуға қатысты.

Бұл акцияға волонтерлар, «Жастар» Ассамблеясы ұйымының өкілдері, белсенді ғылыми, шығармашыл, спортшы жастар, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері де қолдау көрсетті.

“Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын” , – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Ботаникалық бақты аралап, жалпықалалық сенбілікке қатысып жатқан тұрғындар мен елордалық коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Пікірлер