Оба мен тырысқаққа қарсы вакцина ойлап тапқан ғалым

4022
Adyrna.kz Telegram

    Уақытында жазушы А.П. Чехов оны «Ең танымал емес адам» деп атаған екен. Оның медицина ғылымында жасаған жаңалығы мен өмірін сараптасақ, дәл берілген баға екенін аңғарамыз. Адамзат тарихындағы талай жанды жалмаған оба мен тырысқақтың емін тапқан ол өз ісіне сай атақ пен даңққа кенеле алмады. Көпшілік ұзақ уақыт бойы украиналық докторды Швейцарияның, Францияның, Ұлыбританияның ғалымы санап келді. Туған елінде көп қуғын көруі осыған себеп болды. COVID-19 індеті әлемге тарап, адамзат вакцина ойлап таба алмай, шарасыз қалған шағында оның есімін еске түсіріп, доктор Хавкиннің күллі жаратылыс үшін жасаған жақсылығын айта бастады. Сонымен, Владимир Хавкин деген кім және ол адам баласы үшін қандай игілікті іс жасай алды?

   Владимир (Вальдемар, Маркус-Вольф) Аронович Хавкин 1860 жылы Одессада, кедей еврей отбасында дүниеге келген. Кейінірек отбасымен Бердянскке көшеді.

    Әкесі мен нағашы атасы еврей мектебінде мұғалім болады. Атасы мен әкесінің ықпалымен бала кезінен Владимир алғыр, ізденімпаз, еңбекқор болып өседі. Ол бірінші ұл балаларға арналғаневрей мектебінде, кейін Бердянсктегі ұл балаларға арналған орыс мектебінде білім алып, оны 1879 жылы бітіріп шығып, Одессадағы императорлық Новороссийск университетінің физика-математика факультетінің жаратылыстану бөліміне оқуға түсті.Хавкин оқуға түскен жылдарда Новороссийск университетінде жас, әрі көрнекті ғалымдар: физиолог И.М. Сеченов, зоологтар мен эмбриологтар А.О. Ковалевский және И.И. Мечников, физик Н.А. Умов ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп, шәкірт тәрбиелейтін. Осындай ғалымдар қызмет ететін университетке оқуға түскен Хавкин өзі үшін нағыз бет түзеп, еліктейтін, үлгі тұтатын жандарды тапты. Ол белсенділігімен жаратылыстанушылар қоғамының мүшелігіне кіріп, ізденімпаздығымен И. И. Мечниковтің сүйікті шәкіртіне айналды.  

     Жастық максимализммен Владимир студенттер арасындағы демонстрациялар мен түрлі қарсылықшаралардың арасында да жүрген. Екінші курсында оны студенттерді арандатып, көтерілісұйымдастырушы, бүлікші деп айыптап, университеттен шеттетпек болады.

      Одесса жандармдары В.Хавкинді саяси бүлікші азаматтар тізіміне «Народная Воля» террористік партиясының мүшесі ретінде тіркеп алады.Полиция Хавкиннің ізін аңдып, әрқашан бақылауда ұстайды. Шәкіртінің талантын тани білген ұстазы профессор Илья Ильич Мечников те прогрессивті ойлай білетін жан болғандықтан, полиция оны да мемлекетке сенімсіз деп табады.

      Хавкин университеттен қуғын көріп, өзінің ғылыми зерттеу жұмысын нәтижесіз қалдырудан қатты қорқатын. Ол үшін бұл ақырзаманмен тең еді. Әйтсе де, нағыз таланттарды тани алғануниверситеттің Ғылыми кеңесі Хавкиннен бөлек тағы екі студентті оқудан шығармауды жөн көреді.Бір жағынан оқуын әріқарай жалғастыруына ұстазы И. Мечниковтің де ықпалы жүрмей қоймайды.

     1884 жылы ел ішінде қатты дүмпу болып,халықшыл-революционерлер ІІ Александр патшаны өлтіреді. Билік бұл оқиғадан кейін «Народная Воля» террористік партиясының мүшелерін қудалай бастайды. Сондай-ақ халық билеушісін еврейлер өлтірді деген сыбыс шығып, Одессада олардың жүріп-тұруы қиындайды.

      Мұндай жағдайда интернационал студенттербас сауғалап, өз-өздерін қорғап, төніп тұрған қатерге қарсы бірігеді. Хавккин көше төбелестерінеде қатысады. Бірде қолына қару ұстаған оны полиция тұтқындап, өзге де тәртіп бұзған студенттермен бірге түрмеге жабады.

     Хавкин жастық шағында талай қақтығыстарды бастан кешкен. Бұған дейін де 1882 жылдың ақпан айында В.Хавкинді әскери соттың бас прокуроры Стрельниковты өлтіруді дайындауға қатысқаныүшін қамайды, бірақ оны соттауға тағы да нақты айғақ таба алмай, босатады. Тура сол жылдың көктемінде ол босап шыққан соң, бірнеше күн кейін, әлдебіреулер Стрельниковті Приморск гүлзарында өлтіріп кетеді. Тұтқындау, репрессия, жазалау Владимирдің өмірінде қайта басталады.

       Өз елінде революция жасағысы келген албырт жүрек прокурордың өлімінен кейін екі жолдың бірін таңдауы керегін ұғынып, ғылым жолына түседі.

      Бірақ сол сәттерде Новороссийск университеті студенттер мен оқытушылардың сөз бостандығын тежеп, еркіндігін шектеп, әбден ашындырады. Азат ойлы 240 студент бірлесіп, Білім  министрлігіне өздерінің қысымнан мезі болғандығын жеткізе келіп, мұндай ортада ғылымның да ілгерілемейтінін ашып жазады. Қысымнан бөлек,студенттердің материалдық жағдайы да мүшкіл жағдайға жетіп, университет ректорына хат жазады. Хавкин екі хатқа да қол қойғандықтан, ол тағы да оқудан шығарылады. Бұл сәтте профессорлар студенттерін ақтап алмай, қайта өздері баулып отырған жас шәкірттерімен бірлесіп, бұл университетте қызмет жалғастыруды тоқтатуды жөн көреді. Олардың қатарында И. Мечников те бар еді.

       Осы жайтқа қарамастан, 1884 В.А. Хавкинге кандиттық диссертациясын қорғауға рұқсат беріледі.  Бірақ Хавкин өзінің мемлекет алдында қалыптасқан «сенімсіз репутациясының арқасында» өз елінде ғылыммен айналысуына және бала тәрбиелеп, ұстаз болуына шектеу қойылады. «Народная Воля» ұйымы толықтай күйреп, Хавкин жақын достарынан айрылып, тіпті, минималды суманы да таба алмай, талайлы тағдыры мен бірбеткей мінезінің, жаңашыл көзқарасының арқасында тығырыққа әбден тіреледі.

       Осындай қиын сәтінде оған тағы да ұстазы И. Мечников қол ұшын созады. Ол шәкіртіне ғылыми ізденісін Швейцарияда жалғастыруына мүмкіндік береді. Бұдан кейін И. Мечников Хавкинге қызметін Париждегі әйгілі микробиолог Луи Пастердің институтында жалғастыруға жол ашып береді. Сол сәтте институт қабырғасында тек кіші кітапханашы қызметі ғана бос болғандықтан, Хавкин еш ойланбастан келісе кетіп, іске кіріседі. Жұмыс барысында қолы қалт ете қалған сәттерінде лабараторияға барып, түрлі зерттеулер жүргізіп, мол тәжірибе жинақтайды.

       Ол кезде көптеген аймақтарда тырысқақ ауруы таралуынан эпидемиялық жағдай орын  алып жатты. Дәрігер Хавкин дәл қазіргі біздің еліміз бен дүние жүзі халықтары секілді карантин шараларын сақтағанмен, вакцинасыз вирустың таралуын тежей алмайтынын түсінеді. Ол науқастарға тезірек  вакцинация жасау керек екенін ұғынып, зертханадағы қоян мен доңыз организмінің иммундық жүйесін жақсартуға талпынады.

       Жануарлар арқылы зерттеу дұрыс та шығар, бірақ вакцинаның адамға қалай әсер ететіні бәріне белгісіз. Осы мақсатта В.Хавкин өзінің үш саяси эмигрант досын Пастер институтына көмекке шақырады.

        В. Хавкин жұмыс істеген зертхана меңгерушісі, профессор Эмиль Рук вакцинаны адамға сынақтан өткізуге бірден рұқсат бере қоймайды. Сол себептен Вакцина дозасын бірінші болып Владимир Ароновичтің өзі қабылдап көреді. Содан кейін ғана оның екі дәрігер жолдасы вакцинаны өздеріне салдырып, сынайды.

       Зерттеу сәтті аяқталып, аз уақыт ішінде үлкен нәтиже көрсетеді. Бұл 1892 жылдың 18 маусымы болатын. В. Хавкиннің ұстаздары И. Мечников пен Л. Пастер шәкіртін осындай айтулы көрсеткішімен қуана құттықтайды. Сол сәтте тырысқақ Одессада да қатты өршіп тұрған еді.

      Ғалымның замандасы, көрнекті жазушы, әрі дәрігер Антон Павлович Чехов В.Хавкиннің вакцинасын Ресейдегі тырысқақпен күресу үшін қолдануға болатындығын жазады. - «Өкінішке орай В. Хавкиннің Ресейде мүлде атағы жоқ» және ол сенімсіздеу адам боп көрінеді, әрі саяси эмигрант болғандықтан,ешкім оның вакцинасын еелдің территориясына жолатпайтынын ашық айтады. Ол кезде Хавкиннің вакцинациясына іргесіндегі Ресей ғана емес, Франция, Германия секілді Еуропаның өзге де алпауыт мемлекеттердің бактериологтері күмәнмен қарайды. Әйгілі дәрігер, бактериолог Роберт Кох «Бұлай болуы мүмкін емес. Ол тырысқаққа қарсы ем табатындай мықты емес деп,» - мойындамайды.

       Тек Ұлыбритания өз колониясы Индия халқына вакцинаны салуға рұқсат береді. Себебі дәл сол сәтте Индия халқы тырысқақтан қатты зардап шегіп, 1 млн. астам адамнан айрылған. Хавкин вакцинасын сынау үшін бұл таптырмас мүмкіндік болды.

      1893 жылы Хавкин Ұлыбританияның мемлекеттік бактериологы ретінде Калькуттаға барып, адамдарға екпе еге бастайды. Әрине, «адам өлімі мен ауруы тылсым күштердің әсерінен болады, сол себепті оның әрекетіне араласпай, бағыну керек,» - деп есептейтін үнділер алғашында дәрігер Хавкинді таспенұрып, қуады. Хавкин де қаша жөнелмей, саспай костюмі мен жейдесін шешіп, вакцинаны өзіне қабылдап көрсетеді. Мұны көрген шаруа үнділердің арасынан 116 ер-азамат келісімін беріп, вакцинаны салдырып көреді,нәтижесінде ешкім ауырмайды. Хавкиннің бұл жақсылығы күллі жұртқа тарайды. 2,5 жылда 42000 адам   екпе салдырады. Емдеу кезінде өзі де сырқаттанып қалған Хавкин Еуропаға емделуге аттанады. Онда жарты жыл аялдап, Индияға қайта оралып, тағы 30000 адамға екпе салып, миллиондаған халықты  індеттен құтқарады.

      В.А. Хавкиннің обаға қарсы тапқан вакцинасын да айтпай кету мүмкін емес. Себебі әлем тырысқаққа қарағанда, обадан көп зардап шекті. 1896 жылы бұл эпидемияның негізгі ошағы Индияның үлкен қалаларының бірі Бомбейде пайда болды.

      Владимир Хавкин Бомбейге келіп,медициналық колледжден бір бөлмені иемденіп, оған қоса өзіне төрт техникалық персоналды көмекшілікке алып, зертханасын егеуқұйрық салынған торлар мен тірі оба қоздырғыштарға толтырып тастайды.

      Талай жанның өмірі қыршынынан қиылып жатқанын көрген Хавкин күніне 12-14 сағат жан аямай жұмыс істеп, 3 айдан кейін вакцинаны жасап шығады. Ең біріншівакцинаны егеуқұйрыққа салып көріп, ешбірі ауырмағандықтан, Хавкин тағы да көз жеткізу үшін 10 есеге дейін дозасын арттырып, өз денесіне салып көрді. Бұдан кейін Хавкиннің бойында обаның белгісі әлсін-әлсін біліне бастайды. Бірақ дәрігер ауруды елемей, өз тіршілігінің қамымен жүріп, тез айығып шығады.

      Бұдан кейін вакцинаны Медицина колледжінің студенттері мен оқытушылары  салып көреді. Сәтті аяқталған соң Бомбейтүрмесінде жазасын өтеуші азаматтарға салына бастайды.

     Хавкин обамен күресу үшін вакцина ойлап тапқан орын уақыт өте тек осы қаладағы ғана емес, барлық жер жүзіндегі ең керемет эпидемиологиялық және бактериялогиялық орталыққа айналады.

     Үндістанда 1909 жылға дейін – 8 миллион адамға, ал 1940 жылы – 35 миллион адамға В.Хавкиннің обаға қарсы вакцинасы егілген.Сонымен қатар ол бұл елде кезең-кезеңімен пайда болған тырысқақпен де бір сәт дамылдамай, күрес жүргізе алды. Ол 18 жыл бойы өз кәсібін адал атқарды. Хавкин 1915 жылы сүйікті жұмысын тастап, Еуропаға оралды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде атақты бактериолог Ұлыбританияның әскери кафедрасында майданға аттанған әскерилерді вакцинациялауды басқарды.

     Ол өмірінің соңғы 15 жылын Парижде қайырымдылықпен айналыса жүріп өткізеді. Ол өзі үнемі кездестіретін қауіп-қатерге отбасын итермелеуге құқығы жоқ екенін айтып,  ешқашан үйленбей өмірден өтеді. Өлімінен бір жыл бұрын ол өзінің жеке қаражатына (500 мың франк) жас ғалымдарға арналған қор құруды тапсырып кетеді.

       Адырна ұлттық порталы

Пікірлер