«Қорқыттың көрі» пьесасындағы философиялық шешім

10748
Adyrna.kz Telegram

Ұлы даланың мифологиялық-фольклорлық тұлғасы елдің бастауын, халықтың көне тарихын жырлаушы бейне. Соның ішінде көненің көнесі – Қорқыт баба. Қобыздың иесі Сыр бойын мекен еткен. Өмір сүрген кезеңі туралы ғалымдар арасында әртүрлі болжам бар. Нақты өмір сүрген мерзімі анықталмаған. Алайда зерттеулердің басым бөлігі Қорқыт Ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде Х ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды. Рашид әд-Дин «Жамиғ Ат-Тауарих» атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазының «Түрік шежіресінде» оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы айтылады. Сыр жағасына жақын жерде Қорқыт атаның зираты болғанын Ә.Диваев, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде Қорқыт ата ХІ ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе, Ә.Марғұланның еңбектерінде ол VII-VIII ғасыр аралығында өмір сүрді деген пікір айтылады.

Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата – ел бірлігін нығайтқан  кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы. Екіншіден, күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден, әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт ата туралы аңыз әңгімелердің негізгі мотиві –  өмірге келуі. Ерекшелігі, ешкімге ұқсамай, дара болуы халық жадында қалды. Заманауи тілмен айтсақ – индивидуалды қасиеттерге толы һәм тіршілігінде соған ұмтылған. Дала фольклорында туған кезі анық болмағанымен, өмір сүру философиясы бүгінге дейін жетті.

Қорқыттың өлімнен қашуы оның өмірінің мәніне айналады. Дүниені кезіп, өлімнен құтылудың жолдарын іздейді. Оның бұл әрекеттері бүкіл адамзаттың проблемасын шешу мақсатындағы өлімді жеңу,оның алдын алу, мәңгі жасау жолдарын іздейтіндігі аңғарылады. Бұл – барлық пенделердің көкейтесті мұраты, өйткені, ешкім мәңгі жасамайды, тіршілік атаулы өлумен, өшумен аяқталады. Демек, әуел баста әр адамның пешенесіне жазылған  өлімнен құтылу мүмкін еместігін халық Қорқыттың мифологиялық образы арқылы көрсетеді.[1, 46 б]

Қазіргі ғалымдардың бұл тұжырымдарының тереңі мынада. Ежелгі түркіде адам өлген шағында қанша жыл өмір сүргендігі емес, сол жылдарда жасалған еңбегі мен пайдасы, ерлігі мен елдігін көк тасына қашап жазады деген аңыз бар-тын. Қорқыттың «өлімнен қашуы» биологиялық өлім емес, пайдасыз кешкен күннен қашуында. Бұл – рухани терең білім.

Тәңірге табынушылардың сәуегейі, бақсылардың пірі, тіпті пайғамбары болған деседі. Енді бір мысалда, Қорқыттың тұсында өмір сүрген Инал ханның баласына ат қоюы алынған. Баба ханның мұрагерін – Тұман деп атауды жөн көрген екен. Мағынасында: «Тұман түскен кезде ауа қоюланады, еш нәрсені көрсетпейді, бірақ өсімдік үшін пайдасы зор, жерде дымқылды күшейтеді. Демек, бұл баланың әкесі қайтыс болғанда халықтың көңілі де қапалықпен басыңқы еді. Бірақ, үміт етіп түсіне біліңіздер, бұл – өткінші нәрсе, күн көзі шығып, дүниені жасыл шөп көркейткенде, әркім игілікке бөленеді, бұл баланың үміті осында, сондықтан да осы атты қойдық», - дейді. Асқан көрегендік, терең білім, тәңіршілдік кезінде қай қазақтың бойында болған-ау.

Бүгінгі таңда «Қорқыт Ата» аңызы, оның философиялық тереңдігі қоғамда актуалды. Жазушы, драматургтердің жазған пьесалары, сценарийлері оның театр, кино, деректі фильмдерге арқау етуі дәлел. Мысалы үшін, Тәуелсіз заманда, нақты айтсақ 2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы үшін Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Аңыздың негізін айта кетсек, Қорқытты ажалдан арашалаған – Қобыз.

«...Қалың Жыныс діңінен –

Айырып алған, Қобызым.

Шырғай-Ағаш түбінен –

Майырып алған, Қобызым.

Желмаяның тері-құйызын –

Күйек қылған, Қобызым.

Ортекенің мүйізін –

Тиек қылған, Қобызым.

Бесті Айғырдың құйрығын –

Ішек қылған, Қобызым.» [2, 60 б] Қоңыр күйдің аспабын осылай суреттейді ақын, драматург Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып)

Қобыз бен Қорқыт жайында аңыздың көптеген түрі халық арасында аса танымал. Кие мен күйдің сыры бір Қорқыттың бойында. Өмірге келуінің өзі бір тылсым күшке толы. Үш жыл анасының жатырын мекен еткен деген аңызда бар жәйт. Ажалдан қашқан Қорқыт баба, қобыз күйін шерткенде, ажал жыланы жанына жолай алмаған, көзі ілінген бір мезетте шағып өлтірген дегенді жиі еститінбіз. Бірақ, аңыздың бірнеше түрі болатыны белгілі. Және, оны өз бұрышынан бақылап, өмірге жаңа шығарма алып келу қарымы жеткен қаламгерге ғана бұйыратыны һақ.

«Қорқыттың көрі» аңыз-дастанынан ерекше стильді, «Әр шығармамнан мені іздеңдер» дейтін мінезді Иран-Ғайыптың пьесасы. Поетикалық стильде жазылған туынды, шұбырынды ұйқаста өрілген.

Бірінші көріністің алғашқы жолы «...Аспан асты... Жер үсті... Ұлы Дала... Табиғат... Қорқыт...» деп басталады. Басты суреттейтін бейнелер осы.  Оқиғада мінездің бояуы қанық. Ұлы даланың табиғатын суреттей алды. Рухты шығарма.

М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры литвалық режиссер Й.Вайткустың жетекшілігімен Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» аңыз-дастанын сахналады.

Спектакль арнайы түсірілген видеомен басталады. Яғни, автор Иран-Ғайып аурухана төсегінде жатып, монолог оқиды. Бір тыңдағанда Қорқыттың монологы секілді. Кейбір тіркестерден дархан даланың дауысы ма дерсің. Қаңбақты да, құйынды да сөйлетіп жатыр автор. Сондағы негізгі идея,  даланың перзенті Қорқыттың күйі дегеніміз кез-келген тұлғаның ішкі сыры екенін көрсету. Күй – қазақтың домбыра мен қобыз секілді ұлттық аспаптарының композициясы. Ал лексикалық мағынасында «Күй» – ішкі сезім, көңіл (Орысша: состояние). Автор көңілінің күйін мейірбике ролінде отырған Л.Қалдыбековаға шертіп отырғанымен, үлкен экраннан күллі жұртқа айтып отырғаны белгілі. Күйге құрылған шығарма. Оны жеткізуде актер А.Сатыбалдының «Көкте сен, Жерде мен жалғызбын, Құдай» деп діріл қаққан сөзінде нанбасыңа болмас. Дауысын қарылтып, бірде суынып, бірде ысып Қорқыттың күйін көрсетумен әлек. Дейтұрғанымен, Қорқыттан бұрын актердің ішкі сырын сезгендей күй кештік. Бір Қорқыттың хәл-күйі автордың да, қоюшы-режиссердің де, басты рольдегі актердің де жағдайы. Көрерменнің де шымбайына тиетін сөз құдіретінің көрінісі.

Заманауи декорациямен әрленген спектакльде табиғатты (тас, ағаш, жел, аққу, тына) әсерлі бейнеледі. Спектакль көркіне айналған костюм бояу сыйлап тұрғандай. Құдайдың барын мойындамаған Қорқытқа жаратушының һақ екенін ескертуші тәңірдің жаратқан табиғаты кезек-кезегімен келіп, драматургияның идеясын толықтыра түсті.

Биік таудың басынан үгіліп түскен жартас «мендей күй кешерің анық» деп ескертсе, мәуелі ағаш та, «Құдай һақ!» дейді. Екі  жолы мен арқасына ағаш байланған актер костюмы, және сүйенген таяғын Қорқыт жұлып алғандай иілмей жерге құлауы ағаштың бейнесін барынша шынайы шығарды. «Тумақ бар да, өлмек бар» драматургтың өмір философиясын қозғағаны, шығарма маңызын арттырды.

Тұлғаларға арнап  шығармалар жазылғанда көп жағдайда, ерлігі мен артта қалдырған естеліктерін ұлықтаймыз. Және сол жолда көркемдікке аса  бармай, тарихи шындықты жазғанды сүйеміз. Себебі, сахнадан тарихи шындықты тамашалаған қазақ халқына ұнамды. Асыра сілтеп, я болмаса  жеткізбей тастаса халықтың ауыр сынына түсері анық. Әруақты сыйлаған халықпыз, киені түсінетін елміз. Тұлға тағдырын баяндау өнерпаз үшін әрі бедел, әрі бақ, әрі үлкен жауапкершілік. Иран-Ғайыптың ерекшелігі де сонда, аңыздың желісін өзгертпей детальдар қосқан.

Режиссер Й.Вайткустың жұмысы күрделі. Кез-келгеннің жүрегі дауаламайтын киелі тұлғаны сахнаға алып шықты. Спектакль ортасында, ара-тұра сыр елінің ұрпағы қойса бұдан да артық қойылым шығар ма еді, деген сауал туындады. Себебі, білім мен таланттан бөлек, сезім бар. Өз өскен жерін, елін сезіну бар. Сырдың желі мен суын ішкен, аңызына қанып өскен ұрпаққа аса таныс дүние оң жамбасына келер еді.

Ширек ғасыр билеген елінің басшысы өлгенде дүйім жұрт жоқтау айтады. Қазақы әйелдің ащы дауысын, жақынынан айырылған зарлы үнді нақышына келтіре орындайтын З.Көпжасарова автор сөзін сүйектен өткізе білді. (Мұны біз, аталмыш театрдың  репертуарындағы «Көмбе нанның дәмі» қойылымынан да естіген болатынбыз) Тек, Й.Вайткустың халықтың  дәстүрін көрсететін сахнада, басшысын жоқтаған, иесінен айырылған жұртты сахнаның екі бұрышына паралеллді мизансценаға тұрғызып, әйелдерді  зарлатып, еркектердің қолына дауыс ұлғайтқыш құрал ұстатып репликасын орындатқызды, ол аз болғандай ұрысқа дайындалғандай қолқусырып тұрғандары екі ойды қылды.

Бақсылық өнері бар Қорқыт, билеушінің шыққан жанын «жын шақырып» кіргізуге, қабырғасы қайысқан халықты жұбату үшін өз жаны шыққанша ойнақтайтын еді. Күш пен қасиетті аса танымайтын режиссердің сол сәтте А.Сатыбалдыны бақсы емес, бақсы емдеуші аурудай етіп көрсеткені, ұлы даланың тылсым күшінен бейхабар жан екенін айқын байқатты.

«Ұлы ақын елінің өткенінен бұрын, келешегін болжайды» дегенді бұрынырақта көп есітетін едік. Басшыны жоқтау сәтінде экраннан жылт етіп жоқ болған авторды, сол сәтте «Бұл дүниелік үлесің, Сен жер бетінде қырық  жыл ғана өмір сүресің, Қорқыт» қасиетті сөз айтқаны оның ұлылығын көрсеткендей.

Жалпы адамзаттық мәселе – фольклордың көркем әдебиеттің мәңгі актуалды тақырыбы. Соның ішінде «Қорқыт» бейнесі жатады.

 

Әдебиеттер:

  1. Сарбасов Б.С., Дәуренбекова Л.Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: 2019. – 155Б.
  2. Оразбаев И. Он үш томдық таңдамалы. (Жетінші том). – Алматы: 2006. – 230 Б.

 

Данат Жанатаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,

   философия ғылымының кандидаты 

Карима Ахан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер