Қарағандыда «Ұлтқа қызмет» тарихи драмасы сахналанды

4521
Adyrna.kz Telegram

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық-академиялық қазақ драма театрында ұлттық рух жаңғырды. Өнердің қарашаңырағында Қанат Жүнісовтің «Ұлтқа қызмет» атты тарихи дарамасы сахналанды. Туындыда ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков сынды Алаш алыптарының азаттық жолындағы күресі баяндалады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Saryarqa" телеарнасына сілтеме жасап.

Тарихи драма Патша үкіметі құлап, Ақ пен қызылдың айқасы басталып кеткен кезеңді суреттейді. Дәл сол дүрбелеңде Әлихан Бөкейхан бастаған бір топ зиялылар Алашорда үкіметін құрып, кезінде айрылып қалған мемлекетті қалыпына келтіру үшін жүргізген күрестері – туындының негізгі мазмұнына арқау болды. Автор драма шынайы болу үшін оны жазу барысында белгілі әдебиеттанушылармен, тарихшылармен кеңескенін айтады.

Қанат ЖҮНІСОВ, «Ұлтқа қызмет» тарихи драмасының авторы:

— Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жазылған. Бұл Алаш жайлы, Алаш қайраткерлері жайлы. Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы, Жақып Ақбаевтың 145 жылдығы, Әлімхан Ермековтің 130 жылдығы негізге алынды.

Тарихи образдарды Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театырының актерлері сомдады. Олардың аузымен азаттық үшін күрескен Алаш зиялыларының қанатты сөздері айтылды. Драма көрерменнің көңіл түпкіріне жетсе керек, олар көз жасына ерік берді. Әсіресе Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан жайлы көлемді еңбектер жазып, оның өмірін зерттеп жүрген Нұрсахан Бейсенбековаға ерекше әсер етіпті. Ол да залдан жылап  шықты.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

- Әлихан Бөкейхан — ұлт мақтанышы деген монографияның авторы ретінде, Алаш қозғалысының тарихы деген оқулық жазған адам ретінде мына спектакльден керемет әсер алдым. Қазақтың 20 ғасырдағы өмірі сахнадан өтті. Кітаппен салыстырып отырдым. Әлихан Бөкейханды жақсы зерттеген, оны сезінген автор екен.

Авторы драманың соңында егемен елде туған жасөспірімді саханаға шығарып, оның үнімен көрерменге елдік, азаттық хақында жалынды ойларды жеткізді. Ең соңында әнұран шырқалды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер