Ұлт құндылығын ұлықтаған мемлекеттік «Наз» би театрына - 25 жыл

906
Adyrna.kz Telegram

«Наз» мемлекеттік би театры - бүгінгі қоғамның рухани сұранысына сай, ұлттық мәдениетіміз, бен өнерімізді, руханиятымызды дәріптеп, ұрпақаралық сабақтастықты жалғастырып,  ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталуына үлесін қосып, тіпті ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді де биге арқау етіп жүрген, мәдени орда. «Наз» мемлекеттік би театры – тек концерттік бағдарламалар ғана емес, сонымен қатар, театр деген атына сай, Қазақстанда үлкен хореографиялық қойылымдарды сахна төріне шығарған тұңғыш әрі бірегей би театры.

«Наз» мемлекеттік театрының тұрақты көрермені ретінде айтарым, театрдың қойылымдары мен бишілер киіп шығатын ұлттық киімдерден ұлттық ұстын сезіліп, қазақтың құндылықтары – салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының, ұлттық болмысының «иісі аңқып» тұрады. Театр қойған қойылымдарда ұлттың мәдениеті де, тарихы мен, этнографиясы да қамтылады, ұлттық киімдер де заманына сай етіп тігілген.

Біраз уақыт бұрын «Биыл театардың 25-жылдық мерейтойы еді, соған орай «Наз» мемлекеттік би театры – ұлттық бидің феномені» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырмақ едік, сол іс-шараны жүргізу тізгінін өзіңізге тапсырмақ едік және сол дөңгелек үстелге біздің театр жайлы баяндама оқысаңыз»,-деп хабарласты «Наз» мемлекеттік би театарының директоры Еркебұлан Ағымбаев.

«Наз» театрының тұрақты көрерменімін, «Наздың» өзін де, өнерін де жақсы көремін, әрі рухани достығымыз бар, біздің «Қара шаңырақтың» жұмысына қолдау көрсететін мәдени ошақ. Сондықтан Еркебұлан Мүлікұлының ұсынысына бірден келістім.

Театрдың мерейтойын мерекелеу ҚР Ұлттық музейінде ұйымдастырылған «25  жылдық белес» атты көрменің салтанатты ашылуынан басталды. Көрмеге «Наздың» мемлекеттік және халықаралық байқаулардан алған марапаттары мен сыйлықтары, әр жылдағы іс-шаралардың фотосуреттері мен жәдігерге айналған, сахналық костюмдері қойылды.

Көрмеден кейін ғылыми кітапханада Театр қайраткерлері одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі», белгілі журналист Толқын Сұлтанның «Наз» мемлекеттік би театары. 25 жылдық белес» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітап «Наз» театарының құрылуы, қалыптасуы мен жетістіктері жайлы жазылған, тұңғыш кітап. Би өнері туралы айтар танымдық, тағы­лымдық мәні зор бұл еңбек өнер зерт­теу­шілеріне, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушыларына, студенттерге және өнерсүйер қауымға арналған.

Мерейтойлық іс-шара дөңгелек үстелмен жалғасын тапты. Аты аңызға айналған, би саласының майталмандары – Тойған Ізім мен  Гүлжан Талпақова  және еліміздің түпкір-түпкірінен жиылған би саласының кәсіби мамандары, ғалымдар би өнері, театр жайлы ойларын ортаға салған, берері мол, тағылымды шара болды.

Мерейтойлық іс-шара  «Наздың» театрдың XXV маусымдағы ірі жобсының бірі,  қоюшы балетмейстерлер Уәлитбек Сиязбеков пен Әмина Самарбаевалар қойған «Алдар көсе» хореграфиялық спектакльмен әдемі түйінделді. Қойылымды «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі сүйемелдеді.  Спектакль жиылған көрерменнің ойынан шыққанын, сүйіспеншілігіне бөленді. «Алдар көсе» хореография­лық спектаклі –Қойылым алдында сахнадан әртүрлі мекеме мен ұйымнан келіп жеткен құттықтаулар оқылып, марапаттар тапсырылды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, TURKSOY халықаралық ұйымы бас хатшысының Қазақстан бойынша кеңесшісі, Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев TURKSOY медальдары мен құрмет грамоталарын бас хатшы Сұлтан Раевтың атынан тапсырып, құттықтау хатын оқып берді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Оңаева «Наз» театрының тарихына, өнерде алатын орнына тоқталып, министр Аида Балаеваның құттықтауын оқыды. Өнер ұжымын Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова құттықтады. Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов қала әкімі Жеңіс Қасымбектің жылы лебізін жеткізді.

Би – өнердің бөлiнбес бiр бөлшегi. Қазақ би өнерiнiң түп тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алады. Би халықтың рухани мәдениетімен бірге дамыған. Адамзат ертеден ойын, сезімін, көңіл-күйін, тілегін ым, қимыл арқылы білдірген. Этностың дәстүрлі өнері оның тарихына байланысты. Қазақ биі синкерттік өнер ретінде өзінің дамуында күрделі әрі қиын жолдан өтті.Таста қашалған қимылдан бастап күрделі билерге дейінгі күрделі кезеңде әртүрлі пікірлер тудырды. Оған себеп болған би өнерінің уақытылы зерттелмей қалуы болған екен.

Қазақ халқында би өнерінің болғаны жайлы көптеген танымал тарихшылар, этнографтар, авторлар жазып қалдырған екен. ХІХ ғасырда қазақ жеріне келген орыс жиһанкездері мен қазақстандық зерттеушілер Лидия Сарынова, Дәурен Әбіров, Өзбекәлі Жәнібеков, Ольга Всеволодская-Галушкеевич, Айсұлу Жолтаева, Тойған Ізім, Айгүл Құлбекова, Әлия Шаңқыбаева т.б. еңбектерін атап өтуге болады.Түрлі тарихи кезеңді басынан өткізген қазақ халқының мәдени қалыптасуында би өнері олардың өмір сүрген ортасына,тұрмысына (мал бағу, жер өңдеу, егіншілік)  байланысты дамыған. Көшпенділер күнге, жерге, суға, отқа табынып барлығының иесі «Тәңір» деп білген. Сондықтанда ежелгі билердің қимыл әрекетінде күн бейнелеген.

Тамғалы, Саймалы-Тас шатқалдарынан, Шолақтауының маңынан табылған тасқа қашалған суреттер осының дәлелі. Қазақ биінің ырғақтық негізін еңбек құраған.  Биде эмоциялық жағдайдан басқа  ырғақ пен қимыл арқылы образ жасауда көркемдік негіз бар. Қазақ биінің эмоциялық жағдайы адамның психологиялық көңіл-күйін күшейтіп көркем образдар жасауға мүмкіндік туғызған. Белгілі ғалым Л.С.Выготский «Өнер тек сезім ғана бар жерде тумайды, сезімді беру үшін шығармашылық ой қажет, ол оны іске асыру үшін керек, сонда ғана өнер туындайды» деген екен. Зерттеуші хореограф О.В.Всеволодская-Галушкеевич «... қазақтың ежелгі би түрінің бірі бақсылықпен байланысты болған» деген. Расында, ХХ-ХХ ғасырларда қазақтың бақсылық өнері салттық культке айналып, бұрынғы қалпын жоғалтып,  анық мұсылмандық сипат алды. Бақсының музыкалық аспаптары, ырғақ, би қимылдары импровизациялық негізде болды. Қуанышты, шаттықты бейнелейтін көптеген билер  бақсылықтан да ертерек болғаны белгілі. Және ежелгі дәстүрді сақтаушы ретінде бізге жеткен бақсы ойынына негіз болған. «Қазақ халқының би өнері көп ғасыр бойы «екінші кезекте дамыды. Бұл көшпенді тұрмысқа байланысты болды, онда қоғам өмірінде толық әрі сан-салалы дамуға халық ауыз әдебиеті де ие болды.  Ән мен сөз көшпенділердің бүкіл өмірін қамтыды, музыка қазақ қоғамының рухани дамуының өзегі болды. Мұндай аралсалмақта, әрине би тек ерекше қуанышты оқиғалармен байланысты жағдайларда ғана көрініс тапты» деп атап өткен Тойған Ізім, Айгүл Құлбекова өздерінің «Қазақ биін оқытудың теориясы мен әдістемесі» кітабында. Кез келген ұлттың биі әр-түрлі мағынада, әр-түрлі жағдайда бастау алған. Мысалы, испан билері көбіне махаббаттан; ұйғыр билері тікелей өр мінездер сипаттаудан; қытай, жапон билері ішкі сезімді білдіруден; үнді билері өздерінің құдайларын баяндаудан бастау алған.

Ал қазақ биі салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілік, ою-өрнегімізден басталады. Әсіресе, қол мен дененің пластикалық икемділігін, қыздардың еркелігі мен назын, сұлулығын көрсетіп, ер адамдардың керісінше жанып тұрған өткірлік, түрлі күрделі секірулер мен буын қимылдары, атшабыс, өзге де жігерлі қимылдарды сипаттау арқылы ерекшеленеді.

Мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, ғалым, қазақ руханиятының жанашыры, аңыз адам Өзбекәлі Жәнібековті, оның кеңес заманында ұлттық идеология жасаудағы басынан кешкен мәдени майданын барлығымыз білеміз. Өзбекәлі ағамыз халық биі жаңғыртуда «Алтынай» халық биі ансамблін құрған. Оның шығармашылық ұжым болып қалыптасуында Ольга Всеволодская-Галушкеевич есімді педагог-балетмейстер үлес қосқан. Ол жиырма жыл бойы қазақ биіне қатысты мағлұмат жинаған екен. Ол кезде «Қазақта би болмаған» деген әңгіме өршіп тұрған кез еді. Өзбекәлі Жәнібеков тікелей қолдауымен құрылған «Алтынай» би ансамблінің құрамында болған ерлі-зайыпты Қадиша, Еркебұлан Ағымбаевтар Шара Жиенқұлова, Әубәкір Ысмайлов, Дәурен Әбіров, Ольга Всеволодская-Голушкевичтің би қойған дарын көзімен көрген жандар.Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдиева, Мәдениет қайраткері Дана Мырзабекова, Үсен Мақанов пен Тойған Ізім, Талғат Қылышбаев, Айгүл Құлбековалармен бір ұжымда еңбек етіп, би өнерінің қайнарынан тікелей сусындаған нағыз мамандар, Өзбекәлідей руханият жанашырының, ұлы тұлғаның  шекпенінен шығып, тәрбиесін көрген, өнерді шын түсініп, бағалай білетін би өнерінің майталмандары.

Бүгін еліміздегі ғана емес, алыс, жақын шетелдің сахналарында өнер көрсетіп, өнер шыңын бағындырып жүрген «Наз» мемлекеттік би театры – халық биін тұңғыш кәсіби сахнаға шығарған Ысқақ Быжыбаев, Шара Жиенқұлова, Әубәкір Ысмайлов, Дәурен Әбіров сынды хас шеберлер идеясының XXI ғасырда іске асып, кемелденген түрі деуге болады.

 «Наз» халық би ансамблі 1999 жылдың 9 ақпанында Астана қаласы мемлекеттік филармониясы жанынан құрылды. 2007 жылдың 1 наурызында қала әкімінің шешімі бойынша Астана қаласы әкімдігінің «НАЗ» мемлекеттік би театры болып өз алдына шаңырақ көтерді. Театрдың іргетасын қалаған кәсіби хореографтар – Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтар. «Наз» мемлекеттік би театры – еліміздегі ұлттық бағыттағы, хореография саласында ойып орын алған, репертуары ерекше бірегей театр. Құрылғанына 25 жыл толып отырған «Наз» мемлекеттік би театрының жетістігі мол, олжасы орасан, өнерді өрістетудегі мақсаты биік.

«Наздың» әр биі, әр қойылымы – ұлтымыздың фольклоры мен этнографиясынан, тарихынан мол мағлұмат береді. «Театр киімілгіштен басталады» демекші, ұлттық мәдениетімізді насихаттау, ұлттық құндылығымызды дәріптеу, тіпті ұлттық намысты, рухты ояту ұлттық киімнен басталады деп ойлаймын. Бүгінде біз сахнадан, теледидардан көріп жүрген қазақ­тың ұлттық киімі шынайы дәстүрден алшақтап кеткеніне мән бермейтін болдық. Әркім өз қиялына ерік беріп, ұлттық киімді «артық қыламын деп тыртық қылып» жүр. Негізінен бұл кеңес дәуірінен басталған үрдіс десек болады. Бүгінде сахнадан, теледидардан көріп жүрген қазақ­тың ұлттық киімі ұлтымыздың дәстүрлі киімдеріне ұқсамайды.

Ұлттық бас киімге тоқталсақ. Мәселен, сахнаға шыққан өнерпаздар ішінен қазақ қызының сәні болған, классикалық бейнесін көрсететін зер тақия мүлдем көрінбейді. Оның орнына әртістер қысы-жазы бөрік киіп шығады. Қарсаңыздар, қазақтан басқа еш ұлт қыстық киімді тұрақты ұлттық киім ретінде алған жоқ екен, яғни сахнаға киіп шықпайды. Тарихқа үңілсек, ұлтымыздың барлық ойын-сауығы, алтыбақаны, жазда, жайлауда өткен. Жаз табиғатпен астасып тіршілік еткен қазақтың қыз-келіншектері қызылды-жасылды болып нағыз сәнденіп шығатын кезең болған. Әрине тақия Орта­лық Азия халықтарының көбінде болған, бізді байланыстырып тұрған мәдени символ іспеттес. Тақияны өзбек қызы, түркі­мен қызы, татар қызы да киген. Дегенмен қазақ қызының тақиясы ерекше өнер туындысы болған: оны қымбат тастармен, зермен әшекей­ле­ген, көбінесе төбесіне бір шоқ үкі тағып қоятын болған. Қыздардың көйлегіне қатысты айтар болсақ, қазақ етек-жеңге шамадан тыс желбір салмаған. «Қосетек» көйлекте тек бір ғана желбір болған. Музейлер мен көне фото­құжаттарды қарасаңыз, етегі де, жеңі де адамның өзіне шақ, ыңғайлы көйлектерді ғана көресіз. Сол сияқты, қамзол, бешпент, шапан, сияқты киім түр­лері­нің де өзіндік ерекшеліктері бар және олар мүмкіндігінше бұрмаланбауы керек. Әйелдің де, еркектің де көйлегінде тік жаға болған, ешқандай ойық болмаған. Көптеген спектакльдерде, кинода, бейнеклиптерде қыстық киімдердің жүнін сыртына қаратып кигенін көріп қаламыз. Қазақ ешқашан киімді жүнін сыртына қаратып кимеген, қ азақ қоғамындағы еркек үстіне аңның терісін жамылмаған. Түлкі ішік, қасқыр ішік, жанат ішік дегендердің барлығында аңның терісі астарына салынып, киімнің сырты барқыт секілді қалың матамен қапталған.

Тағы бір айта кететін жайт, ою-өр­некке, әшекей­леу­ге қатысты. Қазақ халқы еш­қашан үстіне алабажақ киім кимеген. Камзолға да, тақияға да ою-өрнек, әсіресе сырмақ-текеметке са­латын «қошқар мүйіз» жапсырмаған. Бұл халық­тың мәдениетінің, эстети­ка­лық талғамының өте биік болғанының айғағы. Бүгінде ұлттық киімге қатысты туындап отырған басты келеңсіздік­терге қысқаша назар аударып өттім. Әрине, дәстүрлі киімдер тігудің өз ережесі болады. Олардың жалпы нұсқасына, пішіміне, бір-бірімен сәйкестігіне өзгерістер енгізуге бол­май­тынын тү­сінуіміз керек. Әрине, заманға сай жеңілдету, өзгерту (стилизация) өнер адамдары үшін керек те шығар. Әйтсе де, оны үлкен талғаммен жүзеге асыру керек. Жалпы, мерекелік шараларда ұлттық киімге қатысты өрескел бұрмалау­лар қашанда көзге ұрып тұрады. Сондықтан өзге ұлттар «міне, қазақтың ұлттық киімі осындай!» деп бірден тану үшін «қазақ киімі» деп неше түрлі алабажақты ойдан шығаруды доғарып, ұлттық киімнің бір стандарты болуы керек.

Ал, ұлт руханиятының алып тұлғасы Өзбекәлі Жәнібековтің шекпенінен шыққан, «Наз» мемлекеттік театрдың негізін қалаушылары, кәсіби хореографтар Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтардың пікірінше, «Наз» мемлекеттік театрының әртістерінің әрбір қойылымға киетін ұлттық киімдері ұжымның терең зерделенген, ізденісінің нәтижесі деуге болады. Театр басшылығы әр қойылымға дайындалып, ұлттық киім тігер алдында музейлер аралап, аталарымыз бен әжелеріміз киген шынайы киім үлгілерін анықтау үшін, көне жәдігерлерді, сарғайған фотосуреттерді көзімізбен көріп,  ұлттық киім тарихи мәліметтер іздеп, ескі кітаптар ақтарады екен. Бұл өте ауқымды ғылыми жоба деуге тұрарлық дүние. «Наз» театрының бишілерінің ұлттық костюмдерінен қазақтың ұмыт болған қасабасы мен белдемшесін, үкілі тақиясы мен басқа да көне киім үлгілерін көресіздер.

«Ұлттық киім деп, әр жеріне алабажақ ою салып, жылтыраған дүние емес, өзіміздің төл киімізді кигіземіз, киімдерімізді сапалы, денеге жағымды, ауа өткізгіш, табиғи маталардан тігеміз. Заманауилыққа, шоуға бой ұрмай, барынша фольклордан, түп-тамырымыздан, халық биінің әліппиінен алыстамаймыз. Баскиімге салатын оюды балаққа,балаққа салатын оюды жағаға салып, адаспаймыз. костюмді заманмен тоғыстырамыз, яғни бұл дегеніміз қазіргі заманғы сапалы маталдар, былғарыны, барқыт сынды жаңаша маталарды, әшекейлер мен тастарды пайдалану. Ал қазақтың ою-өрнегінің түпнұсқасын бұзбаймыз. Қазақтың әр ою-өрнегінің өзіндік сыры, ойы, терең мағынасы бар»,- дейді «Наз» мемлекеттік би театрының» көркемдік жетекшісі, әрі бас балетмейстері Қадиша Ағымбаева.

Хореграфиялық қойылымдардың ішіндегі ерекшесі тарихи тақырып қозғалған, көне түркілер дәуірінен бастап, егемендік алған күнімізге дейінгі ата-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған өсиеті халықтық хореография тілімен берілс «Тұйғындар» хореографиялық қойылымы. Сонымен қатар, театр репертуарында Абай Құнанбайұлының «Әзім әңгімесі» шығармасының желісі бойынша қойылған хореографиялық спектакль бар. Бұлда ерекше қойылымның бірі.

«Наз» театрының репертуарындағы салт-дәстүр негізіндегі би қойылымдарының алатын орны ерекше атап өткеніміз жөн. Соның ішінде атақты «Кеңес» күйіне қойылған «Киіз басу» биінде  ақ жаулықты аналарымыздың сонау замандардағы қолөнері, тұрмысы бейнеленген. «Көңілашар» биі нағыз ұлттық сананың ұйтқысы, қазақтың салтын дәріптеп, ғұрпын ұлықтайтын би. Бата да, қазақы дәстүрге сай тұсау кесерде көрсетіледі. «Наздың» салт-дәстүр негізіндегі би қойылымдарынан ұлтымыздың болмысы, оның таным-түсiнiгi, табиғатпен байланысы, философиясы, ұлттық құндылықтары айқын көрініс тапқан.

Сонымен қатар, «Наз» театры қоғамдағы жастар арасындағы өзекті тақырыптарды көтеріп, тәрбиелік мәні зор қойылымдар қояды. Атап айтсақ, «Ақ пен Қара» хореографиялық спектаклі. Бұл – жасөспірімдерге арналған жақсы мен жаманның айырмашылығын көрсететін балаларға арналған спектакль. Қойылым барысында жасөспірім балалардың кездейсоқ қателіктерден жаман жолға түспеуіне, тәрбие ісіне әр ата-ананың көңіл бөлу керектігін, қоғамдағы қандай да бір іс-шараның және айналадағы адамдардың іс-әрекетінің игілік бағытында екендігіне көз жеткізе қарау қажеттігін сахнада бір баланың тағдырымен көрсеткен.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ғой халқымыз. Ел ертеңі – бүгінгі біздің қолымызда. Осындай бүгінгі тәрбиелік маңызы зор қойылым арқылы өмірдің ақ пен қарадан тұратынын ұрпақ санасына құю, жол көрсету қойылымның басты мақсаты болатын. Театр репертуарындағы балаларға арналған «У-сана» атты хореографиялық қойылымы қазіргі кездегіқоғамдағы ең өзекті тақырыпты қозғайды. Балалардың гаджеттерге тәуелді болып кеткенін, содан денсаулығына, қоғамға қаншама зиян келтіріп жүргенін би тілімен жеткізеді. Ұлттық құндылықтарымыздан ажырап, ғаламтордың жетегінде кеткен жастардың жай-күйі хореография тілінде тамаша суреттелген. Бір отбасының тағдыры арқылы әлемдік мәселені арқау еткен шығарма.

Дегенмен, осындай жоғары деңгейде ұлтымыздың өнерін ұлықтап, ұлттың рухын көтеріп жүрген «Наздың» құрқылтайдың ұясындай ғимаратта қысылып қойылымдарға дайындалатынын, тар сахнада өнер көрсететін көріп жүрген көрермені, театрдың досы ретінде жаным ашиды. «Наз» театры ұжымы Көктал-1 шағын ауданында орналасқан, 1962 жылы салынған ғимаратта қызмет етеді. Бұрын мәдениет үйі болған ғимарат «Театр»  деген халықаралық стандартқа еш сай келмейді. Сахнасы өте тар. Төбесі аласа. Кәсіби деңгейде жарық қоюға да, декорация жасауға да мүлде келмейді. Тіпті әртістер дайындалатын дайындық залының өзі біреу-ақ. Бір уақыта бірнеше қойылым қойып дайындала алмайды. Әртістерді әрлейтін гримеркалардың өзі тар. Екі адам отырса, үшіншісі түрегеліп тұруға мәжбүр. Осындай қолайсыздыққа қарамастан, ұлт руханияты үшін қызмет етіп жатқан ұжымның  жанкештілігі мен еңбекқорлығына, өз ісіне деген сүйіспеншілігіне таңғаласың! Өйткені бұл театрда би өнерін сүйетін, өз мамандығын құрметтейтін кәсіби мамандар қызмет етеді. Бишілер дайындалатын орынның болмауына,  тіпті өнер көрсететін сахнаның тарлығына қарамастан, өнер ұжымы талай мемлекетті аралап, ұлт мәдениеті мен өнерін, ұлттың құндылығын дәріптеп, алыс-жақын шетелдің көрерменін тамсантып жүр.

Театрға қатысты тағы бір мәселені айып өткім келеді, бүгінде «НАЗ» мемлекеттік би театры Астана қаласы әкімдігіне қарасты мекеме. Еліміздегі мемлекеттік және халықаралық деңгейде өтетін іс-шаралардың барлығы «Наз» театрынсыз өтпейді. Кәсіби деңгейі жоғары тетр әртістері көптеген халықаралық, республикалық деңгейдегі конкурстарда  әрдайым жүлделі орындардан жарқырап  көрініп жүргенін де тұрақты көрермені ретінде көріп жүрміз, қуанып отырамыз. Осындай мемлекеттің имиджін көтеріп, ұлтымыздың рухын асқақтатып жүрген бұл ұжым ҚР мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты болуы керек емес пе?,-деген ой үнемі мазалайды. Өйткені, би театры жекелеген артистердің қызмет ететін жері емес. Бұл ұжымдық өнер. Театр өнері. Би қойылымдарынан бөлек, сахналық костюм  мәселесінің өзіне бірнеше мамандар қызмет етеді. Жалақы мәселесінің өзі еліміздің алдыңғы қатарлы театрларымен тең дәрежеде болуы керек. Өнер жолындағы адамды тұрмыстық істер алаңдатпауы тиіс.

Жердің бір жері – сонооу Көкталда орна­ласқан театр ғимараты өте тар. Би­ші­лері көрермен отыратын жерде дай­ындалады, билеген кезде сахнаға соғылып қала ма деп жанұшырып отырамыз. Аядай ғана аумақта орналасқан театр ұжымы әлемді аузына қаратқан өнер тудырып жүргенін ескеруіміз керек. Мем­лекеттік, тіпті халық­аралық деңгейдегі іс-шаралар «Наз»-сыз өтпейді. Халқымыздың терең фил­о­софиялық ой-иірім­дерін тоғыстыра суреттей отырып, тарихи таным­дық маңызы зор өнер туын­дыларын дүниеге әкелген театрдың ұлттық киімге деген талғамы ерекше. Бұл – ансамбль емес, үлкен жеке театр.

Театр қала орталығынан шалғай орналасқандықтан, қойылымдарға көрермен жинау тіпті қияметтің қиыны, жұртшылық «қаланың сырты» деп алыссынып барғысы келмейді. Қойылым кешке қарай болатындықтан, шыққан соң жету де оңай емес. Ұлттық би өнерін дәріптеп, мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысып, ауқымды хореографиялық қойылымдарды сахна төріне шығарып көрермен қошеметіне бөленіп жүрген, бірегей би театрының елордамыздың ортасында, халыққа ыңғайлы жерде театр ұжымының алаңсыз шығармашылықпен айналысуына жағдай жасалған, кең сарайы болуы керек деп санаймыз.

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі мен «Наз» театры үнемі шығармашылық, рухани-мәдени байланыста. Былтыр «Қара шаңырақ»-тың бастамасымен қол жинап, жоғары жаққа қол жинап, хат жаздық. Әлі нәтиже бола қойған жоқ. Театрға  ұлттық статус, ғимарат берілуі керек. Театр ұжым­ының шығармашылық ізденісі ғылыми еңбек жазғанмен тең десек, артық айтпай­мыз. Бір сахналық қойыл­ым жасау үшін архивтерді ақтарып, ұлттық мұраларды тануға ерекше назар аудара­ды. Ұжымның ұлт руханияты үшін жанкештілігі, еңбекқорлы­ғына, өз ісіне деген сүйіс­пеншілі­гіне таңғаласың! «Наздың» әр биі, әр қойылымы – ұлты­мыздың фольк­лоры, этнографиясы мен тарих­ынан мол мағлұмат беретінін айтуымыз керек.

Жалпы осы тұста айта кететін  тағы бір жайт бар. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты би ансамблі бар. Ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі. Елордамыз Алматыдан Астанаға көшкеннен кейін ол ансамбльдің қызметін Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры атқарып жүр десек артық айтқандық  емес. Себебі, мемлекеттік деңгейде өткізілетін барлық іс-шараларға, гастрольдік сапарларға, шетелдік қонақтарды қарсы алу сынды барлық істе «Наз» мемлекеттік би театры жүреді. Неге? Бұл театр онсыз да қалалық әкімдіктің тапсырмасымен күніне қаншама концертке қатысады. Ал мәдениет министрлігіне қарасты «Салтанат» би ансамблі неге шақырылмайды?! Себебі осыншама артистерді Астанаға алып келу, жатын орнымен қамтамасыз ету, т.б жұмыстар өте қымбатқа шығады? Ол экономикалық жағынан тиімсіз. Осы орайда заңды бір сұрақ туындайды. Онда неге «Наз» мемлекеттік би театры зардап шегу керек? Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Салтанат» би ансамблін Алматы қалалық әкімдігіне өткізу керек! Ал Астанадағы «Наз» мемлекеттік би театры автоматты түрде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамына ену қажет! Бұл мәселе іс сонда ғана шешімін табады.

25 жылға жуық мәдениет саласында қызмет еткен мәдениет саласының маманы ретінде, ұлт руханиятының жанашыры ретінде мәдениет саласына қатысты тағы бір  көңілім толмайтын бір жайтты атап өткіп келеді. «Наз» мемлекеттік би театрының 25-жылдығына орай, ҚР Ұлттық музейінде театрдың республикалық және әлемдік деңгейдегі жеңістері мен жетістіктері қойылған тамаша көрме ашылды, тұңғыш кітабының тұсаукесері өтті, мәдениет, өнер және руханияттың келелі мәселелері қозғалған, дөңгелек үстел өтті. Көрменің ашылуында ұлт мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген «Наз» мемлекеттік би театрын құттықтап сөз сөйлеген және қазақтың біртуар тұлғасы Өзбекәлі Жәнібековтей руханият жанашырының тәрбиесін көрген, өнерді бағалай білетін би өнерінің майталмандары қатысқан рухани жиынға  қатысқан Мәдениет министрлігінен бірде-бір өкілін көрмедік.

Мемлекет басшысы үнемі мәдениет, өнер жайлы, ел азаматтарының мәдениетін қалыптастыру жайлы айтады. Мәдениетті, соның ішінде ұлт руханиятын қадірлеп-құрметтеу, мәдениетке жанашырлық мәдениет саласының үлкенді-кішілі өкілдерінің өзінен бастау керек, олардың өзі «мәдениеттіліктің» үлгі-өнегесін көрсетуі керек. Рухани іс-шаралар «есеп үшін» емес, нәтиже үшін болуы керек және мұндай рухани іс-шаралардың басы-қасында мәдениет саласының өкілдері болуы қажет деген тұжырымға келдік.

Мерейлі жасың құтты болсын, атына заты сай «Наз» театры! Шығармашылығың шарықтап, тағылымдық маңызы зор  қойылымдаврыңның ғұмыры ұзақ болсын! «Қара шаңырақ» ұжымы атынан өнері мен шеберлігі ұштасқан ұжымға Елорданың төрінен үлкен ғимарат пен «Ұлттық» мәртебенің берілуін шын ниетпен тілейміз!

Шәкен Тұрар Сәттарқызы, тарихшы-этнолог, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Қара шаңырақ» ҚБ директоры, «Наз» театрының жанашыры

Пікірлер