Мәһірді пайда көзіне айналдырғандарға тоқтам бола ма?

1063
Adyrna.kz Telegram

Бұл күнде «мәһір» жастар арасында ауқымды тақырыптардың бірі болды. Оны ондай тақырып еткен – өзіндік заңдары. Айта кетейік, көпшілік қауым қалың мал мен мәһірді ажырата алмай жатады. Ал «қалың мал» дегеніміз не?

Қалың малдың мәһірден ерекшелігі жігіттен қыздың әке-шешесіне қалыңдық үшін беретін сыйы. Әйелге қажетті заттарды дайындау үшін берілетін төрт түлік мал мен әртүрлі бағалы дүниелерді айтамыз. Қалың мал қазақтың бұрыннан келе жатқан дәстүрі. Ал дәстүріміздің тарихы сонау «Жеті жарғы» заңдарында дажазылған. «Бас жақсы» қалың малдың жоғарғы шегі саналған. Бас жақсыға бәйге мен көкпарда жүлделі орын алып жүрген сәйгүлік, берен мылтық, сауыт, атан түйе немесе күшті дуылғалықара нар енген. «Бас жақсы» қалың малы көбіне дәулетті адамдардың неке қатынастарында болған. «Қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті» өлшеміне қара мал саны кірген. Ал «Дөңгелек қалың малға» он бас қара мал кірген. Ол әлеуметтік жағдай төмен отбасылардың неке қатынасында болған. Шариғат бойынша маман Мұхан Исахан «Қалың мал туралы шариғат не дейді?» деген сұраққа өз пікірін білдірді:

 - Қалың мал қазақ халқы ислам дінін қабылдамай тұрып көшпелі елдің қолданысында болған. Кейін ислам дінін қабылдағанда қалыңмал шариғаттағы мәһір реңкін (трансформация) алып, неке шарттарының бірі ретінде қабылданған. Жалпы, қалыңмалды шариғатттағы күйеу жігіттің қалыңдығына беретін мәһір-сыйы деп есептеуге болады. Себебі, мәһір – әйелдің күйеуінен алған сыйлығы, ол әйелдің тәуелсіз мүлкі деп есептеледі. Күйеу жігіт берген қалыңмалға қарай қыздың жасауы әзірленеді. Егер, үйленгеннен кейін барып әйел жесір қалып жатса, күйеуінің берген қалыңмалына (мәһірі) алған дүние-мүлік оның өз меншігі болып саналады. Осы себептен де, қалыңмал беруді шариғатқа қайшы емес деп айта аламыз, - дейді ол. 

«Қалың малсыз қыздың құны болмас» деген қазақтың ұғымында қазір «мәһір» деген діни дәстүр де енген. Ендеше осы күні көп жігіттің «езуін жыртып» тұрып сұрайтын «мәһір» дегеніміз не?

Мәһір – күйеу жігіттің қалыңдығына жасайтын сыйлығы. Ол – қалыңдықтың ақысы немесе құны емес. Белгілі бір уақытта күйеуі қалыңдығына кешіктіріліп болсын, беруге міндетті діни салт. Егер келісілген мәһірдібермеген жағдайда ол – күнә болып саналады.Мәһір –  қалыңдықтың күйеуі өмірден озғанда немесе ажырасып кеткен жағдайда 3 айға жетерлік мұқтаждық. Оның құны кем дегенде 100 000 теңге болуы шарт, ал мөлшерінің шегі жоқ. Лажы болса екі жақтың шешімімен құны белгілегені дұрыс. Ол уәжіп, яғни мәһір – некенің шарты емес. Неке кезінде мәһір белгіленбесе де, неке қиылған болып есептеледі.  Исламда сатылуы немесе пайдалануға тыйым салынбаған дүниенің бәрін мәһір ретінде бере беруге болады. Тек Ислам дінінде харам етілген заттар, яғни арақ-шарап, арам өлген мал, ұрланған заттар және т.б мәһірге жатпайды.

Бұл күнде қазақтардың «мәһір» деп жүргендері бұрынғы қазақ дәстүрінде де болған. Тек ол «жасау» деп аталаған. Қалыңдық үшін төленетін қалыңмал сияқты ұзатылған қызға міндетті түрде берілетін азды-көпті мал-мүлік, киім-кешек, ыдыс-аяқтың бәрін қазақ «жасау» атандырған. Андреевтің деректеріне сүйенсек ұзатылған қазақ қыздарына берілетін жасау (мәһір): ақ отау, күміс ер-тоқымды салт ат, мылтық, садақ, киім кешек, кілем, төсек-орыннан тұрған. Ертеде жасау қыз ікесінің еркінде болған. Бұл туралы Ф.Лазаревский ауызба-ауыз этнографиялық мағлұматтар жинап жүріп мәлімдеген. Оның сөзінше, ХІХ ғ. екінші жартысында жасау құрамына қыздың әкесіне, шешесіне, апа-қарындастары мен аға-інілеріне және басқа да жақын-жамбарына  арналатын сыйлықтар кірген. Сондай-ақ, қалыңдықтың өзіне түйе, екі салт мінетін ат (оның бірі жорға), екі ер тоқым (оның бірі күміс, бірі ер), т.б әйелге керек күнделікті үй бұйымдары беріледі. Әрине аталғандардың бәрі берілмейді, әркім шамасына қарап берген. Айта кетейік, кедейдің қыздары жасаусыз-ақ тұрмысқа шыққан, ал байлардың қыздарының жасауында он шақты жаңа пұшпақ ішік, жиырма шақты қымбат шапандармен бірге, бірнеше қымбат тондар, жібек маталар да болған. Қыз жасауының ішінде шешесінің, тіпті әжесініңжасауымен келтен қымбат киімдер де болған. 5-10 түйеге жасау артып, оның 3-4-не кілем жауып, 20 шақты жылқы, елуге тарта қой айдататын байлар болған. Ірі байлар мен төрелердің қыздарына бұдан да көп болған. Қалыңдықты сатып алу көршілес халықтарда да болған. Оның ішінде татарларда ежелден қалыптасқан әдет. Олар ол салтын «махер» деп атаған. ХІХ ғасырда Қазан татарлары махер үшін 30-500 сомға дейін ақша және әр түрлі киім-кешектер, маталар, үй-мүліктері мен аздап мал берген. Оларда күйеу жағы махер мәселесін ешқашан сөз етпейтін, өйткені татарларда махерсыз ешбір қыз ұзатылмаған. Мәһір тарихының түйіні, «махер» сөзі сонау татарлардан келген. Тек қазақтар ол сөзді бұрмалап, «мәһір» етіп аударған.

Мәһір белгіленген уақытта әйеліне берілуі тиіс. Бірақ кейін ер мен әйелі бір жағдаймен ажырасып, ал мәһірдің белгіленген күні әлі келмесе, онда күйеуі әйеліне айтқан дүниесінберуі керек. Алда-жалда ері қайтыс болып кеткен жағдайда, әйел мәһірін артта қалған дүниесінен алады. Ал егер әйелі қайтыс болған жағдайда мәһірді оның мирасқорлары алады.

Қазір мәһірді «пайда көзі» етіп ұғатын қанша қарагөздерімізді әлеуметтік желіде байқаймыз. Блогерлердің қыздардан «Мәһірге не сұрайсың?» деп сауал алып жатқан бейнелерін көреміз. Сол кезде бұрымды сұлуларымыздың ат басындай алтын немесе автокөлік кейбірі Алматы, Астананың қақ ортасынан пәтер сұрайды. Ол өз алдында, кейбірі тіптен 2-3 үйір жылқы, дайын бизнес сұрап жататындары бар. «Қыздарға ақша маңызды» деген желең сөзден аулақпын, алайда «неге қыздарымыз дүниеге құмарланып кетті?» дейтін сұрақ менде де болды.

16 ақпан күні әлеуметтік желіде ерлі-зайыптылардың некелесуі қызу талқыға түсті. Отау құрмақшы ниетпен, мешітке неке қиюға келген жастардың мәһір мәселесі елді аузына қаратты. Отау құрғалы жатқан әпкеміз әлеуметтік желіде сылқымдарымыздай «сұраған деген осы екен» деп күйеуінің қалтасына ауырлық түсірген жоқ. Жай ғана күйеуінің амандығын сұрады.

«Мен мәһірді міндетті деп қабылдамаймын. Бастысы, ерімнің амандығы болса болды. Қалғаны Алланың қалауымен болар», - деп жауап қатты сыйдан бас тартқан келін.

Иә, жоғарыда сұраған қымбат дүниелерден гөрі бастың амандығы барын ұмытпағаныңыз да жөн. Алайда қыздарымыздың барлығы «байлыққа құныққан» деп айта алмайсың. Себебі кей бейнероликтерде «күйеуімнің жағдайына қарай мәһір сұраймын» дейтін бұрымдарымыз да жетерлік. Ол әрине адамды қуантады. Бейнероликтің астындағы пікірге ер азаматтарымыз «ниетіңнен айналып-ақ кетейін», «осындай қыздарды қайдан табуға болады?» деп жарыса жазады.

Күні кеше зорлық-зомбылыққа қарсы күрес ретінде жаңадан құрылатын отбасыларға арнайы орталықтар ашылу жөнінде жоспарланып жатқан болатын. Менің ойымша сол орталықтарда мәһіртақырыбы да көтерілсе, әйелдерге сол тақырыпта дәріс өткізілсе екен деймін.

Осы күні көп жас отбасылардың ажырасу себебінің басым бөлігі – мәһірдің берілмеуінен, яғни арзан дүниемен алдауынан болып жатқан жағдайлар. Ақиқатында, қыз тұрмысқа шығар алдында әр нәрсенің байыбына жетіп және моральдік түрде дайын болып шыққаны жөн. Мәһірден бастап, бала тәрбиесіне дейінгі ләуқойдан өткені абзал. Пайғамбарымыз с.ғ.с« Әйелдердің ең жақсысы – мәһірінің аз болғаны»деген. Ал пайғамбарымыздың сөзіне кереғар болып, «Мәһір – пайда көзі» деп ұғуымыз дұрыс емес.

Ислам Әден

Пікірлер