Қайта бұрынғы қазақтар араб сөздерін қазақ тілінің үндестік заңына салып, қазақтың өз сөзі етіп жіберген. Ол сөздердің кейбіреуі бастапқы мағынасын өзгертіп, басқаша мәнде айтылатын болған. Ал кейінгі уақытта арабша айтылуы бойынша ауыздарын қисаңдатып жүргендер баршылық. Әрине, олар исламға құлай берілген әсірелер. Исламды осы арқылы ұлықтамақ болғандар. Олардың бұл қылығы суға кеткен тал қармайдының кері сияқты.
Мына молда қазақтың қазір қолданып жүрген сөзінің 70%-ы араб сөзі деп көпе-көрінеу өтірік айтып отыр. Дерекке назар аударайық. 2015 жылы жарық көрген 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде 150 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі енгізіліпті. Ал 2017 жылы осы 15 томдық ықшамдалып шығарылған нұсқасында 106 мың атаулы сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылған екен. Ал islam.kz сайтында қазақ тілінде 600 мың сөз бар дейді.
Біз қазақ тіліне тікелей араб тілінен немесе парсы тілдерінің әсер етуімен енген 3000-ға жуық араб сөзі бар екенін білеміз. Сонда 600 мың демей-ақ, түсіндірме сөздікке енген 150 мыңға сүйенсек, қазақ тіліне енген араб сөздері 150 мыңның 2%-ы ғана болады. Ал мынау 70% дегенді қайдан алып отыр? Иә, бұлар осылай белден басуға бейім. Тым болмаса 7% десе шындыққа аздап болса да жанасар еді.
Негізі бұл тақырыптың мына молда сияқты бір тіл мен екінші бір тілдің, бір ел мен екенші бір елдің артықшылығын көрсету мақсатында айтылғаны кісіге абырой әпермейді. Өйткені түркі тілінен де араб тіліне енген сөздер жетеді. Ол сөздер араб тілінің заңдылығына бағынып кеткендіктен, оны қазіргі біздің тануымыз оңайға түспейді. Сол сияқты араб тілінен біздің тілге енген сөздерді қазіргі арабтар да оңайлықпен тани алмас еді. Сондықтан қазақ тілінде араб сөздері көп, сол себепті ислам ұлы деу – пасықтық.