Тәуелсіздік күні қарсаңында әртүрлі шаралар өтеді. Балаларды патриоттықта баулу үшін бұл - керек нәрсе. Бірақ сондағы айтылатын әңгімелердің кейбірін жаңарту керек деп ойлаймын.
1) Әлем.
Әлем таныған Қазақстан, Абайды әлем таныған, Шоқан әлемдік жаңалық ашқан деген секілді, не айтса да әлемді қосып айту. Бұл - Нұрсұлтан Назарбаев кезінде қалыптасқан әдет. Әлеееем, әлем деп отырушы едік қой. Әлемдік дін лидерлерінің съезі, ЭКСПО, әлем таныған Астана дегендей. Осыны қою керек. Не болса да қазаққа қаншалық пайдалы болды, со жағынан келу керек. АҚШ халқының 70%-ына әлемде не болып жатқаны қызық емес деседі. Өйткені оларға өздері қызық. Олар жердің кіндігі. Ал бізге өзіміздікінен басқаның бәрі қызық. Өзіміздікі әлемге қызық болса ғана өзімізге қызық.
2) Менделеев кестесі.
Біздің жеріміз бай, жеріміздің астында Менделеев кестесіндегі барлық элемент бар деген әңгіме. Бар болса не болыпты? Ол Ливияда да бар, аздап болса да кешегі қырылып жатқан Сирияда да бар. Венесуелллада да бар. Бар болғанынан бізге не пайда? Ол жерде біздің қандай еңбегіміз бар?
Біз жердің үстінде өмір сүріп жатқан адамдардың жетістігі туралы айтуымыз керек. Ғылыми жаңалық ашқандар, кәсіп ұстап отырғандар, шынайы өнер жасап отырғандар. Осыларды айтып мақтануымыз керек.
3) 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар.
Қазақстан көп ұлтты ел, 100-ден астам ұлт өмір сүреді дегенді қою керек. Одан да бұрынғы әнұранда айтқандай, “бауырға басқанбыз баршаның баласын” деуіміз керек. Біз бармыз, сосын біздің қанатымыздың астында өмір сүріп жатқан азын-аулақ ұлт бар.
4) Елбасының арқасы.
Сөз жоқ, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі бар, бірақ сол қиын кезде ол кісімен бірге жұмыс істеген қаншама адам бар, сол кездегі қиындыққа шыдаған халық бар. Соны да айтуымыз керек. Егер жақсылықтың бәрі Назарбаевтың арқасы десек, онда қателіктің де бәрі сол кісінің кесірі болып қалады.
5) Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік.
Біз Кенесары шәһит болғаннан кейін ғана біржола бодан болдық. Сонда айналасы бір-жарым ғасыр орысқа тәуелді болдық деген сөз. 1991 жылы тәуелсіздігімізді қалпына келтірдік. Осылай айтқанымыз абзал.
Балаларға қанша қиындық көрсек те аман шыққан, мықты халықпыз деген идеяны сіңіруіміз керек.
“Талайды өткердік, өткенге салауат,
келешек ғажайып, келешек ғаламат,
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз”.
“Менің елім, менің жерім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің - Қазақстаным!”
Арман Әлменбет