Заң нормалары өзгерді

792
Adyrna.kz Telegram

Ағымдағы жылдың 16 маусымында «Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. 15 заңнамалық актіге (7 кодекс және 8 заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Негізгі жаңашылдығы – тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық шеңберге ауыстыру және зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны күшейту болды. Осы орайда  БҚО-да құқықтық саясаттың іске асырылу барысы, халықтың құқықтық мәдениетін, толеранттылығы мен құқықтық санасын қалыптастыру бойынша  атқарылып жатқан жұмыстар, жазатайым оқиғалар туралы облыс прокурорының көмекшісі Динара Нұрсұлтановадан сұраған едік.

 

Динара Есболатқызының айтуынша, Заң нормалары отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша ақпараттық-анықтамалық, психологиялық қызмет функцияларын жүзеге асыратын «111» байланыс орталығының мәртебесін анықтайды.

   –   Осы бағытта жергілікті атқарушы органдардың жанынан «Отбасын қолдау» орталықтары құрылған. Енді жұмыс беруші қызметкерге тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда болу мерзіміне демалыс беруге міндетті. 16 жасқа толмаған балаларды қоғамдық көліктен күштеп түсіруге тыйым салынады. Бұл үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Әкімшілік құқық бұзушылықтардан денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша тараптардың татуласуы алынып тасталды. Жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Енді кәмелетке толмаған баланы қудалау (буллинг, кибербуллинг) үшін ескерту немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға мұндай әрекеттерді жасау ескерту түріндегі немесе ата-аналарға 10 АЕК мөлшеріндегі айыппұл салуға әкеп соғады, – дейді Динара Есболатқызы.

Жыл сайын жаздың басталуымен балалардың терезеден құлап кетуіне байланысты жазатайым оқиғалардың көбеюі байқалады. Балалар әртүрлі жарақаттар алады, өкінішке орай, өлім жағдайлары жиі тіркеледі. Жазғы маусымның басынан бері уәкілетті органдар түсіндіру жұмыстарын, рейдтік іс-шараларды жүргізіп, брошюралар мен қауіпсіздік шараларын таратып, 20 көпбалалы отбасының үйіне төтенше жағдайлар органдары терезе блокаторларын орнатқан. Биылғы жылы балалардың терезеден құлауының 9 жағдайы тіркелсе, біреуі өліммен аяқталды. Мұндай жағдайлар балаларды ата-анасының қарауынсыз қалдыру, жақын маңдағы ересектердің немқұрайлылығы мен жауапсыздығынан орын алып отыр. Осыған байланысты ата-аналар балаларына сақтықпен қарап, кішкентай балаларын қараусыз қалдырмауы, балалардың терезенің жанында орналасқан жиһазда ойнауына жол бермеуі, терезелерге блокаторлар мен құлыптар орнатуы қажет.Облыс прокурорының сөзіне сүйенсек,  бала өлімінің тағы бір себебі – суға бату. Биыл суға батып кетудің 7 жағдайы тіркелсе, оның 5-уі кәмелетке толмағандар. Ақжайық ауданы Мерген ауылында суға түсуге тыйым салынған жерден үш қыздың мәйіті шығарылды. Олардың барлығы 8-сынып оқушылары. Екеуі 13 жаста, біреуі – 12. Ата-анасының рұқсатымен суға түскен.

2024 жылдың өткен кезеңіне облыста 499 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 745 адам зардап шекті, оның ішінде – 53 адам қайтыс болса, – 692-сі жарақат алды. Осылайша, жол-көлік оқиғасының өсу деңгейі – 138 пайызды құрап отыр.

Елді мекендердегі жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткелінен өту тәртібін бұзуы және қиылыстардан өту тәртібін сақтамауы, республикалық маңызы бар тас жолдарда – басып озу, маневр жасау ережелерін бұзу, жылдамдықты шектеу мен қашықтықты сақтамау, сондай-ақ қараусыз қалған малдар. Әрине, бірінші кезекте, жол-көлік оқиғасының бірден бір себебі –ол жолдар жамылғысының сапасыздығы.

Бұл ретте прокуратура үйлестіруші ретінде Үйлестіру кеңестерінің отырыстарын, ведомствоаралық отырыстарды өткізеді, оның қорытындысы бойынша белгілі бір шешімдер қабылданып, орындауға жіберіледі.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында атап өткендей, қазақстандықтар жол қозғалысы ережелерін жаппай бұзғаны және жолдардағы кең таралған дөрекілік үшін өз өмірлерін қияды.

Көлік жүргізу мәдениеті – ең алдымен жолдағы қарым-қатынас болып табылады. Өзара көмек көрсету. Барлық жол қозғалысында қатысушыларды құрметтеу. Жүргізу мәдениеті әрқайсымызға байланысты.

Жол-көлік оқиғаларын, тіпті адам шығынын тудыруы мүмкін кішігірім құқық бұзушылықтарға да толық төзбеушілік қажет. Әсіресе, балалар мен оқу орындарының, жаяу жүргіншілер өткелдері мен қоғамдық көлік аялдамаларының жанында барынша сақ болу керек.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Пікірлер