Алматыда психикалық науқастарды өлтіріп, мүлкін иемденгендерге қатысты сот басталды

545
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Сурет: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

Алматы қаласының қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сотталушылардың арасында Психологиялық сауықтыру орталығының (ПСО) бұрынғы бөлім меңгерушілері, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, нотариустар, жылжымайтын мүлік агенттері және рецидивист, жалпы саны 22 адам бар, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі orda.kz-ке сілтеме жасап.

БАҚ-тың мәліметінше, бұл топ психикалық ауруы бар жалғызбасты адамдарды тауып, олардың мүліктерін иемденген. Олар кейбір науқастарды қамауда ұстап, пәтерлерін өздеріне жазып, сатып жіберіп отырған. Ал кейбіреуін тіпті өлтіріп тастаған. 

Құқық қорғаушы, отбасылық және мұрагерлік құқық бойынша маман Ренат Қадыров ұйымдасқан қылмыстық топтың шамамен 10 жыл бойы психикалық ауруы бар адамдарды үнемі тонап, олардың бостандығына қол сұғып, мүліктерін алып отырғанын мәлімдеді.

«Қылмыстық топ мұқият ойластырылған схеманы қолданды. Олар ұрлаған психикалық ауруы бар адамдарды заңсыз жылжымайтын мүлік рәсімдеу үшін пайдаланған. Қылмыстық топ жылжымайтын мүлікті жалған тұлғаларға рәсімдеумен өз істерін жасырып, қылмыстық әрекеттерін заңдастырды. Бұл оларға құқық қорғау органдарының күдігін тудырмай, мүлікті бақылап, иемденуге мүмкіндік берді»,—дейді маман.

Айта кетейік, қылмыстық іс 2022 жылдың қараша айында қозғалды. Тергеу 37 эпизодты бөліп көрсетті, олардың көпшілігі Алматы қаласындағы тұрғын үйлерді заңсыз иеленуге қатысты алаяқтық туралы. «Каблуков көшесіндегі психиатриялық ауруханасы» деген атаумен белгілі Психологиялық сауықтыру орталығының қызметкерлері қылмыстық топқа клиникадағы жалғызбасты науқастарды көрсетіп берген.

Пікірлер