Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық округі әкімдігі 212 ағашты кесуге бюджеттен 6 387 118 теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.
Талғар ауданының Панфилов ауылдық округі әкімінің аппараты 16 қыркүйек күні "Екпе ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары" деген тақырыппен тендер жариялаған. Мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы 23 қыркүйек күні анықталады. Техникалық сипаттамада тапсырыс орындаушы ауылдық округ аумағындағы қураған апатты ағаштар мен жол белгілерін жауып қалған бұтақтарды бұтауға міндеттелетіні, 2024 жылдың қыркүйек пен қазан айларында 212 ағашты биіктігі 8,5 метр болатындай етіп біркелкі кесіп шығатыны, қураған апатты бұтақтардан тазалап, ағаш қалдықтарын арнайы полигонға апарып төгетіні, техникалық қауіпсіздікті сақтау қажеттігі, т.б талаптар көрсетілген. Сондай-ақ, ағаштарды отамас бұрын аудандық электр торабы, телекоммуникация торабы, су арнасы, жол инспекция мекемелерімен келісім жасау керектігі де айтылған.
Техникалық сипаттамаға қарағанда жұмысты атқарушы компания 212 ағашты түп-тамырымен тұтастай кесіп тастамайды. Жол белгілерін жауып қалған бұтақтарды бұтап, қураған ағаштарды кесіп, тым биіктеп кеткен теректердің ұшын қысқартып, бірқалыпқа түсіреді. Яғни, 6 387 118 теңгеге бар болғаны 212 теректің "қисық өскен" бұтақтарын бұтап шығады деген сөз. Енді өзіңіз есептеп көріңіз, ауылдық әкімдік бір теректі кесуге бюджеттен 30 мың теңгеден аса қаржы жұмсағалы отыр.
Әрине, мемлекеттік сатып алу шартына сай бағаның бұдан да сәл арзандауы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Десе де, бір теректің қураған бұтағын кесу үшін бюджеттен 30 мың теңгеден аса қаржы жұмсау ақылға сыя ма? Алматы облысы —жасыл желек жамылған, тал-терегі жайқалған нулы өңір. Ол өңірдегі әр ағаштың қураған бұтағын 30 мың теңгеге бұтата берсек, халық қазынасында қаржы қала ма? Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Олардан жеткен жауапты алдағы уақытта жариялайтын боламыз.
Асыл Абай
"Адырна" ұлттық порталы