«Кеңес заманында халық жауы атанғандарды тәуелсіз Қазақстанның батыры етіп көрсету маңызды»

3242
Adyrna.kz Telegram

2020 жылдың 24 қарашасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Бұл комиссия қалай жұмыс істейді? «Адырна» ұлттық порталының тілшісі Алматы облысы, Жаңалық ауылында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Мусабаев Мейіржан Бахытжанұлымен сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз.

- Комиссия құрылған сәттен бастап осы уақытқа дейін қандай жұмыстар жүзеге асырылды?

- Саяси қуғын-сүргін деген тек 1937-1938 жылдардағы ату жазасына кесілгендер ғана емес, сонымен қатар, 1928-1930 жылдардағы шаруа көтерілісіне қатысқандар, қудалауға ұшырағандар, ашаршылық құрбандары, басқа жаққа босқын болып кеткендер, күштеп көшіру осының әрқайсысы бойынша жұмыс істейтін жеке жұмыс топтары құрылып, әр топ өз жұмыс бағыты бойынша жұмыстарын жүргізіп, зерттеулер жасап, ақталмағандардың тізімін өткізіп отыр.

Архивтарда құрбандардың көптеген құжаттары әлі де болса құпия түрде тұр. Сондықтан комиссияның ішінде құпиясыздандырумен айналысатын комиссия жұмыс істеуде. Олар құпия түрде сақталған құжаттарды құпиясыздандырып, зерттеушілердің қолына ашық түрде жеткізіп отырады. Қазіргі таңда ол құжаттармен тек рұқсаты барлар ғана жұмыс істей алады. Дегенмен, жабық архивтардан алынғандықтан ол деректер мен суреттерді еш жерде жариялауға, көрсетуге болмайды.

Мемлекеттік комиссиямен қатар әр облыс бойынша және үш қала бойынша өңірлік комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Ол комиссиялардың жұмыся өз өңірінің реперессия құрбандарын анықтау және есімдерін ақтауға ұсыну.

- Комиссия құрылған сәттен бастап қанша адам ақталды?

- Әлі бірде бір адамды ақтаған жоқ. Қазір тек ай сайын ақтауға адамдардың тізімін ұсынып жатырмыз.

- Комиссия қанша уақытқа құрылды?

- Комиссияға нақты уақыт берілмеген. Ең соңғы құрбан ақталғанға дейін комиссия жұмысын тоқтатпайды.

- Мемлекет қаржылай көмек көрсете ме?

- Алматы облысы бойынша 7 жұмыс тобы бойынша 18 адам жұмыс істейді. Сол жұмысшыларға атқарған жұмысына қарай қаржы бөлініп отырады. Одан бөлек іссапар мен экспедицилардың барлығын Алматы облысының әкімшілігі қолдап, қаржылай көмек көрсетіп отырады.

- Комиссияның мақсаты мен міндеті қандай?

- Комиссияның мақсаты - қызыл террордың құрбаны болғандарды ақтап, тарихтан өздеріне лайықты орнын беру. Жастарға насихаттау және де Кеңек үкіметінің ұлтқа қарсы жасаған қастандықтарын зерттеп, зерделеп жарыққа шығару.

- Комиссия құрамында кімдер бар?

- Комиссия құрамында академик, профессор ғалымдар, жылдар бойы репрессия тақырыбында зерттеу жүргізіп жүрген зерттеушілер бар.

- Комиссия қалай жұмыс істейді және ол қандай кезеңдерді қамтиды?

- 20 ғасырдың 20-50 жылдарының аралығындағы репрессия зерттеледі. Комиссия архив құжаттарымен және де өңір-өңірлерге экспедициялық жұмыстар жүргізіп өңірлік өлкетанушылар және тарихшылардан деректер жинап, құрбандарды ақтаумен айналысады.

- Бұған дейін де саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жүргізілді. Бұл комиссияның өзгешелігі неде?

- Репрессия құрбандары негізінен қылмыстық кодекстің екі статьясы бойынша сотталғандар. Бұған дейінгі комиссияда екі статья көбіне қаралған. 58 статья - халық жауы, 59 статья - бандитизм. Ал қазіргі комиссияның жұмысы - жаппай толық ақтау. Басқа да статьялармен сотталғандар, босқынға кетіп қалғандарды анықтап, ақтау.

- Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау қаншалықты маңызды?

- Оның бір маңыздылығы - өткеннен сабақ алу. Ұрпаққа дұрыс тәрбие беру. Саяси қуғын-сүргін құрбандары келер ұрпақ тәуелсіз, егеменді елде білім алып, өз тілінде сөйлесін деп өздерін құрбан еткен. Сол еңбегін жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Екіншіден, ұрпақтар үшін де маңызды. Әкелері, аталары «Халық жауы» деп сотталған кезде оларды да «Халық жауының баласы» - деп оларды да қудалап, талай қиыншылықты бастарынан кешкен.

Кеңес заманында халық жауы атанғандарды тәуелсіз Қазақстанның батыры етіп көрсету маңызды.

- Қазақстанда репрессияға ұшыраған өзге ұлт өкілдері де ақтала ма?

- Иа, мәжбүрлеп көшірілгендер, яғни депортацияға ұшыраған өзге ұлт өкілдерін анықтап, зерттеу жұмыстарын жүргізетін топ бар. Олардың жұмысы - депортацияға ұшырағандарды анықтау. Өзге ұлт өкілдерінің қаншауы көшірілді, қанлшауы ақталды т.б. деректерді жинақтап, оларды ақтауға ұсынады.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскендер, соғыс біткен соң тұтқыннан босатылып қайтып келген кезде оларды тұтқынға түскені үшін «Халық жауы» деп тағы да 10 жылға соттап жіберген болатын. Соларды да ақтайтын арнайы жүмыс тобы бар.

- Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауда музейлердің атқаратын рөлі қандай?

- Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған төрт музей бар. Қарағандыда Долинкада орналасқан КарЛаг лагерінің орнындағы музей, Нұр-Сұлтан жақтағы АЛЖИР лагерінің орнындағы музей. Шымкент қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей және Алматы облысы, Жаңалық ауылында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей.

Музей қызметкерлері де жұмыс топтарына мүше. Басқа да зерттеуші, ғалымдармен бірге архивтарда жұмыс істеп, ақталмағандарды ақтаумен айналысуда. Сонымен қатар, ақталған, бірақ есімдері еш жерде көрсетілмеген тұлғаларды дәріптеп, олардың еңбектерін жас ұрпаққа жеткізумен музей айналысады.

 

Лаура ТҰРСЫНЖАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер