Жамбыл облысының тұрғыны еңбек кітапшасындағы тегінің дұрыс жазылмауына байланысты зейнетақы төлемін беруден бас тартқандықтан сотқа жүгінді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Азаматтық іс Жуалы аудандық сотында қаралды.
"Талапкер Б. 1985-1998 жылдары Жуалы ауданының "П" ұжымдық шаруашылығында түрлі мамандықтар бойынша жұмыс істеген. Құжаттарды рәсімдеу барысында Зейнетақы төлеу орталығы еңбек кітапшасындағы фамилияның дұрыс жазылмауын алға тартып, төлем жасаудан бас тартқан", – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Іс қарау барысында сот ер адамның аты-жөні мен аталған шаруашылықта жұмыс істеген жылдары көрсетілген архив анықтамасының бар екеніне назар аударды.
Талап қанағаттандырылып, еңбек кітапшасының талапкерге тиесілі екені танылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.