Астанада министрлер, шенеуніктер мен депутаттар қазақ тілі курстарына жаппай ағыла бастады

2965
Adyrna.kz Telegram

Ал мемлекеттік тілді үйрететін  мұғалімдер   вип-клиентерінің барлығын қабылдап   үлгере алмай жатыр.  Себебі соңғы бірнеше күнде   арнайы курстар мен қазақша онлайн-сабақтарға жазылушылардың қатары күрт көбейген. Яғни, Парламент пен Үкімет мүшелері  тілді тездетіп үйреніп алуға жанталасуда. Осыған қарағанда министрлер мен депутаттар бұдан кейін қазақшасыз жұмыс істеу қиын болатынын жақсы түсінген сынды.

Астанада қазақ тілін жеңіл әрі түсінікті әдіспен оқытатын маман  тапшы. Қазір мұндай мұғалімдерге сұраныс өте жоғары.  Өйткені, Президент  Үкімет пен Парламенттің жиыны  тек қазақша өтсін  дегелі,  министр мен  шенеунік біткен жеке сабақ беретін ұстаз іздеп әлек. Мәселен, екі сөйлемнің басын әрең құрайтын Ұлттық банк төрағасы қазақша үйренуге енді кірісіпті.

Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы:

-Мен қазақша тілінен қазір оқимын. Үш рет аптада мұғаліммен, ұстазбен оқимын. Қазір ғана ешқандай проблемалар менде жоқ.

Біліп тұрғанын қазақша жеткізе алмай қор болып жүргендердің тағы бірі – Ұлттық экономика министрі. Тимур Сүлейменов  5 жыл Ресейде өмір сүріп, елге оралғанда  ана тілін  мүлдем ұмытып қалдым дейді.Министр  жеке ұстаз жалдап, қайта оқып жүрсе де, ойын толық жеткізе алмайды.

Тимур Сүлейменов, Ұлттық экономика министрі:

- Күнде оқып жатырмын, оқытушым бар. Көп аса газеттерді оқимын, фейсбуктегі постарды оқимын. Өйткені, менің деңгейім қазақшам тілім деңгейі  өздеріңізге мәлім.

Депутаттар да көштен қалмай тіл үйреніп  жанталасуда. Бірі курстарға жазылса, екіншісі онлайн-сабаққа қатысады екен.

Сергей Громов, Сенат төрағасының орынбасары:

-Я всю жизнь занимаюсь казахским языком.Понимаю многое. Занимаюсь над совершенствованием его знания, изучаю его и продолжаю изучать.

-19.03.49. Қазақша что нибудь скажите?

-Ладно, потом.

Ал  жалпы шенеуніктер мен халық қалаулыларын сең қозғаған бұл аптада Астанадағы қазақ тілін оқытатын орталықтар тыпыршып қалды. Білікті маман тапшы. Тіпті, онлайн-курстарға да жазылушылар еселеп артқан. Мәселен, интернет арқалы қазақ тілін оқытатын «Сөйле.кз»  сайтына  екі күнде екі мың адам жазылыпты. Бұл сайтта онлайн-ұстаздар әріп танудан бастап сауатты жазып, сөйлеуге  көмектеседі.

Азат Шәуеев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры:

- Мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде ұлттық компаниялардың қызметкрелері көп Астанадан, Алматыдан. Бірнеше депутаттар бар, бірнеше министрлер бар біздің сайтта тіл үйреніп жатқан, бірнеше облыс, қала  әкімдері бар.

- Мамандардың айтуынша, адамның  қазақ тілінде еркін сөйлеуіне  үш ай жеткілікті. Ол үшін тіл үйренуші  күніне кем дегенде жарты сағат сабаққа уақыт бөлуі тиіс. Яғни, біздің министрлер мен депутаттардың  Қазақстанда тұрып қазақша сөйлей алмауы  енжарлығынан екен. Ал Президенттің тапсырмасынан кейін жаппай қозғала бастаған Үкімет пен Парламент мүшелерінің мемлекеттік тілге деген ынтасы қанша уақытқа жетері белгісіз.


Автор: Жәудір Оразхан

ktk.kz

Пікірлер