ҚХА: Мемлекеттік тілді үйрету қарқынды жүруде

1745
Adyrna.kz Telegram

1995 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл саяси шешім арқасында іске асты және өзінің маңызды институт екенін уақыт еншісімен дәлелдеді. Сол аралықта Қырғызстанда қақтығыстар болып, этникалық сипат алды. Ош қаласындағы қақтығыстар ең бір қанқұйлы оқиға ретінде сипатталады. Дәл осындай оқиға Тәжікстанда да, Өзбекчтанның Ферғана жазықтығында да болды. Олардың тарихи салған жарасы әлә жазылмады және әлсін-әлсін қоғамда көрініс тауып тұрады. Мәселенің әлі реттелмеуі этникалық қақтығыстарды тек қана күштік құрылымдар арқылы реттеуге тырысу, ал қандай да бір реттеуші ұйым мен институттың болмауынан еді.

Бұл тұрғыдан Қазақстан халықтар ассамблеясын құрып, ұтымды тәсіл қолданды. Өзге елдердің тәжірибесіне қарап, жаңа бағыт ұстанды. Ассамблеяның мақсаты тек қана мәдени емес, сонымен бірге саяси мәселелерді реттеу. Кішігірім туындаған этникалық қақтығыстар соңында бейбіт әрі жылдам шешілуіне зор ықпал етуде.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы еліміздегі сан түрлі ұлттың мәдениеті мен дәстүрін ғана сақтап қоймай, сонымен қатар қоғамда татуластырушы, реттеуші институт рөлін де атқарып келеді. Мысалы саяси мәселелерде этносаралық татулықты сақтау үшін Парламенттегі 9 депутат арнайы Ассамблея атынан отырады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының рөлін қоғамда нығайту үшін тағы бір өзгеріс енгізілуде, ол мемлекеттік тілді қоғамды біріктіруші тіл статусына дейін көтеру.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ тілінің рөлін күшейту үшін Ассамблеяның да маңызды екенін атап өткен еді. «Елімізде қазақ тілінің маңыздылығын күшейту сәті келді. Мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тіліне айналдыру керекпіз» деген еді президент.

Қазақстанда қазақ тілінің үстемдігін арттыру үшін 2020 жылы Ассамблея конгрессінде қазақ тілін өсіру бойынша резолюция қабылданды. Оның мақсаты арнайы тіл үйрету бойынша мектептер ашып, одан бітіріп шыққан жандар тілді меңгеріп шығуы тиіс.

Қазақ тілін дамыту бойынша түрлі жиындар өлкелер бойынша өтіп жатыр. Мысалы жақында Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Кәсіпкерлер кеңесінің «Мемлекеттік тіл – этностардың біртұтас қазақстандық қоғамға бірігуінің факторы» тақырыбында жиын өтті. Жиын пандемиялық жағдайға байланысты онлайн форматта іске асты. Шараға Кәсіпкерлер кеңесінің, Аналар кеңесінің мүшелері, Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала кәсіпкерлері қатысты. Жиынға қатысушылар мемлекеттік тілді дамыту баршаға ортақ парыз екенін, осы уақыт ішінде қыруар істер атқарылып жатқанын атап өтті.

Елордалық Достық үйінде қазақ тілін жетілдіремін деушілерге арналған «Мәміле» ауызекі қазақ тілінің пікірталас клубы өз жұмысын басталды. Барлық дәрістер мемлекеттік тілге, қазақ халқының мәдениетіне құрметпен қарауға, алған білімдерін күнделікті өмірде іс жүзінде қолдануға тәрбиелеуге арналған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілге қатысты «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – әрбір қазақстандықтың парызы. Барша қазақстандықтар, соның ішінде әлі күнге дейін қазақ тілін білмейтін отандастар да бар. Біз жастардың ағылшын тілін немесе басқа тілдерді қысқа мерзімде меңгере алатынын көріп отырмыз. Халық арасында ештен кеш жақсы деген сөз бар. Ең бастысы, ынта керек» деген болатын.

Расында, президенттің осы бағдарламалық мақаласында айқын атап өтілгендей, еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл екені даусыз. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерінің қатары күн санап артып келеді. Солардың бірі Владимир Чепель.

Владимир Чепель қазақ тілін жақсы меңгерген. Өзі «екі ана тілім бар, бірі орыс, бірі қазақ» дейді ол. Владимирдің ойынша ауылдық аймақта мемлекеттік тілді меңгеру бойынша ешқандай да мәселе жоқ, барлық ауыл тұрғындары қазақ тілін меңгерген. Қазақ тіліне қатысты мәселе қалалық аймақта қатаң тұр.
«Қалада жастар көбіне қазақша сөйлемейді. Менің ойымша қазақ тілін білмейтін жастарды мемлекеттік тілді үйрену үшін ауылға жіберу керек. Олар ауылда өте жақсы тәжірибе жинайды, өйткені ауылда аталар мен әжелер бар, олармен араласады. Бұл мәселені этноауылдарды құру арқылы шешуге болатын сынды. Туризмнің бұл бағыты қазақ тілі мәселесін де шешуге негіз болады. Қазір Қазақстан Халқы Ассамблеясында мемлекеттік тілді үйретуге қатысты көптеген тегін бағдарламалар, курстар бар. Ең бастысы азаматтар қате сөйлеуден ұялмай, үйренуді бастаса болғаны», - дейді Владимир Чепель.

Ол президенттің мемлекеттік тілді дамытуға қатысты ойын толық қолдайтынын айтады. «Ассамблея отырысында қазақ тілін үйренуге қатысты мәселелер көтерілді. Менің ойымша Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі татулық пен тыныштықты, бейбітшілікті сақтауға арналған қазақ тілінің рөлін күшейтудің маңызды екенін атап өткен еді. Менің ойымша мемлекеттік тілді білу этносаралық қатынастарды ұлғайтып, бірлікті күшейте түседі», - дейді ол.

Владимир Чепель жұмыста тек қана қазақ тілінде сөйлейтінін айтады. «Мен мемлекеттік қызметкермін. Ауылдық аймақта тұрамын және қазақ тілін жақсы білемін. Бізге келген ауыл тұрғындарының мәселесін бірден шешуге тырысамын. Өз ойымды еркін айта аламын. Өз өлкемнің тарихын, мәдениетін жақсы білем деп айта аламын»– дейді Владимир.

Владимир Чепель қазақ тілін білу сән үшін емес, қоғамдағы қажеттілік үшін маңызды деген ойда. Өйткені жыл өткен сайын елімізде қазақ тілін білетін жандар саны артып келеді, сонымен қатар қазақ ұлтының да саны артуда. Ал бұл сөзсіз өз кезегінде мемлекеттік тілді қолданушылар санын да арттыра түседі. Сондықтан қазақ тілі уақыт еншісімен мемлекеттегі басты тіл болуға жақын.

Владимир қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдерін көргенде таңданыс білдірудің артық екенін айтады. Оның ойынша бұл заңдылық. Кез келген елде мемлекеттік тіл бар және оны қандай ұлт екеніне қарамастан білу керек. Бұл әлемнің барлық еліндегі бұлтартпас ереже.

Тіл – халықтың басты байлығы. Тілде халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі, тұрмысы бар. Ежелден ата-бабаларымыз өз білімін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ең басты құндылықтарды тілдің арқасында бойына сіңіріп келеді. Әлемде 7 мыңнан астам тіл бар. Әрбір этнос өз ана тілін, өз елінің тілін бағалайды және құрметтейді.
Қазақстан Республикасының аумағында 130-ға жуық этностың тұратыны, олардың әрқайсысы өз ана тілінде сөйлейтін, өз салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұстанатын, өзіндік мәдени кодтарын сақтайтыны анық. Оған мемлекеттік саясат толық мүмкіндік береді. Мемлекеттегі ұлтаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады.

Қазақстанда Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тілдердің көп мәдениеттілігіне қарамастан, мемлекеттік тілді құрметтеу – еліміздің әрбір азаматының міндеті. Бүгінде тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде қазақстандықтардың көпшілігі мемлекеттік тілді жетік меңгергенін айта кеткен жөн. Оқу орындарында қазақ тілі жүйелі түрде оқытылады, аға буын өкілдері үшін жұмыс орындарында мемлекеттік тілді меңгеру курстары ұйымдастырылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы пандемияға қарамастан мемлекеттік тілді білуге, үйренуге арналған курстарды онлайн форматта жасауда. Онлайн жұмысқа көшуге байланысты сабақтардың форматы да өзгерді. Сабақтар әлеуметтік желілердегі «Жыл мезгілдері», «Наурыз мейрамы», «Салт-дәстүр», «Бірлік күні», «Құттықтау сөздер», «Амандасу» т.б. тақырыптардағы жарияланымдар арқылы онлайн жүргізіле бастады. Бұл жаңа формат, алайда оның өз эффективтілігі бар.

Қоғамда қазақ тілінің дамуына Қазақстан Халқы Ассамблеясы да зор үлес қосуда. «Ассамблеяның жұмысы көрінбейді» деген жаңсақ пікірді жоғарыда аталған шынайы шаралар жоққа шығарып тұр. Ассамблея аясында ашылған мемлекеттік тілді үйренуге негізделген курстар өз жемісін беруде. Клубқа қатысушы жастар саны да уақыт өткен сайын артуда. Қазіргі таңба курстар тек қана дәстүрлі форматта емес, түрлі заманауи технологияларды қолдануда. Мысалы онлайн формат, әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер, челлендждер, санаға әсер ететін роликтер, үйрету роликтері, табиғат аясында кездесу және басқалары деп атасақ болады. Сондықтан Қазақстан Халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға қосып жатқан рөлі орасан.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер