МҰХТАР ТАЙЖАН: Біздікілер бірінші халықтың жағдайын жасауды емес, өздерінің жағдайын жасауды ойлайды

2369
Adyrna.kz Telegram

МОНОПОЛИЗМ БАР ЖЕРДЕ ЭКОНОМИКА ҚҰРИДЫ

(Мұхтар Тайжанның Facebook-тегі жазбасынан)

Ел өміріне, ұлт тағдырына келгенде шынайы жанашырлық танытып күйінетін, әр мәселені құр сөзбен емес батыл қадамдармен шешуге тырысатын азаматтар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі - қоғам қайраткері, экономист Мұхтар Тайжан. Күн тәртібіндегі мәселелердің мәніне терең үңіліп, толғамды ойлар айтып жүрген саясаткермен жер мәселесі, АЭС салу, ұлт болашағы жайлы әңгімелескен едік.

– Ұлт болашағында сізді не алаңдатады?

– Алаңдататын мәселе көп. Ең бірінші білім деңгейінің түскені. Бүгінгі ата-ана сонау тоқсаныншы жылдардың басында туған жастар. Олардың көбінің мойнында несиелері бар. Тұрақты жұмыстары жоқ. Халқымыздың тең жартысы қазір ауылда тұрып жатыр. Олар да шаруашылықпен айналысайын десе, бос жер таба алмай қиналады. Бұл да жұмыссыздыққа әкеледі. Күнкөріс болмаған соң ер азаматтарымыз ішкілікке салынып кетеді. Ал қаладағы ата-аналар баласына қарауға уақыт таппайды. Баланы тәрбиелеу оңай емес. Құдайға шүкір, қазір елімізде жыл санап көпбалалы отбасылар саны артып келеді. Бірақ бала мен ата-ананың арасындағы байланыс ажырап қалды. Қазір баласына кітап оқып беретін әке-шеше де, ата-әже де жоқ. Осы мәселе мені бір толғантса, екінші осы балалардың болашағы алаңдатады. Қазірге дейін қаншама елде болдым, қаншама мәдениетпен таныстым. Сонда көзім жеткені біздің жастар талантты, текті. Қытайда миллионның ішінен бір гроссмейстер шыққан жоқ, ал Үндістаннан тек біреу ғана шықты. Біздің елдің екі қызы шахматтан әлемді мойындатып, гроссмейтер атанды. Яғни біз балаларға дұрыс тәрбие мен білім бере алсақ, болашағымыз да жарқын болады. Ал осындай деңгейге жету үшін халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуымыз қажет. Ол үшін жұмыс орындарын ашуымыз керек. Қаладағы халыққа зауыт, фабрикалар ашып, азаматтарды тұрақты түрде жұмыспен қамтуымыз тиіс. Кедей, жағдайы жоқ жанның намысы да азаяды, денсаулығы да нашар болады. Өйткені денсаулыққа қарау үшін қаржы қажет. Қарапайым анализдерді тапсырудың өзі, тіс емдетудің өзі қалай қымбаттап кетті? Ал мемлекеттің басты мақсаты халықтың жағдайын жақсарту. Бұл дегеніміз халыққа тек ақша беріп отыру емес. Қазір ел бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік мақсаттарға арналған. Біз халыққа балық емес, қармақ беруіміз қажет. Қармақ дегеніміз ауылда тұратындарға жер, қаладағыларға жұмыс орындары.
Бүгін ашылған зауыт ертең жабылып қалады

-Азық-түлік күн өткен сайын қымбаттауда. Ал азаматтардың айлығы сол қалпы. Бір сөзіңізде «19 миллион халқымызды әлі байыта алмай келеміз» дедіңіз. Не кедергі?

-Жер астындада, жер үстінде де тиімді пайдалансақ байлық жетерлік. Мұнай мен газға бай Норвегия, БАӘ сынды дамыған елге айналуға толық мүмкіндігіміз бар. Польшада оқып жүрген кезімде үлгі алатын ұстазым болды - ол Лешек Бальцерович. 10 жыл әскери ахуалда өмір сүрген Польшаның жағдайын жақсарту үшін билік басындағылар сол профессорды премьер министрдің бірінші орынбасары болуға шақырды. Ұстазымыз ел экономикасын жақсартуға көп еңбек етсе де, бізге сабақ беруін тоқтатқан жоқ. Қанша жыл жылы креслода отырса да бұрынғы 3 бөлмелі пәтерінде тұрды. Міне адалдық. Ал біздің министрлер қандай? Бірінші халықтың жағдайын жасауды емес, өздерінің жағдайын жасауды ойлайды. Екі ядролық бомба жарылған Жапония, біз сияқты отарлықтан шыққан Оңтүстік Корея, жемқорлықтың ошағына айналған Сингапур, бір кезде балықшылар елі болған БАӘ қазір қандай елге айналды? Сонда неге біз отыз жылда ел жағдайын жасай алмай келеміз?

Енді бағаларды қараңыз. Бұрын 30 мыңға алатын азық-түлікті, қазір 80 мыңға алып жүрміз. Мысал ретінде өз басымнан өткен жағдайды айтайын. Мен 2 жыл бойы пияз шығарумен айналыстым. Көктемде диқандарды қаржыландырып, күзде өнімді алып отырдым. Бір қарағанда пияз отандық өнім. Енді зерттеп қарасақ пияздың тұқымын жыл сайын Голландиядан алдырдық, еккеннен кейінгі тыңайтқыштар Швейцариядан келеді, тағы да импорт. Пиязды жинайтын комбайн да Қазақстанда шықпайды, соляркасы да импорт. Пиязды салатын сетканы да Қытайдан алдырдық. Сонда сол пияздың қай жері отандық өнім болады? Кез келген тамаққа күнделікті пайдаланылатын ең қарапайым өнімнің өзі импорттық тауар болып тұр. Яғни доллар өскен сайын, өнім де қымбаттайды. Экономикалық қауіпсіздігімізді сақтап қалу үшін біз өнімді 100 пайыз өзіміз шығара алатындай болуымыз қажет. Осы жылдар бойы қарапайым ине мен сетканы шығара алмай келеміз. Сонда үкімет немен айналысқан? Бізде бүгін жаңа зауыт ашылса, ертең ол жабылып қалады. Өйткені, тек мемлекеттік қаржымен ашылған зауыттарға ешкім жауапкершілік алмайды. Шенеунік бүгін осында болса, ертең басқа лауазымға кетеді. Ақыры нақты нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Ал жеке кәсіпкерлер ашқан зауыттар қарқынды дамиды. Сондықтан елді дамытамыз десек, экономикадағы мемлекеттің рөлін азайтып, жеке секторларды көбейтуіміз керек. Тек қана жеке сектор бәсекеге қабілетті. Бұл бүгінгі дүние жүзінде дәлелденген аксиома. Мысалы, Оңтүстік Корея жеке секторды дамытып отырған капиталистік ел. Ал жеке секторларға мүмкіндік бермейтін көршісі Солтүстік Корея әлі де артта қалып келеді, аштан қырылып жатыр. Ұлты, діні бір екі мемлекет неге екі түрлі? Себебі экономикалық жүйелері басқа.

Елімізде ірі олигархтар баршылық. Олар неге олигарх болып тұр? Себебі олар үкімет пен билікке жақындау арқылы өз фирмаларының монополистік позициясын қамтамасыз етті. Сол үшін олар әр сферада жалғыз және жақсы жетістіктерге жетуде. Банк жүйесін алып қарасақ та монополия. Ал монополизм бар жерде экономика құриды. Бәсекелестік жоқ. Ал ауылдағы сол олигархтарды мен латифундистер деп атаймын. Олар жерді өздері ғана иеленіп, басқаларға еңбек етуге мүмкіндік бермейді. Бұл да монополизм. Ал латифундистерді жеңу оңай емес. Өйткені олар биліктегілермен ауызжаласқан.
Халықты ойлантпаудың амалын жасап жатырмыз

-Бір сұхбатыңызда әлеуметтік мәселелерді біз ұлттық, діни проблемалар арқылы жасырып жүрміз депсіз. Қалай?

-Иә, қазір халықты ойлантпаудың амалын жасап жатырмыз. Байсалды ойлардан аулақ болсын деп әртүрлі жылтырақпен жұрттың санасын улаудамыз. Мысалы, Еуропа елдерінде күнде кешкі прайм тайм уақытында бірнеше партия өкілдері жиналып бір мәселені талқыға салып, дебат өткізеді. Бүгін парламентте бір мәселе көтерілсе кешке тікелей эфирде сол жағдай жан-жақты сарапталады. Ал көрермен үйде отырып-ақ көк жәшіктен кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтап алады. Ал біздің телевизия би мен шоудан, күлкі мен тойдан көз ашпайды. Мейлі, шоулар да көрсетіле берсін. Қарсы емеспін. Бірақ біз бүгінгі қоғамның мәселелерін талқылауды бірінші орынға қоюымыз керек. Ал өткенде Қазақстан арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасы жер мәселесін талқылап отыр. Бірақ мені шақырған жоқ. Жер мәселесімен 5 жыл айналысып келе жатқан мені не себепті шақырмайды? Ашық қоғам құрамыз десек, осындай алаңдарға әр партияның өкілдерін шақыруымыз керек. Көп ақылдасатын адам қателеспейді. Біз де мемлекетімізге қатысты жағдайларды ақылдасу арқылы шешуіміз керек.
Меншік – болашақ құлдықтың негізі

-Жер мәселесі деп айтып қалдыңыз. Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі болдыңыз. Кең даланың игілігін не өзіміз, не өзге жұрт көріп жатқан жоқ. Жер дауы болғанда қаншама адамның жан дауысы шыққаны да есімізде. Сіз басы-қасында жүрген жерді шетелдіктерге беру мәселесінің соңы немен аяқталды?

-Қазақ жерінің 80 пайызы ауыл шаруашылыққа арналған жерлер. Бұл жерлер мемлекетіміздің негізі. Мұндай жерлер шетелдіктерге, яғни шетелдіктердің үлесі бар қазақстандық фирмаларға не жекеменшікке, не жалға берілмейді. Бұл үзілді кесілді, шешілген мәселе. Енді Қазақстан азаматтарына жерді жекеменшікке сатуға бола ма? Жоқ па? Мұны біз сәуір айында талқыладық. Комиссия мүшесі Алмасбек Садырбай және оның артында тұрған латифундистер жерді жекеменшікке сатқылары келді. Өйткені меншік мәңгілік деген сөз. Яғни жер әкеден балаға мұра болып кете береді. Сонда жергілікті халық ешқашан сол жерге қол жеткізе алмайды. Ал жалға беру уақытша ғана ұғым. Сол үшін менің және көпшіліктің ұстанымы «Жер қазақстандық азаматтарға уақытша ғана жалға берілу керек» деген пікірде болды. Алдың, пайдаландың, босаттың. Онсыз да бізде қазір 49 жылға беріліп келе жатыр. Бірақ бұл жарты ғасыр уақыт тым ұзақ. Сондықтан бұл мәселеге қайта оралуымыз керек деп есептеймін. Ал жеке меншікке өз азаматтарымызға да бермеуіміз керек. Өйткені меншік – болашақ құлдықтың негізі. Мысалы, Чилли, Аргентина, Бразилияда Испаниядан келген колонистер жерді бөліп, 3-4 ғасыр бұрын меншікке алып қалды. Қазір олардың ұрпақтары сол жерге ие болып отыр. Ал жергілікті халық жерсіз қалды. Қазір ауылда туып өскен аргентиналықтар мен бразилиялықтар жерге қол жеткізе алмай, латифундистерге жұмыс істеп немесе қалаға көшіп кетіп жатыр. Ал қалада жұмыс орындары жоқ болса, нашақорлар мен қылмыскерлер өмір сүретін фавелалар пайда болады. Неге? Өйткені жер де, жұмыс та жоқ. Бізде де қазір фавеллалар пайда бола бастады. Астананың өзінде 5 бөлмелі пәтерде 25 қыз бен жігіт өмір сүретін жағдайларды естіп жүрміз. Сонда әр бөлмеде 5 адам. Бұл да заманауи фавелланың жаңа сипаты. Ірі қалаларда астына матрас төсеп жататын жері болса болды, жұмыс істеп күн көретіндер көбейген. Бұл фавелланың бастауы. Біз осындай проблемаларға жол бермес үшін жерді босатуымыз керек. Құдайға шүкір, Қазақстанда жер де, жайылымда жетеді. Соңғы зерттеулер бойынша елімізде 40 млн гектар жайылым бос тұр екен. 40 млн гектар Германияның жер көлемінен де үлкен. Ал Германияда 80 млн адам тұрады. Яғни халық мал бағып та жақсы өмір сүре алады. Бізде дайын нарық тұр. Малды өсіріп, көрші Қытайға сатуға болады. Ол үшін үкімет мүмкіндік беру керек. Неге осы мәселені шешпей отыр? Менің ойымша, жер олигархтарға сатылып кетті. Жерді халыққа беру үшін латифундистерді шектеуіміз керек. Неге премьер министр А.Мамин халықтың алдына бірде-бір рет шығып маслихат, сұхбат беріп шыққан жоқ. Дүниежүзінде мұндай болмаған да шығар.

АЭС салудан қатты сескенемін

-Егемендік алғанымызға 30 жыл болса да Нұр-Сұлтаннан Алматыға баратын жолдың өзін жөнді сала алмай келеміз. Айналып келгенде автожолдардың мәселесі туризмге де тұсау салып тұр емес пе?

-Әлбетте. Қазір шүкір жол салынып жатыр. Өз басым көлікпен елімізді жиі аралаймын. Алдағы 2 жылда біраз жолдар ашылып та қалады. Олардың ішінде Алматы-Нұр-Сұлтан, Алматы-Өскемен тас жолдары бар. Ал Қызылорда – Жезқазған жолының құрылысы келесі жылы басталады. Қыркүйек айында Тоқаев мырза Бейнеу- Бозойға дейін жол салуды тапсырды. Бұл жолдардың барлығын өз басым бақылауда ұстап жүремін. Нұр-Сұлтаннан батысқа бару үшін тек қана Қарағанды-Жезқазған арқылы ғана бара аласың. Сондықтан батыстан астанаға тіке жол керек. Ол мүмкін Ырғыз-Арқалық тас жолы болар. Сонда батыс пен шығыс тікелей байланысатын болады. Екі жақтағы қазақ бір-бірімен араласып, тойға да қиналмай жететін болады. Әйтпесе қазір батыстан шығысқа жету үшін ұшақтың бағасы удай қымбат, ал пойызбен кемі 3-4 күн уақытыңды сарп етесің. Бұл жолдар салынатын болса ең бірінші ішкі туризм дамиды. Каспийге баратын ел көбейеді, оңтүстіктегі халық жеміс-жидегін еркін саудалай алады. Ақтау Анталиядан, Катон Швейцариядан кем емес. Тек ондағы туризмнің дамымай жатқанына сұраныстың аздығы әсер етіп тұр. Жол салынса, сұраныс та артады. Мысалы, Алматы облысында Көлсай жақта Саты деген ауыл бар. Бұрын ол ауылға ешкім барғысы келмейтін. Өйткені Көлсайға дейін жол салынбаған. Қазір жол жөнделгеннен кейін ауыл халқының тұрмысы да жақсарған. Сатының кез келген үйі туристерге қызмет көрсетуге бейімделген. Ал туристерден түсетін табыс жергілікті бюджетке емес тікелей тұрғындардың қолына тиеді. 4 млн халқы бар Грузияны да алып қарасақ, жыл сайын елге 8 млн турист келеді екен. Сонда бір грузиялыққа екі туристен. Сол екі турист қалай болса да 1000 доллар қалдырады. Бұл тап таза пайда.

-Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырып АЭС салу. Сіздің ойыңызша Қазақстанға АЭС керек пе?

-Мұны тағы да біз талқыға салуымыз керек. Неге бұл мәселе талқыланбай жатыр? Елімізде энергетиктер баршылық қой, олар қайда? Олар бұл мәселеге өз ойларын айтпай ма? Әр жерден бір-екі адам ойын айтқанмен пікірталас болмай бұл мәселенің дұрыс жолы табылмайды. Бізге электр қуаты керек пе? Сөзсіз, керек. Ендеше біз оны қай жолмен аламыз? Бүгінгі таңда біз заманауи технологияның көмегімен желден де, күннен де энергия алып жүрміз. Алайда біз ол энергияны сақтай алмаймыз. Сақтау үшін бізге үлкен аккумлиятор қажет. Ал ірі қалаларға ондай үлкен аккумлиятор шығару мүмкін емес. Ал жел күнделікті қайталанатын құбылыс емес. Яғни жел энергиясын да ұзақ сақтай алмаймыз. Сустанцияларынан энергия алуға елімізде су тапшы. Бұл проблеманы біз қалай шешеміз? Бір ғана жолы Атом электрстанцияларын салу ма? Әлде басқа жолын таба аламыз ба? Бұл инженерлер үшін күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Алдағы бірнеше жыл ішінде инженерлердің бұл сұраққа жауап табатынына сенемін. Өз басым АЭС салудан қатты сескенемін. Өйткені атом электр станциясының не екенін Семей полигонынан кейін қазаққа түсіндірудің еш қажеті жоқ. Бүгінгі таңда елімізде энергия шығаратын бір орын болса ол солтүстіктегі көмір станциялары.
Сол көмір станциялары 80 пайызға ескірген. Табиғатқа қатты залалын тигізіп жатыр. Бірақ солтүстікте энергия көп. Ал оңтүстікте энергия тапшы. Солтүстіктен оңтүстікке энергия жіберу үшін бізде 2 жол бар. Кеңес одағы кезінде салынған бір сым жолы қатты ескірген, ал екіншісі жеткіліксіз. Тағы екі сым жолын салу керек. Сонда оңтүстіктегі энергия тапшылығын шеше аламыз. Алайда энергия тасымалдау кезінде жіберген энергиямыздың 50 пайызын жоғалтып аламыз. Бұл бір. Екіншіден Қазақстанда энергия кімге керек? Биткоин шығаратын майнинг фирмалар өте көп энергия жейді екен. Осындай бір фрима 24 мың пәтердің энергиясын тұтынады. Яғни біз мұны тоқтатуымыз керек. Қазақстандағы майнинг фирмаларының қожайындары кім? Халыққа көрсетсін. Қытайлар емес пе? Себебі Қытайда майнинг деген нәрсеге тиым салынған екен. Сонда Қазақстанға келіп майнингтік фирма ашқан қытайлар болуы да мүмкін. Өйткені бізде энергияның бағасы өте төмен. Дүниежүзі бойынша Қазақстан майнингтік фирмалар бойынша екінші орында. Бізде мұндай фирмалар өте көп. Солар бар энергиямызды алып жатыр. Ал Еуропа елдері көмірдің энергиясымен шығарылатын металдарды қабылдамайды. Сондықтан мұндай фирмалар өздеріне қажет экологиялық таза энергия көздеріне өздері қаржы бөліп шығаруы керек. Ал таза жолмен алынатын энергия қымбат болады.
Әкімшіліктер өздеріне ұнаған санды өсіріп жүр

-Ал eGov-тың Ресейге берілуі Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

-Бұл жерде біздің цифрлық үкіметімізді тек қана Қазақстандық IT компаниялар жүргізуі керек деп есептеймін. Өйткені олардың кәсіби деңгейлері жеткілікті. Ең бірінші бізге бірыңғай платформаның не үшін қажет екеніне тоқталсам. Мысалы қазір мен гуглға кез келген бір сұрақ қойсам ол оған мың түрлі жауап шығарады. Өйткені гугл платформалармен жұмыс істейді. Платформа үлкен деректер базасы. Фейсбуктың да жүйесі платформаға негізделген. Қазір біз платформаға әлі көшкен жоқпыз. Электронды үкімет порталында 400-ден астам деректер базасы бар. Мысалы сіз дәрігерге қанша рет барсаңыз да барған сайын өзіңіз жайлы ақпаратты басынан бастап айтып бересіз. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына да әртүрлі анықтама алу үшін барамыз. Өйткені ол жерде денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылық әрқайсы әртүрлі деректер базасында орналасқан. Олардың бір-бірімен байланысы да жоқ. Бір жерден анықтама алып, екінші орынға апарып көрсетесің. Платформаға көшсек бізде бірыңға деректер базасы болады. Яғни қай жерге барсаң да ЖСН арқылы сен туралы барлық мәліметке қол жеткізуге болады. Сен де әр жерден анықтама алып жүрмейсің. Көп мәселе шешіледі. Нақты статистика шығаруға да тиімді. Экономист ретінде айтсам қазір бізде шынайы статистика еш жерде жоқ. Әкімшіліктер өздеріне ұнаған санды өсіріп, ұнамаса кемітіп жазып отыр. Ал электронды үкімет порталы платформалық жүйеге көшсе барлық статистика автоматты түрде айқындалады. Енді егер біз платформаға көшсек қайсын алуымыз керек? Әлемде бірнеше ғана платформа бар екен. Гуглда бар, Германияда SAP, Қытайда Huaweui және Сбербанктың платформасы бар. Қай платформаны таңдасақ та әрқайсының кіру кодтары болады. Біз сол кодтарды өзімізде алып қалуымыз керек. Бұл кодтар көліктің кілті тәрізді. Кімнің қолында кілт бар, сол көлікті жүргізе алады. Кодты өзімізде алып қалсақ біз платформаны шығарғандарға тәуелді болмаймыз. Екінші платформада жұмыс істейтін құрастырушы мамандар өзіміздің елдікі болуы қажет. Үшінші, деректер базасы басқа елдің яки Ресейдің территориясында болмауы керек. Ол сервер тек қана Қазақстанның территориясында болуы тиіс. Төртіншіден, сервер интернетпен байланыспауы керек. Өйткені, хакерлік шабуылдар мен деректер базасын ұрлау тек қана интернет арқылы жүзеге асады. Біз қай платформамен жұмыс істесек те халқымыз жайлы ақпараттарды қорғау үшін осындай шарттарды қойғанымыз жөн.

Пікірлер