Өткенде екі үлкен мекеме бірлесіп өткізген бір шарада маған “Тіл жанашыры” деген марапат берді. Ұйымдастырушылар хабарласқанда ақшасы бар ма деп едім, жоқ деді. Барғым келмеді. Өзің келе алмасаң, орныңа біреуді жібер деген соң, бір інішекті жібергенмін. Оған шымылдықтың сыртында тұрып ала сал депті.
Не екен, суретін жіберші десем, қымбат рамкаға салынған алғыс хат секілді бірнәрсе екен. “Тұманбай Молдағалиев атындағы Тіл жанашыры марапаты” деген жазуы бар. Менің аты-жөнім де жоқ. Бұл марапат деген көбейген соң қадірі кетті, одан ақшасы жоқ марапаттар көбейді, енді ең соңында қалғаны алатын адамның аты-жөні еді, енді ол да кеткен бе деп таңғалдым. Уатсаптың статусына қойып мақтануға да жарамайды ғой.
Қызығы бұнымен біткен жоқ. Бүгін әлгі екі мекеменің біреуінен хабарласып, сізге беретін сыйлығымыз бар еді, беріп жіберейік деді. Ішімнен, о, әкеңді, қалып қойған аты-жөнімді бөлек жазып әкеп бере ме, не екен деп ойладым. Қояр да қоймай, “қазір апарып берейік те қазір” деген соң, ал келіңдер деп отырған жерімді айтқанмын. Бір бала тура алдындағыдай сыйлық әкеп тұр. Қымбат рамканың ішіне салынған алғыс хат құсаған бірдеңе. “Нұрғиса Тілендиев атындағы Тіл жанашыры марапаты” деп жазып қойыпты. Аты-жөнім жоқ, әрине. Мынандайды маған бердіңдер ғой десем, маған апарып бер деп тапсырма берді дейді.
Әуелде хабарласқан кісіге “Мынандай менде бар ғой, осымен екеу болды, тағы бар ма?” деп жазып жібердім.
Жоқ, жаман ниетпен істемеген болар. Тұтас ел болып бір-бірімізге марапат беріп, бір-бірімізден марапат алып, үй-үйде соған орай ет асылып, әйтеуір мәз боп жүріп жатқан елміз ғой енді. Марапат берді екен деп ренжитін адам болады-ау деп ойламайтын болуы керек.
Біріншісінің суретін көргенде ашуым келіп еді, екіншісін қолыма алғанда үлкен бір комедияның ішінде жүргенімді түсіндім. Сонда бұларда аты-жөні жоқ неше марапат бар? Алдында біреу келмей қалды ма екен, мына екіншісін қайдан алды екен? Жыртыс таратқандай тарата бере ме?
Адамдар осылай шақырып марапаттаса, барып алып, қуана бере ме? Жарайды, аты-жөніңді жазып-ақ қойсын, бірақ одан не пайда?
Алдағы уақытта марапат атаулының тек ақшасы барлары ғана қалса, дұрыс болар еді. Және де пәленше атындағы сыйлық, халықаралық “Аттан!” сыйлығы демей, осындай адамға осынша теңге берілді деп қана айта салса.
Ақшасы жоқ алғыс хат пен марапат соны шығарған қағаз бен әдемілеп сап қойған рамкасының құнына татымайды. Қазір ақшасы бар марапаттар да қадірсіз, тек, әйтеуір ақшасы алған адамға көмек қой дейсің. Жетісіп жүрген ешкім жоқ дегендей.