Шымкент зообағында жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр

1903
Adyrna.kz Telegram

Шымкент зообағында жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. 40 жыл қолданыста болған темір тор вольерлер жыртқыш аңдар мен жануарларға арналған заманауи алаңқайларға алмастырылуда. Бұдан бөлек, биыл 15 жыл қараусыз, суы шөгіп қалған көл қалпына келтіріліп, аумағы абаттандырылған.

Шымкент зообағы тұрғылықты халықтың және қала қонақтарының сүйікті орындарының бірі. Өткен ғасырдың 80 жылдары пайдалануға берілген зообақта бүгінде 2 жарым мыңнан астам жануар, аң мен құстың жалпы 289 түрі мекендейді.

Хайуанаттар бағында заман талабына сай былтырдан бері жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Темір тор вольерлердің орнына жыртқыш аңдар мен жануарларға бейімделген алаңқайлар салынған.

«Әзірге жыртқыш аңдарды шыны жиынтығынан көре аласыздар. Жаңа мекенге қасқырлар мен аюлар ауыстырылды. Болашақта барлық темір тор вольерлері алынып тасталады. Орнына осындай заманауи мекендер пайда болады. Жұмысымыздағы мәселе – аңдар ішек бұзылуымен жиі ауырады. Мүмкіндікті пайдаланып келушілерге айтарым аңдардың жемі жеткілікті, сондықтан оларға түрлі тағамдар лақтырмаңыздар», дейді Шымкент зообағының ветеринары Нұрсұлтан Тұрар.

«Зообақты жаңғырту жобасына сәйкес, қараусыз қалған аумақтар қалпына келтірілуде. 15 жыл қаңырап, суы тартылып қалған мына көл аумағында жаңғырту жұмыстары қолға алынып, қолданысқа берілді. Суға толып, жағдай жасалғандықтан құстардың қатары толығуда», дейді Шымкент зообағының ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Ұлболсын Ирисаева.

Зообақтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында қала бюджетінен жылына 246 млн. теңге бөлінсе, қосымша 97 млн. зообақтың өз табысынан жұмсалады. 30 гектарды құрайтын демалыс аймағының тазалығын 6 жұмысшы қамтиды екен.

«Адамдар газонды басып өте салады. Мәдениет жоқ. Тағы қоқыстарды әр жерге тастап кетеді. Балаларға ата-аналары ескерту жасамайды. «Балам мына апа сыпырып кетті ғой, анау жерге апар» десе тыңдайды ғой», дейді  Шымкент зообағының жұмысшысы  Жанар Әбдіжаппарова.

Шаһардағы эпиджағдайға байланысты зообақ демалыс күндері жұмыс істемейді. Ал жұмыс күндері сағат таңғы 9-дан тұрғындардың сұрауы бойынша кешкі 20:00 ге дейін қызмет көрсетеді.

Билеттің құны ересектер үшін – 600 теңге. 6 мен 17 жас аралығындағы балалар үшін – 300 теңге. 6 жасқа дейінгі және 1, 2 топтағы мүгедектер үшін кіру тегін.

Пікірлер