Елімізде "балалар улануы мүмкін": бірқатар заттарға қатаң тексеріс жүргізілді

367

ШҚО-да балаларға арналған ойыншық тауарларға мониторинг жасалып, ішінен қауіпті заттар табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Arnapress.kz ақпаратына сүйенсек, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 3 мыңнан астам сынама алды. Соның ішінде азық-түлік өнімдері мен халық жиі алатын тауарлар бар. Тексеріс кезінде импортерлер мен тауар өндірушілерге 2 377 355 теңге көлемінде айыппұл салынды. 166,2 келіге тартатын қауіпті өнімдер тәркіленді.

Талапқа сай келмейтін тауарлар аз емес болып шықты. Өнім өндірушілер көп жағдайда тауарға қатысты толық ақпарат (сақтау мерзімі, өндірушінің атауы мен мекенжайы, шығарылған күні, сақтау уақыты, салмағы, энергетикалық құндылығы, мемлекеттік тілдегі ақпарат, ЕАЭО мемлекеттеріне ортақ белгі мен Мебиусты) жазбайды.

Ал балаларға арналған ойыншықтардың құрамында улы заттар анықталды.

"Зертханада балаларға арналған ойыншықтарға да талдау жасалды. Сол кезде таңбалаудан бөлек құрамында фенол мен формальдегид сияқты қауіпті заттардың тиісті нормадан бір-бір жарым есеге көп болып шықты. Одан балалар улануы мүмкін", - дейді санитар мамандар.

Соның ішінде "Пакеттегі машина" (Қытай), "BTG-029 машинасы" (өндіруші - Baby toys garden, Өзбекстан,), "Қуыршақтар ыдысы" (өндіруші -Polimer Plastic, Өзбекстан), идентификация бойынша "Ыдыстар жиынтығы" (Өзбекстан, өндіруші компания көрсетілмеген) және тағы басқа тауарлар бар.

Бұдан бөлек, мерзімі өтіп кеткен ойыншықтар бар. Соның бірі - Donqshenq toys қуыршағы (Қытай). Тағы екі ойыншықта өндірушінің атауы жазылмаған.

Ал "Барби" қуыршағы мен сылдырмақ тиісті талаптарға сай келмейді. Себебі өткір шеттері мен кертіктері бар. Балаларға жарақат алып қалуы мүмкін.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар