Солтүстік Қазақстан облысында метапневмовирус инфекциясының төрт жағдайы анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл вирустың жіті респираторлық вирустық инфекциялардың қатарына жататынын хабарлады.
Метапневмовирус – көптеген елде кең таралған классикалық вирустардың бірі. Оның штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық көтерілуі кезінде басқа инфекциялармен қатар анықталады.
Биылғы эпидемиялық маусымда облыста риновирустардың 34 жағдайы, аденовирустардың 28 жағдайы, парагрипптің 23 жағдайы, бокавирустың 5 жағдайы, метапневмовирустың 4 жағдайы және коронавирустың 3 жағдайы тіркелген.
Мамандардың айтуынша, метапневмовирус ауа арқылы таралады. Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу және бас ауруы. Вирусты нақты емдеу әдісі жоқ, тек симптоматикалық емдеу жүргізіледі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өршуі байқалып отыр. Санитар дәрігерлер адамдарға көп жиналатын жерлерге бармауға, үй-жайларды үнемі желдетуге, қолды антисептикпен өңдеуге, сондай-ақ ауру адамдармен байланысты шектеуге кеңес береді. сонымен қаатр, ауру белгілері пайда болған жағдайда, міндетті түрде дәрігерге көрініп, тиісті ем алу қажет екенін ескертті.
Бұған дейін, Қытайда метапневмовирусы (hMPV) деп аталатын жаңа вирустық аурудың өршігені туралы жазған едік. Вирустың тез таралуы салдарынан Қытайда ауруханалар науқастарға лық толған.