Бүгін Талдықорғанда марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі жалғасты. 5 мамырда өткен сот отырысында сотталушылардың жақындары желіде тараған видеоға наразылық білдірді. Олар ұлдарын видеоға түсірген азаматты сот залынан шығаруды сұрады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айыпталушылардың бірі — Нұрқияс Ілиясовтың әкесі камераға түсіруге тыйым салынған айыпталушылардың видеосы тарап кеткенін айтты.
«Біз балаларымызды түсірмеңдер деп өтініш жасаған едік. Бірақ оларды түсіріп желіге салып жіберген. Олардың қатарында кәмелетке толмаған куәгер де бар»,—деді ол.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев бұған қатысты жауап берді.
«Ол — менің мобилографым. Қазіргі айтып тұрған мәлімдеме негізсіз. Себебі біздің парақшамызды қауіпсіздік қызметкерлері тексеріп отыр. Ол бейнежазба біздің тарапымыздан шыққан жоқ»,— деді адвокат.
Сот төрағасы Ержан Жанұзақов видеоға қатысты тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар сот отырысы кезінде фото-видео түсіруге қатаң тыйым салынатынын қайта ескертті.