Шымкентте компьютерлік томография кабинеті ашылды

46

Бүгін Шымкент қаласындағы кардиология орталығында компьютерлік томография кабинеті ашылды. Атаулы шараға қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов қатысты. Қаланың бас дәрігері жүрек ауруларынан болатын өлім-жітім санын азайтып, науқастарды дер кезінде диагностикалауда құрылғының маңыздылығын атап өтті.

Шымкенттегі кардиология орталығында компьютерлік томография кабинеті ашылды. Қаланың бас дәрігерінің сөзінше, жаңа қондырғының мүмкіндігі жоғары болғандықтан, көптеген аурудың алдын алып, жүрек ауруынан болатын өлім-жітімнің азаюына мүмкіндік береді.

Бұрындары осы аппарат үшін басқа қалаға қатынауға мәжбүр болған тұрғындар енді 3-ші мегаполисте ем қабылдай алады.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Бұрындары науқастарды компьютерлік томографияға бола, басқа медициналық ұйымдарға жолдайтын едік. Ол белгілі бір ыңғайсыздықты туғызатын еді. Науқастың өмірі үшін өте қауіпті еді. Енді бұл жерде барлық ем диагностика комплексті 1 жерден өтетін болды. Тек қана диагностика үшін ғана емес, операциядан кейінгі науқастар, мысалы, жүрекке операция жасағаннан кейін науқастарда инсульт болуы мүмкін. Бұрындары невропотологтарды шақыратын едік, енді ауруханада бүкіл көмек жасалынатын болды».

Жаңа қондырғы Жапониядан келген «Canon» брендінің өнімі. Бағасы 300 миллионға жуық тұрады. Бұл аппарат тек жүрек қан тамырларының ауруын ғана емес, сонымен қатар ми, өкпеге қатысты ауруларды анықтап, оның алдын ала алады.

Гүлмира Алипова,  “Шымкент жүрек орталығы” АҚ-ның медицина жөніндегі орынбасары: «Біздің орталығымызда егер жылда 5 мыңға жуық науқас өтетін болса, ол науқастар жедел түрде түсетін науқастар. Инфаркт, инфаркт алды жағдайында. Ал бұл компьютерлік томография тек қана стационарға түскен науқастар ғана емес, біз қаладағы емханаларға тағы да суюподрядпен көмектесеміз деген ойдамыз. Өйткені, амбулоторлық деңгейде жүректің қаранарлық артериясын тексеру МСКТ процедурасы барлық халықаралық рекомендецияларда бар. Ол бұрын істелінбейтін еді. Тек қана диагностикалық орталықта істелінетін еді. Бүгінгі таңда өзіміз де істейміз».

Айта кетейік, өткен жылы оңтүстік өңірі қан-тамыр ауруларының көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2734-ті, ал өлім көрсеткіші 144-ті құраған. Шымкент қаласы мен Түркістан облысы елімізде қан-тамыр жүйесі ауруы бойынша 4 орында тұр. Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 100 мың адамға 1 компьютерлік томография қажет екендігін айтады.

Әлихан Файзханов

Пікірлер
Редакция таңдауы