НҰРБЕК БЕКБАУ: АҚШ-та 1 шахтердің өлімі $40 млн

699

Иә. АҚШ-та 1 шахтердің өлімі жұмыс беруші үшін — 40 млн доллар! Сол үшін, Америкада шахтада жазатайым оқиғаны болдырмауға тырысады. Ауыр өтемақы сол үшін қойылған. Ал бізде ше? Қанша?

Неге шахтада апат өте жиі боп кетті? Басты себеп – шахта иелерінің пайда табу жолындағы ешнәрсеге қарамауы.

2008 жылы «Абай» шахтасында 30 шахтердің қаза табуынан кейін прокуратура үлкен тексеріс жүргізген. Содан анықтағаны, шахтадағы құралдардың 70%-ы әбден ескірген. Басты желдету жүйесі желдеткіштерінің өздерінің нормативтерін орындап, тіпті оны 2-2,5 есе артық орындағаны анықталған. Олар 60-шы жылдардан бері әлі қолданылып келеді. Әрі 1967-1982 жылы шығарылған электровоздар қолданылады.

Стационарлық конвейлердің 70%-ы ескірген. Мұндай жағдайда жұмыс атқару - күнделікті өлімге тәуекел етумен тең. Бұл проблемалар бір күнде қалыптасқан жоқ. «Арселор Миттал» басшылығы шахталарды модернизациялауға қанша қаржы жұмсады? Не техника алыпты, осы уаққа дейін? Әлде Советтік құралдарды тозғанша қолданып қалуға тырысып жатыр ма, әлі күнге?!
Шахтердің жағдайы қалай?

Кеншілердің айлықтарының орташа көрсеткіші 150 мың теңгенің айналасында. Мұндай қаражатқа шахтер қалай күн көрмек?
Бұны аз көргендей, шахтерлерді зейнетке 63 жасынан шығарамыз. Одан ертерек шығуына мүмкіндік жоқ. Осы шешімге қол қойғандардың өздерін 63 жасында шахтаның жұмысына салып көру керек еді... Қалай болар екен. Адам өміріне соншалықты селқос қарады деп жүрген Кеңес өкіметінің өзі мұндай қадамға бармаған.

Келесі маңызды мәселе - шахтерлердің құқықтық тұрғыдан қорғалмауы. Қазіргі жағдай бойынша, жұмыс беруші жұмыстан шығара салуы оп-оңай. The Sunday газеті тіпті, қазақ шахтерлерінің жұмысын құлдардың еңбегімен теңегені бар.
Олардың жұмыстары денсаулыққа аса зиян. Бірақ, Кеңес билігі кезіндегідей демалысқа жіберу, арнайы емхананың болуы сынды жүйе толығымен қираған.

Қысқасы, қазақ шахтерінің бүгінгі бейнесі – айлығы аз, жұмысына барса, аман-есен келе ме белгісіз, жұмыстан шығара салуы оңай, ескі технологиямен жұмыс істеуімен қатар, қайтыс бола қалған жағдайда отбасына болмасыз жәрдемақы беріледі.

Қайтпек керек?

Біріншіден, Германияның, АҚШ-тың үздік жүйелерін өзіміздің мемлекетке лайықты көшіру қажет. Лайықты қаражат төленуі мен қатар зейнет жасы қайта қарастырылуы тиіс. Шахтер қайтыс болғаны үшін жұмыс беруші үлкен қаражат төлеу жүйесін ендіру қажет. Бұл арқылы шахта басшылығын технологияларды жаңартуға мәжбүрлейтін боламыз.

Екіншіден, тексеретін ұйымдар қатаң позицияға өтуі тиіс. Шахтаға тексеріске баратын инспекторлар 60-70-шы жылдардағы инструкциямен жұмыс жасауға мәжбүр. Бүгінде осындай 230-ға жуық құжат қайта қарауды талап етеді.

Үшіншіден, болашақта мемлекеттегі шахталарды отандық компанияларға қайтару мәселесін көтеру қажет. Қысқасы, елімізді асырап отырған еңбек адамдарының еңбегі лайықты бағалануы тиіс.

Нұрбек Бекбау,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы