«Толқыннан толқын туады»

2787
Adyrna.kz Telegram

(Болмысы бөлек бір жинақ)

Биыл бұл шағын кітапшаның жарыққа шыққанына жиырма алты жыл болды. Ұжымдық жинақтың авторлары еліміздің түрлі оқу орындарының сол кездегі студенттері еді. Жай студент емес, ханға сәлем бермейтін ақын студент... Қазіргідей студент түгілі оқушының өзі қалаған уақытында кітап шығара беретін мамыражай заман жоқ-ты. Сексенінші жылдардағы «Қарлығаш», «Темірқазық», «Аудитория» жинақтарынан кейін студент атаулының өлеңдеріне алтын қақпа ашыла қоймаған дәуір еді ол. Кітап шығаратын қағаздың өзі таптырмайтын тоқсаныншы жылдар... Әйгілі балуан Дәулет Тұрлыханов құрған «Ер-Дәулет» баспасы мың жарым данамен басып берді бұл жинақты.

Жинаққа жырлары енген жастардың арасында Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті Ержансері Алаштуған (Есниязов), Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтының режиссерлік факультетінің студенті Рүстем Есдәулетов, Алматы шет тілдері институтының студенті Танакөз Ілиясова (Толқынқызы), Жамбыл педагогика институтының көркемсурет-графика факультетінің студенті Маралтай Ыбыраев, КазГУ-дің филология факультетінің студенті Бауыржан Өтеулиев (Бабажанұлы) және басқалар бар еді... Енді толық тізімді ұсынайық.

Самал Айдаболова, Нұрлыхан Айтова, Зекен Әбдіқожаева, Әмірхан Балқыбеков, Бақыт Беделханұлы, Бақытгүл Дөңтайтегі, Күнсая Ерғазиева, Гүлжан Ескендірова, Талғат Ешенұлы, Самал Жалымбетова, Мұхарбек Жәкейұлы, Есей Жеңісұлы, Гүлсара Жолмағамбетова, Нәзия Жоямергенқызы, Сәндібек Жұбаниязов, Аманкүл Иманғалиева, Сая Итеғұлова, Қайырбек Кемеңгертегі, Батырболат Қабошов, Нұрбек Қажыбаев, Серік Қалиев, Рахат Қосбармақов, Қазыбек Құттымұратұлы, Сержан Молдасанұлы, Майраш Мұхамедиярова, Сағыныш Намазшамова, Жанар Нұрғалиева, Индира Өтемісова, Сағындық Рзахметов, Жарас Рысқұлұлы (Сәрсеков), Дәрмен Смайыл, Тұрар Сыздықов, Жанаргүл Үмбетова...

Кейін бұлардың бәрі бірдей ақын болмаса да, көпшілігі жазу-сызудың төңірегінен онша алыстай қоймаған секілді. Демек, кітапты дайындаған шығармашылық топтың еңбегі зая кетпегені де...

«Толқыннан толқын туады» жинағын біз – тілеулестер тобы құрастырған едік. Пікір жазғандар – сол кездегі ғылым кандидаттары, КазГУ-дің ең жас кафедра меңгерушілері Амантай Шәріп пен Бауыржан Жақып. Ал алғысөзді баршаға танымал әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапайдың өзі жазды. Ендеше, талай таланттың тұсауын кескен Түкемсалдың осыдан жиырма алты жыл бұрын қандай болжам-байыптама жасағанын оқып көрелік...

«ЖЫРЫМДЫ МЕНІҢ ОҚЫҢДАР!»
(Алғысөз орнына)

Ақын десе, әсіресе, осы кітаптағыдай топ құрап, әр қилы әуенмен, сан тарау соқпақпен келіп тоғысып, ұжымдаса үн қатқан бір сәтін көре қалсақ, көзімізге жүйрік пен жүйрік құйрық тістесе созылған, тұлпары мен тұғыры дараланып шапқан, ұлан бәйге елестей кететін дәстүрге бағып, үйреншікті әдетпен сол кең шиырға ат басын бұра беріп тоқтадық... Амал не, бүгінгідей алғысөз арқауын сабақтауға ыңғайлы-ақ «дәстүр» еді. Өмір күнде өзгеріп, сәбидің еңбегіндей былқылдаған балаң санамызды балауыздай ерітіп, қорғасындай қорытып, күнде бір жаңа қалыпқа салып, әрі-сәрі еткен түсініксіздеу бейуақта туған өлеңдер мен есімдер туралы осы бір қазақы образбен сөйлеудің бұл жолы реті келмеді. Шынында да ең байырғы сауалдың бірі – поэзия дегеніміз не? Әрқайсымыз бетпе-бет жүздескенде ғана шырайын танып, ал мән-мағына, тұлға-бітімін әлі ешкім жеріне жеткізе анықтап, «міне, осы» деп суретін сызып бере алмаған бір ғайып, тоқсан тылсым. Дүние-тіршілік, ғалам-болмыс санамызға сыймастай қаншалық кең болса, поэзияның ауқымы да сондай шексіз. Әйтеуір, өлең ат жарыс, адам жарыс емес. Әйтеуір, ақындықтың бар мағынасы кімнің озып, кімнің қалуында емес. Біз де ешкімді бөле-жара атамай-ақ қояйық. Осы жинақта алдына «ақын» деген анықтауышты қазірден бастап қоя беруге болатындары да бар – анық. Бірақ, «ақын» деген сөз жай анықтауыш емес. Тағдыры болып қалатын аты-жөндер көп бола ма – күмән. Қалай болғанда да көбірек болсын деп тілеушілердің біріміз.

Жарияға шыққалы отырған жаңа талап, жас буынның айтары, ашпағы не? Бір қарағанда, бәрі бұрыннан бар, бәрі айтылған. Тас ғасырының тілсіз санасын толқытып, дүниенің ең көне ақынынан осы жинаққа енген әрбір талапкерге дейінгі аралықта барша елдің шайырлары жырлаған мәңгілік тақырыптар. Жер-жиһанның күллі ақыны кезегімен келіп, гүлін теріп, жемісін жинап әкететін, бірақ Жаңа ақын келген сайын, құпия гүлдеп, сиқырлы сыр ашатын Махаббаттың ғажайып бағы...

Сағыныш. Қуаныш. Өкініш. Үміт. Егіз туған жақсылық-жамандық, кек пен кешу, келісім мен кесірлік – иә, әлмисақтан әйгілі, бірақ әр ұрпақ өзінше көріп, өрнегін өзінше құлпыртатын құбылыстар, сезімдер мен сырлар.

Қолыңыздағы кітаптан да жаңа өмір, жаңа тағдыр тынысын сезініп, жаңа танымның алғашқы өскіндерімен ұшырасасыз. Қазіргі шындық, ендігінің көзімен парықталған көне ақиқаттардың жаңа дидарын болжайсыз.
Сіз енді ғана жүздескелі отырған албырт жырларда тамыры терең қуатты дәстүрдің жүрек соғысы айқын естілетінін алдымен айтар едік. Кейінгілерден, әсіресе, Жұматай, Гүлнәр (Салықбаева) салған өрнектерге жақындық байқалады. Әдеби үлгі мен шынайы жан қозғалысының тоғысында өзіндігі қордаланып, ақындық беті айқындала түскен сәттер де, айқынның өзін, әсіре айшықтап, жалған ділмарлыққа тізгін берген дәрменсіз тұстар да кездеседі. Ілкі қадамға тән табиғи қайшылықтар.

Жалғыз-жарым тәуір жол, бір шөкім «образ» тауып алып, дәрі өлшегендей қылдырық безбенге салып, салмақтап, «апыр-ай, ақын екен!» деп әспеттей жөнелетін бағзы бір көңілшектікке бармасақ та болады. Мұндағы деңгей, өре – басқа. Үстіне май жағып алғандай, қай жағынан келсең де, жып-жылтыр, ұстатпай діңкеңді құртатын, я жақсы, я жаман деуге келмейтін, жылы жымиысты жылпос өлеңдер енді жоқ. Бұл – өскелең жыр мәдениетінің даусыз бір айғағы.

Баяғы қара өлеңде айылын жимай, қаннен-қаперсіз ұзынынан сұлап жататын қазақы тармақтардың балағындағы ұйқас басына қарай жылжып, бел ортадан шырмап, енді анық алқымдауға айналған. Байботаның өзі «пай-пай» дерлік. Тармақтың тынысы «тарылғанмен», сіздің көңіл-көзіңіз келбетін келешекке жасырған соны кеңістікке, тосын сұлулыққа тағы бір саңылау ашқандай.
Сонымен, поэзия дегеніміз не? Тағдыр ма, ұйқас па? Өмір дейді бір жауап. Ендеше, жинақтағы өзіндік ғұмыры, тіршілігі бар, сырына сымбаты орайлас әр өлең осынау мәңгі сауалдың тиянағына меңзеген бір-бір лепес деп ұғыңыз.
Әр ақын – өзінше бір әлем. Өзінің күні, жұлдызы, ауа-кеңістігі бар әлем. Жинаққа енген өлеңдерден алда ашылмақ сол әлемнің атып келе жатқан таңғы арайынан бірер үзік сәуле көре алсаңыз, барша тілеулес қауымның, жыр көгіне талпынып, саусақ жайған, жас жүректердің үміті жанғаны, мерейі өскені. Алғы сөз авторының анық сенуінше, солардың қай-қайсысы да – арман-Ғаламның алтын шапақ, нұрлы сынықтары осы кітаптың әр тұсында-ақ шашырап жатыр.

Тұрсынжан Шапаев,
сыншы, Қазақстан Ленин комсомолы
сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының кандидаты

1995 жыл

Пікірлер