№1 ойыншы

2057
Adyrna.kz Telegram

(Эссе)

Қақпа мен қалам

Еңбегiмен ерлеген,
Бел-белеске өрлеген.
Қақпасына өзiнiң
Гол жiберiп көрмеген!
(Журналистiк фольклордан)

Ол Алматыға оқуға түсуге келген бетте тосын көрiнiске тап болды. Панфилов көшесiмен жоғары өрлеп, Қазақ университетiнiң бас ғимаратына жақындаған тұсы едi. Опера театры жақ беттен күңiренген азалы әуеннiң жетегiмен қара құрым халық кең көшеде баяу жылжып келедi. Жер қайысқан жұрт еңсесi түсiп, езiле егiлiп барады. Ауыл баласы бұрын мұндайды көрмеген-дi. Төңiрегiне таңдана қарады. Бұл қазақ мәдениетiнiң марқасқасы Iлияс Омаровты ақтық сапарға шығарып салып келе жатқан қаралы көш едi. Албырт абитуриентке бұл жайт қатты әсер еттi. Жас болса да қалың елдiң қайғысын жүрегiмен сезiндi. Бүкiл қазақтың жақсыны жоқтап, күйзеле бiлетiнiн көзiмен көрдi. Танымал бiр тұлға өмiрден өттi. Белгiсiз бiр ұлан өмiр жолын бастады. Жалғасқан қайран тiршiлiк...

Сол сәтте Қазақстанның Мәдениет министрi Iлияс Омаров мәңгiлiк мекенiне аттанған күнi Алматыға ендi ғана табан iлiктiрген бұл беймәлiм бозбаланың өзi де кейiн тәуелсiз елiмiздiң мәртебелi министрлерiнiң бiрi болады деп кiм ойлапты?!

Егер ол журналистиканың додасына ат қоспағанда, қалың қазақ бүгiнде Сауытбек Абдрахманов деген елге белгiлi футболшыны танып-бiлуi әбден мүмкiн бе едi? Жас күнiнде спорттың осы түрiне керемет қызықты. Бiрақ оның қызығушылығы ауылдың кәдiмгi доп қуған қара сирақ баласының ет пен терiнiң арасындағы желiгiне онша ұқсамайтын. Әдетте, бала бiткен шаршамайтын, шалдықпайтын шабуылшы болуға ұмтылады. Ол заңды да. Шабуылшы гол салады, голмен бiрге спорттағы болашағына жол салады. Ал бұл қақпашылықты қалады. Әуелi үй iргесiндегi Кененбай сазының қақпасына тұрды. Бiрте-бiрте совхоз құрама командасының қақпасын қорғайтын болды. Қақпашы болғанда қандай! Басынан құс ұшырмайды. Теңбiл доп қалай келсе де қағып алады. Бұрыштан соққан доптарды да мүлт жiбермейдi. Қапы қалмайды, күйiп-жанбайды. Қимылы жылдам, түйсiнуi тез.

Қазiргi қас-қағымда қағып түсетiн айтқыштығы сол қақпашылығынан қалған жылдам реакциясының әсерi сияқты көрiнедi. Онысымен қоймай, футболды кәдiмгiдей зерттедi. Аяқдоп өнерiнiң қыр-сырына терең бойлады. Жыл сайын «Футбол» апталығын, «Спортивные игры» журналын жаздырып алады. Соның бәрiн бас көтермей үтiр-нүктесiне дейiн оқиды. Сөйтiп жүрiп орысшасын да әбден оңдап алды. Қазiр орыс тiлiнде жазылған мақалаларының өзiнен бiр кiтап шығатындай болып қалды. Ауылға теледидар келгенге дейiн түнiмен радионың құлағында отырды. Ойын баласы әйгiлi қақпашылардың өмiрi туралы деректерге құмартты. Бұл кеңес футболы қақпашыларының дүниенi дүрiлдетiп тұрған кезi едi. Аты аңызға айналған Лев Яшин, Евгений Рудаков, Анзор Кавазашвили, Виктор Банников, Юрий Пшеничников, Владимир Лисицын, Владимир Маслаченко, Рамаз Урушадзе, Сергей Котрикадзе, Владимир Пильгуй сынды танымал тарландардың әрқайсысы – өз алдына бiр әлем.
Сол замандағы барлық қақпашылар сияқты «Келес» совхозы құрама командасының қақпашысы Сауытбек Абдрахманов та №1 футбол жейдесiн киiп ойнайтын. Ақыры қақпашылықты өнер деңгейiнде игердi. Екiншi разряд иелендi.

№1 ойыншы кейiн мүмкiндiгiнiң мол екенiне қарамастан қолына доп ұстамады. Есесiне сөз ұстады. Қақпасын қаламға айырбастады. Бiрақ №1 жейдесiн өзiнде қалдырған сияқты. Қашанда қатарының алдында жүрдi. Сабақты өте жақсы оқыды. Жастайынан жетекшiлiкке бейiмдiгiн көрсеттi. Жазудан да алдына жан салмады. Үнемi бiрiншi болу маңдайына жазылды. Қазақ сынының дами қоймаған саласы – кинорецензияға тыңнан түрен салды. Номенклатураның ну орманында нық тұрған сiрескен «Социалистiк Қазақстанның» бергi тарихындағы ең жас бөлiм меңгерушiсi атанды. Ел тәуелсiздiк алғаннан кейiн қасиеттi Меккеден қазақ тiлiнде бүкiл әлемдегi мұсылман елдерiне түгел тараған он минуттық тұңғыш тiкелей радиорепортажды жүргiздi. Тұңғыш Президентiмiздiң тұңғыш ұлықтау салтанатында сахнаға бiрге көтерiлген санаулы қазақтың бiрi болды. Оған Елбасыға бата берген алаштың абыз ақыны Шәкiр Әбеновпен қатар тұрып түскен, ел зердесiнде жатталған тарихи сурет куә.

Кейiпкерiмiз «Келес» совхозының №1 футболшысынан елiмiздiң №1 журналисi – Қазақстанның Ақпарат министрi қызметiне дейiнгi жолдан өттi. Кейін мемлекетiмiздiң №1 басылымы – «Егемен Қазақстанның» бiрiншi басшысы болды. Саясат сахнасында да ұтымды жүрiс жасап, бiрден биге шығудың тоқсан тәсiлiн бiлетiн тегеурiндi тұлғалардан кем соқпады. Билiктiң бедерлiсi мен кедергiсiн көре бiлетiн жiтiкөз жетекшiге айналды. Осының бәрi оған қайда да бiрiншi болуға жол ашты. Жә, осымен жететiн шығар... Әйтпесе, оның өмiр жолындағы бiрiншi болудың мысалдарын толассыз тiзбелей беруге бейiлмiз.

Сын мен сатира

Сөгiлмейтiн көбесi –
«Егеменнiң» егесi.
Басылымның, ол барда,
Босамайды шегесi!
(Журналистiк фольклордан)

Сауытбек Абдрахманов деген арқалы ақынды немесе сайыпқыран сатириктi көзге елестете алар ма едiңiз?! Әрине, жоқ. Бiрақ iлгерiде оның шығармашылықтың осы бiр түрлерiне бет бұрған кезi де болды. Егер шындап айналысқанда бұл салалардың майталманы атанар ма едi, кiм бiледi?

Бiр кластан танымал екi журналист шықты. Талай жыл шоң кеңсенiң шенеунiгi болған, Ленинград университетiнiң журналистика факультетiнiң түлегi Әбдiмүтәл Әлiбеков екеуi бiр партада отырды. Қос қаламгер бесiншi кластан берi қатар жайғасқан сол партаны музейге қоюға да болар.

Кейiн Цекаға баратынына көрiнген шығар, Сауытбек ағамның ең бiрiншi аудандық газетте жарияланған өлеңi Ленин туралы едi. Ол өлең 1970 жылы 22 сәуiрде көсемнiң 100 жылдығына арналған нөмiрде басылды. Өзi кәдiмгiдей тапсырыспен жазылды. Бiр күнi редакцияға барса, ағалары қиналыңқырап отыр екен. «Осы сенiң де өлең жазатының бар шығар?» – деп бұған үмiттене қарады. «Өлеңдi жұрттың бәрi жазбай ма?». «Ленин туралы жазшы. Осы қазiр керек». «Аяқ астынан қалай жазам?». «Жазшы ендi, бiрдеңе етiп... Мерекелiк нөмiр өлеңсiз шыққалы тұр». Содан отыра қалып, үш-төрт шумақ өлең жазды. Тiлi жатық, ұйқасы мығым, ұстанымында мiн жоқ. Аудандық газетке жарап-ақ тұр. Одан артық не керек? Алайда саяси сипаты басым осы дүниесiнен кейiн Сауытбек ағам қара өлеңнiң көшiне көп iлесе қойған жоқ. Сөйтiп, ол қазақтың хас таланттарының бәрi жаппай жырлаған, Жамбыл жоқтаған, Иса иiн қандырған, Тұрмағамбет төкпелеткен тақырып – ленинианаға бiр бас сұқты да қойды.

Айтқандай, мiн жоқ демекшi, өлең жаза қалса, онысы жiптiктей болып, өрiлiп тұрады. Қаратай Тұрысов жетпiске толғандағы құттықтау өлеңi «Азамат» деген кiтапқа кiрiптi. Бiр беттiк өлеңдi бастан-аяқ бiр ұйқаспен бiтiрген. Техникасы тастай, ұйқастары балталасаң бұзылмастай. Қадiрлi ағаны қуантуға, iнiлiк iлтипат бiлдiруге жетiп жатыр. Өзi: «Менiң өлеңдерiмде поэзиядан басқаның бәрi болады...», – деп езу тартып қояды. Өлең киесiн қалай қадiрлейтiнiн «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қос томдық авторлық антология құрастыру арқылы көрсетiп бердi. Ондағы 52 ақынға жазылған шымыр да жұмыр алғы сөздерде талғампаз сарапшының сара сөзi бар.

Зады, оған журналист болғаннан гөрi әдебиет сыншысы болу көбiрек ұнайтын. Оның себебi де жоқ емес-тi. Сегiзiншi класта оқып жүргенде, «Келес» совхозындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте Алматыдан келген жазушылармен кездесу болды. Баспасөзге жазылу науқанының кезi. Бұл қаламгерлер «Жұлдыз» журналын насихаттап жүр екен. Келгендер үшеу: Қалаубек Тұрсынқұлов, Сабырхан Асанов, Зейнолла Серiкқалиев. Бiр прозаик, бiр ақын, бiр сыншы. Осының алдында тiрi жазушыны бiр-екi рет көрген-дi. Бiр рет партизан жазушы Қасым Қайсенов «1-майдағы» клубқа келiп, ел алдында әңгiме шерткен. Тағы бiрде Мұхтар Шаханов өлең оқыған. Ол кезде жастау едi. Ал мына кiсiлер оң-солын таныған, ой-танымы қалыптаса бастаған тұста келiп отыр. Сонда Сауытбекке ақыннан да, жазушыдан да сыншы артығырақ болып көрiндi. Сырбаз Зекеңнiң жүрiс-тұрысы, ой-өрiсi, салиқалы сөзi, киген киiмi, қайратты шашы, қысқасы, бар болмысы қатты әсер еттi. Әңгiмесiнiң мәнiнен гөрi мәнерi көбiрек ұнады. Содан әдебиет сыншысы болуға бекiндi. Сол мақсатпен КазПИ-ге келiп едi, жолы болмай елге қайтты.
Ауылда жүргенде аудандық және облыстық газеттерге белсене араласты. «Оңтүстiк Қазақстанның» бөлiм меңгерушiсi Жолдас Ақбердиевке жазған дүниелерiн ұсынатын. Оның қарсы бетiнде бiр жас жiгiт отырады. Ол бүгiнгi танымал ақынымыз Исрайыл Сапарбаев едi. Сәукеңнiң алғашқы жазғандары осы Исрайылдың қолынан өттi.

Тегiнде, кейiпкерiмiз шығармашылығын сатира мен юмордан бастаған-ды. Тiптi сын-сықақтың сардары Оспанхан Әубәкiров Қазақ университетiндегi жас сатириктердiң шығармалары топтастырылған «Ара» журналының арнаулы нөмiрiн әзiрлеген кезде, 2-курс студентi Сауытбектiң әңгiмесiн таңдап алған. Арнаулы нөмiрдiң ең сыйлы тұсындағы тәуiр дүние де осы болған. Осағаң КазГУ-дiң журфагынан тағы бiр сатирик шығатын болды деп кәдiмгiдей үмiттенген. Оспанхан ағамыз кейiн Жазушылар одағында жолығып қалған кезде: «Әй, осы сен сатираны бекер қойып кеттiң-ей. Сен басқа жаққа түсiп кеттiң-ей», – дейдi екен.

«Басқа жаққа» түсiп кеткенiмен, қаламнан ажыраған жерi жоқ. Сарабдал сыншы, асыл аға Сағат Әшiмбаевтың жөн сiлтеуiмен кинорецензияға бет бұрды. Бұл саланың қазақ тiлiндегi iзашары атанды десе де болғандай. Басшылық қызметтiң қай буынында жүрсе де үзбей жазды. Өз мақаласын өзi жазатын министрлерiмiз аса көп емес-тi. Бұл кiсi де сол аздың бiрi болды. Баяғыда Зейнолла Серiкқалиевке бекер елiктемептi. Әдебиеттану ғылымымен түбегейлi айналысып, филология ғылымдарының докторы, профессор атанды. Қазақша да, орысша да монографиялар шығарды. Пушкинтанушы ретiнде де халықаралық деңгейде мойындалып, Ресей сөз өнерi академиясының «Ревнителю просвещения» медалiне ие болды.

Ақындық пен сатираны ертерек қойып кетсе де, бұл қабiлетiн ешкiм тартып алған жоқ. Осының екеуiне де бейiм екендiгiн көрсететiн бiр-ақ мысал келтiрейiк. Кандидаттық және докторлық диссертацияларының ғылыми жетекшiсi, академик Сейiт Қасқабасовқа арналған әзiл өлеңi былай басталады:

Жетекшiм болмағанда не етер едiм,
Өмiрден бiр дипломмен өтер едiм.
Есiмде, минимумды тапсыртқызып,
Ғылыми кеңестерге жетеледiң...

Мiне, солай. Жұрт жетекшiсiнiң жанына жолай алмай жүрсе, бұл кiсi ғылыми кеңесшiсiмен қалжың қағыстырып, атақты «Ұстазым» әнiнiң үлгiсiмен пародия жазады. Сондайда салиқалы мiнезi салмақты сатира жазуға мүмкiндiк берер едi-ау деп те ойлайсың...

«СҚ» мен Цека

«СҚ»-да да iстедi,
Цекада да iстедi.
Таразыны тең ұстап,
Тұғырынан түспедi.
(Журналистiк фольклордан)

Бiздiң «Лениншiл жасқа» жаңа келген кезiмiз едi. Сiрескен саясат сахнасында сең жүрiп жатқан сексенiншi жылдардың орта тұсы. Жастар газетiнiң редакциясы орналасқан жетiншi қабат өте көңiлдi. Еркiн сөйлейсiң, бiр-бiрiңдi қалжыңмен iреп соясың. Рахат! Соған орай редакцияға бас сұққан адамдар да сенiң осы көңiл әуенiңе бейiмделедi. Жасы да, жасамысы да шиыршық атып тұратын «Лениншiл жас» үнемi жылылықтан арылмайды. Ал осы тоғыз қабатты ғимараттың iшiнде барсаң, күлкiңдi сап тыйып, езуiңдi жиғыза қоятын бiр қабат бар. Ол – үшiншi қабат. Өйткенi онда «Социалистiк Қазақстанның» редакциясы қоныс тепкен. Басқа қабаттардың еденiне линолеум, ал ол қабатқа паркет төселген. Партиялық басылым сонысымен де ерекшеленiп тұрады.

Кәдiмгi сықиған «СҚ». Мұнда өңкей бiр түсi суық, мiнезi аса салмақты, салиқалы кiсiлер қызмет iстейдi. Орынсыз күлсең, жалт қарайды, жанарымен жасқап, жерге тығып жiбере жаздайды. Ал кабинеттерiне кiру дегендi атамаңыз. Алда-жалда бастықтарың бiрдеңеге жұмсап жiберсе, келген шаруаңды көмейiңе тобық тiрелiп тұрғандай әзер айтасың. Себебi, бәрiнiң де атағы жер жарады. Жүйенiң жұлын-жүйкесi – «СҚ» да iстеген соң шығар, бәрi де маңғаз басып жүредi. Ашық тұрған есiктерiнiң алдынан аяғыңның ұшымен басып әрең өтесiң. Бәлкiм иба, бәлкiм имену... Өтiп кеткенше арқаңнан суық тер шығады. Қысқасы, «СҚ»-да жүргендей емес, Цекада жүргендей боласың. «Олай болса, сенi құдай қуып жүр ме, нең бар үшiншi қабатта?» – дерсiз... Болмайды онда бармауға. Себебi, бүкiл басылымды басып шығаратын баспаханаға жету үшiн солардың ұзын дәлiзi арқылы өтесiң. Басқа жол жоқ. Сол дәлiзден демiңдi iшiңе тартып өтiп, қос ғимараттың арасын жалғайтын аспалы қуыс өткел баспаханаға барып тiрелгенде, дауысың қайтадан жарқын-жарқын шыға бастайды.
Ал ендi осы адуынды ағалардың ортасында ашаң жүздi, келбетi келiстi жап-жас бiр жiгiт жүредi. Өзi жиырма сегiз жасында бөлiм меңгерушiсi болыпты. Сол кезде «СҚ»-дағы айбынды ағаларымыз «Бұл не боп кеттi өзi, басылымды бала-шаға басайын дедi ме?» деп күңкiлдесiптi» деген сөз айтылатын. Не болса да бұл жiгiт тегiн болмады. Сала құлаш мақаласы жиi жарияланып жатады. Көбiне әдебиет пен өнер мәселелерiн қаузайды. Заманы жақындау ғой деп сiрескен «СҚ»-лықтардың iшiнен содан жылылық iздеймiз. Бiрақ ол да iшiн алдыра қоймайды. Сәлемiңдi салқынқандылықпен алады. Бiр тұтам сауалыңа екi-ақ ауыз сөзбен жауап бередi. Сосын әңгiме бiтiп қалады. Одан әрi тiл қата алмай, тайып тұрамыз. Е, бұл ағамызға да сiреспелiк сырқаты жұққан болды. Қайран «СҚ» сықыстырмай қойсын ба?!

Кейiн ептеп араласа бастадық. Жоқ, олай емес екен. Сәкен көкем айтпақшы, сым пернесiн басып қарасаң, сыр сандық ашыла түседi екен. Көңiл-күйi келiссе, тереңнен толғайды. Оқымаған кiтабы жоқ, бiлiмi ағыл-тегiл. Талқыланып отырған тақырыптың тамырын тап басады. Бiр қарағанда қалжыңның ауылынан алыс қонғандай көрiнедi. Шындығында әзiл әңгiмеге өте жүйрiк. Әр мысалы өмiр бар жерде юмор бар екенiн дәлелдеп тұрады. Барынша байсалды деген адамың құрдастарын қалжыңмен қажай бастағанда, күлкiден өле жаздайсың. Баяғыда бекерге сатира жазды ғой дейсiң бе? Көп илiге қоймайтын аса салмақты ағамыз жиын-тойда бидiң де түбiн түсiредi... Тіпті аяқтарын оңды-солды сілтеп, ширатыла жөнелгенде «ЦК»-да істеген кісі осы ағамыз ба, басқа ма?» деп, екі көзің тас төбеңе шығады.
«Социалистiк Қазақстанда» журналистiк мектептен өтiп, шыңдалған ол Орталық Комитетке шақырылды. «СҚ»-дағы толысқан тәжiрибесi Цекада абыройлы болуына негiз қалады. Өмiрiне өнеге болған ардақты ағалары Өзбекәлi Жәнiбеков, Мырзатай Жолдасбеков, Әбiш Кекiлбаев, Сейiт Қасқабасов, Төлен Әбдiковтермен бiрге қызмет iстедi. Осы ағаларымен бiрлесiп, Цеканың талай жылғы тоңын жiбiтiп, ақтаңдақтарды аршып, ұлттың рухын көтеруге үлес қосты. Қазақ халқына қырын келген кейбiр құжаттардың жолын кесу үшiн тиiмдi тәсiлдер қолдана бiлдi. Еңселi кеңсенiң есiгiнен ел үшiн бағалы бастамалардың көптеп шығуына ниеттi болды.

Байсалды басылым мен көшелi кеңседегi қызмет жазған дүниесiне асқан жауапкершiлiкпен қарауға үйреттi. Үзбей iзденуге машықтандырды. Бiр мақала жазу үшiн бiрнеше кiтап оқиды. Интернеттiң иiрiмiнен дамылсыз дерек суыртпақтайды. Тапқанын салмақтап-саралайды, iрiктеп-сұрыптайды. Мысалы, Палестина туралы мақаласын жазуға әзiрлендi делiк. Алдымен өзi жақсы бiлетiн, бiрақ тағы бiр көз жүгiрткеннiң артығы болмайтын ең қарапайым ұғымдарды тиянақтап шығады. Үйiндегi бай кiтапханадағы 30 томдық «Большая Советская Энциклопедияға» жүгiнедi. Палестина, Израиль, Иерусалим туралы мақалаларды шолып шығады.

Дауласушылардың қайсысы қай ғасырларда алдымен жеткенiн, кiмде тарихи құқық көбiрек екенiн бағамдайды. Сосын интернеттен мол мәлiмет жинайды. Одан кейiн Сыртқы iстер министрлiгiнен алған, басқаның қолына түспейтiн бағалы деректерге зер салады.

Қазақстанның халықаралық мәселелерге байланысты ұстанымына көз жеткiзедi. Ол аз десеңiз, АҚШ-қа бiр барғанда ала келген Таяу Шығыс мәселелерi жөнiндегi кiтапты парақтайды. Әрқайсысынан бiр ғана дерек алатын шығар. Есесiне оқыса да, пайдаланылмаған дүниесi осы жарияланымның мазмұнына әсер етiп тұруы әбден мүмкiн. Мұхитта жүзген мұзтаудың су астындағы алып бөлiгi сияқты... Әр мақаласын осылай жазады.
Еңселi кеңселердегi ерекше тәртiп оны тынымсыз еңбек етуге баулыды.

Болмыс пен бiтiм

Ақпараттың арланы,
Тақырыптың тарланы.
Жетпісіне жеткенше,
Жарты әлемдi шарлады.
(Журналистiк фольклордан)

Атасы Таутай ақсақал тектi адам едi. Ауыл-аймақ аузына қараған кiсi болды. Етi тiрi, көзi ашық. Кенен Әзiрбаевпен, Бауыржан Момышұлымен араласқан кiсi. Атақты Мақұлбектiң Қара атымен талай жыл бәйгеге шапқан. Қара аттың тағдыры туралы жазылған көркем шығармалардың бiразында (Ә.Жылқышиев, Е.Тұрысов, М.Қалдыбаев) шабандоз бала Таутайдың да аты аталады. «Ән қанатында» фильмiнде ақсақалдың бейнесi бар. Өзi 98 жасында дүние салды. Сөз саптауы керемет. Айтқан әңгiмесiнiң жазбаша нұсқадан айырмасы болмайды. Талайды таңғалдыратын тiркестер бiрiнен соң бiрi төгiлiп түсiп жатады. Қыстырма сөздi мүлде қолданбайды. Гармонның құлағында ойнайды. Нағыз қазына-қария едi. Қазына демекшi, Таутай ақсақал туралы кезiнде түсiрiлген жарты сағаттық телехабар да «Қазына» деп аталады.
Ақсақалдың айтқыштығынан бiр мысал келтiре кетейiк. Алғашқы наурыз тойланған жылы Алматыға келiптi. Жасы ұлғайғанына қарамастан таңертеңнен кешке дейiн көшеде мерекенi қызықтап жүрiптi. Қасына iлескен Сәукеңнiң өзi шаршап, «Үйге қайтсақ қайтедi?» – десе, ақсақал: «Шырағым, менiң құрдастарымның көбiсi ана жаққа кеттi, бiразы үйде отырып қалды. Маған құдай бәрiн берiп тұр. Жүрiп тұрғанда аяқтың, көрiп тұрғанда көздiң қызығын көру керек», – дейтiн көрiнедi. Осындай қасиеттi қара шалдың құймақұлақ немересi осал болсын ба?!

Ал әкесi Абдрахман совхоздың бас есепшiсi қызметiнде жүргенде, қырық жасында дүниеден қайтты. Аса қабiлеттi адам болыпты. Үш-төрт таңбалы сандарды бiр-бiрiне ауызша көбейтiп-бөле бередi екен. Кейбiр жазған-сызғандары бертiнге дейiн келген. Сөзбен сурет сала бiлген. Үлкен ұлы Батырбекке ұқсастырып, екiншi ұлының атын Сауытбек деп қойған. «Батырдың сауытындай болсын» деп ырымдаған. Мектептi алтын медальмен бiтiрген Батырбек ағасының қабiлетi бөлекше екен. «Маған ағамдай болу қайда? Мына заманда сондай адамдардың өмiр сүргенiне таңғаламын», – дейдi Сәукеңнiң өзi.

Анасы алты баламен қалыпты. Әке өмiрден өткенде, ең кiшкенесi алты айлық екен. Әлима, Нағима, Рахима, Майра деген қарындастарынан қазiр қаншама жиен көрiп отыр. Ауыл-аймақ, ағайын-туған ардақ тұтқан асыл ана Сайыпжамал шешемiз үнемi перзенттерiне жоғары талап қойып, көп үмiт күткен. Сол талапшылдығына бiр мысалды кейiпкерiмiздiң өзi былай әңгiмелейдi. «Орталық Комитетте сектор меңгерушiсi кезiм едi. Бiрде үйге үлкен кiсiлер қонаққа келдi. Қалағаң бар (Қалтай Мұхамеджанов), Әбекең бар (Әбiш Кекiлбаев), Имекең бар (Иманғали Тасмағамбетов). Жақсы отырдық. Ағаларым ағыл-тегiл ақтарылып, әңгiме айтты. Тiптi қимай қоштасқандай болған кештен кейiн көңiлiм көтерiлiп, қазақша айтқанда, тiлiмнен қағынып: «Апа, қазақтың игi жақсылары дастарханыңызда отырды, балаңыз ЦК-да отыр, балаңызды мақтап жатыр, қалай, ризасыз ба?» – деп қалғаным. Сонда апам: «Шырағым-ай, не айтайын, менiң сенен күткенiмнiң оннан бiрiн де жасаған жоқсың ғой әлi», – дегенi. Мойнымнан суық су құйып жiбергендей болды. Расында да, жетi-сегiз жылдан берi аппаратта алашапқын болып, жүйелi жұмыс iстемей, бұрынғы жазған-сызғандарымның басын қосуға да құнттылығым жетпей жүрген кезiм едi. Ақыры анам сонша үмiт күткен баласының бiр кiтабын да көрмей, 1996 жылы өмiрден өтiп кете барды. Кей-кейде «Қазiр апам не айтар едi?» деп те пендешiлiкпен ойлап қоямын».

Отбасынан осындай өнеге алған Сәукеңе өзi туып-өскен «Келес» совхозының «Коммуна» бөлiмшесiнен шыққан танымал тұлғалар да өзiнше ықпал еттi. Арқалы ақын Тоқаш Бердияров, зерделi ғалым Немат Келiмбетов, бiлiм саласының қайраткерi, танымал шығыстанушы Лениншiл Рүстемов осы ауылдан едi. Солардың кiтаптарын үзбей оқыды. Аядай ауылдан шығып, әйгiлi адам атануға болатынына көзi жеткен секiлдендi. Әсiресе, тентек мiнез ақын Тоқаштың ауылға әр келгенi аңыз едi. Бiр келгенiнде өзi туған «Ұшқын» ауылындағы автобус маршрутының мәселесiн шешiп кетiптi. Аудандық «Мақташы» газетiне бөлiмше тұрғындарының атынан мақала жазыпты. Онысын өлеңмен өрнектептi. «Автобаза бастығы Төретаев, Автобус талап етсек, көредi айып», – деп басшыларды тiлiмен түйреп өткен көрiнедi. Мiне, осының бәрi Сәукеңнiң шығармашылыққа қызығушылығын оятты.

Қашаннан ұқыптылық, тиянақтылық қанына дарыған. Мақаланы жазып болғаннан кейiн жиған мәлiметтерiн сапырылыстырып, сақтай бермейдi. «Журналист есте сақтай, жинай, жүйеге түсiре бiлуi керек. Сосын ұмыта бiлу керек. Ұмыта бiлмесең, өзiңдi өзiң құртасың, – дейдi ол. – Мысалы, менiң Әбiш ағамның (Кекiлбаев) зердесi ғаламат. Оның есесiне қарапайым нәрселердi есте ұстамайды. Өйткенi, ол нәрселердiң Әбекеңе керегi жоқ».

Әр сұхбатына тыңғылықты дайындалады. Бiрде академик Төрегелдi Шармановпен әңгiмелесетiн болды. Алматыда екi күн бойы кiтапханада отырып, әр тағамның құрамында қанша калория болатыны жөнiндегi мәлiметтерге дейiн қанықты. Еттiң, iрiмшiктiң, сүттiң нәрлiлiгi туралы деректердi жатқа соғып отырғанда Төкең таңғалды. «Сен өзiң бұл тақырыпты бiр ғылым кандидатының деңгейiнде бiледi екенсiң ғой», – деп күлдi. Есесiне еркiн әңгiмеге жол ашылды. Кейiпкерiмiздiң көздегенi де осы едi. Бұл мәлiметтердi сұхбаттан кейiн ұмытатынын бiлдi. Бiрақ академиктiң жан дүниесiне әсер ету үшiн керекке жарады, сол жетiп жатыр.

Ал Грузияның бұрынғы басшысы, КСРО Сыртқы iстер министрi болған Эдуард Шеварднадземен әңгiмелесу үшiн ептеген қулыққа барды. Марина деген хатшысы бар екен. «45 минут қана сөйлесесiз», – деп отырып алды. Ширақтау кезiнiң өзiнде әр сөзiн ойланып алып, баппен, баяу баяндайтын Эдуард ақсақал жасы ұлғайғанда 45 минуттың iшiнде не айтып үлгередi? Маринамен айтысып-тартысып, бiр сағатқа әзер көндiрдi. Эдуард Амвросиевич диванда отырып, шалқайыңқырап алып, сөз бастады. Сол баяғы мәнер, сол ұза-а-ақ ойлану... Бiр сағаттан асты. Үлкен бөлменiң бiр бұрышындағы Марина тыпыршып, қолымен ымдап, белгi бере бастады. Сәукең сол кезде кешiрiм сұрап, келiскен уақыт аздық ететiнiн, әңгiме барысында басқа да сұрақтар туындағанын айтып, ақсақалдың рұқсатын сұрап алды. Мазасыз Маринаның үнi өштi. Сөйтiп, екеуi екi сағат он бес минут сөйлестi. Ал ендi әңгiмеге екi сағат керек деп алдын ала айтса, Марина Шеварднадзенiң маңына өлсе жолатар ма?!

Тбилисиде бұл жолы уақытты ұзартуды ойласа, Мәскеуде танымал режиссер Андрон Кончаловскиймен сұхбат кезiнде оны тоқтата алмай қиналды. Оған елге қайтатын күнi ғана қолы жеткен-дi. Жұрт әзiлдеп «Дворянское гнездо» деп атайтын Михалковтардың бұрынғы имениесi – «Николина горада» жайғасқан Кончаловский бiрден ағыла жөнелдi. Мүлде тоқтамайды. Тiптi әңгiме арасында сөзiн бөлiп, сұрақ қоюдың өзi қиын. Өте көп бiледi. Басқаны былай қойғанда, өзiмiздiң Шоқан туралы да, Абылай хан туралы да мәлiметi мол екен. Соның бәрiн айтып, кеңiнен көсiлдi. Әңгiме уақыты үш сағаттан асып барады. Ендiгi басты мәселе оны тоқтату болды. Қонақ үйге жетiп, жолға жиналуы керек. Домодедово Мәскеуден 70 шақырым жерде... Қаланың iшi толған кептелек. Кешiгiп қалуы әбден мүмкiн. Онда Андронның шаруасы жоқ. Сiлте-е-еп отыр. Iздеп келген өзi, кiлт тоқтату ыңғайсыз. Жайлап қақпайлап көрдi. Арасында бiр рет рахмет айтты. Кончаловский сонда да қиялап тарта бердi. Интервьюдiң тақырыбы жайына қалды. Өз әлемiндегi әйелдер мәселесiн бiр тиянақтап алып, Саддамға бiр соқты, қиястап Каддафиге кеттi. Бiр емес, бес интервьюге жететiн әңгiме айтты. Төрт сағат тоқтамай сөйледi. Бәтуәлi бiр паузаның кезiнде Сәукең майда тiлмен рахмет айтып, қоштасып үлгердi. Ендi болмағанда «Ұшақтан кешiгетiн болдым» деуге шақ қалып едi... Ал оның әкесi Сергей Михалковпен Мәскеуге екi рет барып жүрiп, зорға дегенде сөйлескенi өз алдына бiр хикая.

Бала күнiнен бойына дарыған тиянақтылық пен мәмiлегерлiк қаламгерлiгiнiң қалыптасуына үнемi пайдасын тигiзiп келедi.

Басшы мен басылым

Сөз саптайды көнеден,
Өмiр жолы – өнегең.
«Егеменнен» – министр,
Министрден – «Егемен».
(Журналистiк фольклордан)

«Егемен Қазақстанның» киелi қара шаңырағында ширек ғасырдан астам уақыт тұрақ тапты. Орталық Комитетке ауысқанша бұл газетте он екi жыл жұмыс iстеп едi. Қайтып оралғанға дейін Орталық Комитеттiң нұсқаушысы, мәдениет секторының меңгерушiсi, Президент Аппараты Iшкi саясат бөлiмi меңгерушiсiнiң бiрiншi орынбасары, Мәдениет министрiнiң бiрiншi орынбасары, Телерадиокорпорацияның бiрiншi вице-президентi, Ақпарат министрi болып қызмет атқарды. Әйтсе де, өз өмiрiнде ерекше орны бар «Егемен Қазақстанның» жөнi бөлек. Бұл қызметте ол шығармашылық шеберлiгiн ғана емес, менеджерлiк қырын да көрсете алды. Елбасыдан бастап, Үкiметке, Парламентке барып жүрiп, осы саланың министрi болған беделiн салып, бұрынғы Ломоносов, қазiргi «Егемен Қазақстан» газетi көшесiнiң бойынан басылымға арнап 8 қабатты еңселi ғимарат тұрғызды. 1954 жылғы екi қабатты ескi үйдi сүргiзiп тастап, орнына 4 қабатты жатақхана салғызды. Оның алдында «Жастар» шағын ауданынан он бес пәтерлi алты қабаттық үй көтертiп тастағаны тағы бар. Қызметкерлерiнiң бәрiнiң дерлiк пәтерге қолын жеткiздi. Ең қызығы, «егемендiктердiң» бiразы редакциядан таяқ тастам жердегi бiр үйдi мекендейдi. Күндiз қызметтес, кешке көршiлес. Осының бәрi – басшының басқаларға да бiрдей бөлiнген қаржыны ұтымды пайдаланып, барды ұқсата бiлгенiнiң арқасы.

Бас басылымның басшысы алғашқы кезекте өзiнiң журналист екенiн ұмытпады. Үзбей мақала жазып, қызметкерлерiне үнемi үлгi көрсетiп отырады. Бiр кезде үздiк қақпашы болған Сауытбек ағам футболдағы «играющий тренер» ұғымын естен шығармаған тәрiздi. Басқара да, жаза да бiледi. Кейде ойды жұптап-жүйелеп алып, терiмшiге ауызша айту тәсiлiн де пайдаланады. Ұзақ жылғы «диктовка» дәстүрi оны осыған үйреттi. Әбден машықтанғандiкi болу керек, компьютерге ауызша түсiрiлген мақалаларының жазғаннан айырмасы бола бермейдi. Дұрыс өрiлген «диктовка» – дұрыс ойлаудың нәтижесi. Логикалық қисынның берiктiгiнiң көрiнiсi.

«Егемен Қазақстанда» бiр бөлiмде бiрге iстеген Ақселеу ағасынан үйренген тағы бiр дағдысы бар. Ақаңның әрiптес iнiлерiнiң бiразы оның насыбай шақшасына жармасып жүргенде, бұл ағасы секiлдi мақалаларды тақырып бойынша папкаларға бөлек жинауға әдеттендi. Ретi келгенде, тиiстi буманың бауын ағыта қояды.
Сәукең үрдiс етiп жүрген журналистиканың сипаты бөлек. Оны жаһандану үлгiсiндегi журналистика деп атауға болады. Қазiр қазақ қаламгерлерi әлемдiк мәнi бар оқиғаларға үн қосып, ой-пiкiр айтуды дәстүрге айналдырды. Бұрын мұның бәрi өзгелерге тиесiлi шаруа секiлдi көрiнетiн. Сейдахмет Бердiқұлов пен Нұрмахан Оразбековтi осы жылжымастай жүйенi бұзып-жарып шыққаны үшiн ерекше бағалайды.

Өз елiмiзге үлгi болар өзге өрелi өлшемдердi кең таныту үшiн «Әлемге әйгiлi» айдарымен танымдық мақалалар топтамасын ұдайы жариялап отырды. Бұл – жаһандық ойлауға жол ашатын, бiрақ көп iзденiстi талап ететiн жұмыс. Бiрақ елдiк бiрлiк, ұлттық болмыс – оның басты ұстанымы. Жұрттың жарасымдылығына, ұлттың ұйысуына керi әсерiн тигiзетiн алақол ақиқатты да қаламайды. Елдiң iргесiн шайқайтын шикi шындықты да ұната бермейдi. Басылымдағы барлық мақала бiрлiктiң бойтұмары, татулықтың тұтқасы болып тұруға тиiс.
Алыс сапарға шыға қалса, байыпты басшыдан тынымсыз тiлшiнiң кейпiне бiрден енедi. Шараның кеш бiткенiне қарамастан, оның мәлiметiн ертеңгi нөмiрге үлгертiп жiберуге тырысады. Мысал керек пе, айтайық. Елбасының Бразилияға сапары кезiнде ресми қабылдау рәсiмi өтедi. Сол қабылдау кезiнде Бразилияның Президентi Қазақстанның Президентiне футбол королi Пеленiң қолтаңбасы қойылған доп сыйлайды. Сергектiктi серiк еткен Елбасы допты тек қабылдап қана қоймай, оны жерге түсiрмей бiрнеше рет қақпақылдап теуiп көрсетiп, жиылған жұртты таңғалдырады. Бұл кезде Қазақстан шырт ұйқыда жатқан. Сәукең осы сәттiң дерегiн лезде екi-ақ сөйлеммен әзiрлеп, Астанаға SМS арқылы жолдайды. Басқадай ретi жоқ едi. Таң алдында «қалтафонмен» терiлген бұл мәлiмет қол қойылып кетiп бара жатқан репортаждың бiр тұсына табиғи түрде сыналанып, газетке басылып, қалың елге жол тартты.

Тағы бiрде Австрияға Сенат төрағасы Қайрат Мәмимен бiрге барды. Бас сенатор сол елдiң дипломатиялық академиясында лекция оқыды. Лекциядан соң өзiне қойылған сауалдарға орнықты жауап бердi. Осы кездесу бiткенде, Астанада «Егеменнiң» ертеңгi нөмiрiне қол қойылғалы жатыр едi. Соған үлгеру үшiн ұшақ трапында тұрып, ұялы телефонмен қосымша едәуiр ақпарат бердi. Стюардесса қыз жан алқымға алып, «кiрiңiз, кiрiңiз» деп асықтырып жатыр. Ұшақ аспанға көтерiлсе-ақ қалтафон қатардан шығады. Шетелге барса, үнемi осылай аттың жалында, атанның қомында жұмыс iстеуге тура келедi.

Әлемде Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 ел бар екен. Соның алпыс біріне Сәукеңнiң табаны тиiптi. Бiрқатарының топырағын талай рет басты. Мәселен, Италияда бес рет, Францияда бес рет, Австрияда алты рет, Америкада алты рет, Жапонияда төрт рет болды. Осылардың iшiнде ең қатты ұнаған елi – Испания. Бұл елдiң сегiз қаласын баяғыда Кеңес кезiнде жарты ай бойы аралады. Лондондай таза, Париждей салтанатты болмаса да, әйтеуiр, Мадрид ерекше тартады да тұрады.

* * *

Бiр кездегi №1 ойыншы ақпарат әлемiнде қақпашы болған жоқ. Оның есесiне нысананы дәл көздейтiн ширақ шабуылшы болып қалыптасты. Қас қақпай қорғаған қақпашылық тәжiрибесi де текке кете қоймады. Қазiр ол өзiнiң рухани әлемiнiң қазыналы қақпасын қайыспай қорғайды. Бiр кездегi кәсiби қақпашы ұлағатты ұғымдарға ұры көзiн салатын ұрымтал тұстарды жақсы бiледi. Әлдеқашан жейдесiнен жан дүниесiне көшiп кеткен №1 сан осыған мiндеттейдi.

Баяғыда Келестiң көк майсалы даласында еншiлеген нөмiрi күнi бүгiнге дейiн оның өмiрiне серiк болып келедi.

* * *

Бұл күндері №1 ойыншы мерейлі жасқа толып жатыр. Бірақ ол жасы жетпіске жеткенше әлі қақпасына гол жіберіп көрген жоқ... Биік белесіңіз құтты болсын!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер