Фристайл могул бойынша спорт шебері, түрлі жарыстардың жеңімпазы Геберт Александр мәлімдеме жасап, өзін құрамадан кетуге мәжбүрлегенін айтты. Оның сөзінше, жаттықтырушысы ақшаны картасына жіберуін талап еткен. Сонымен қатар жаттықтырушы тарапынан қысым көргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.
Геберт 2020 жылы Ұлттық құрамадан кеткен. Соңғы жарты жыл құрылысшы болып жұмыс істеген және үлкен спортқа қайта оралғысы келетінін айтады.
«Мені 2020 жылы өз еркіммен құрамадан кетуге мәжбүрледі. Егер бұлай жасамасам, “жарамсыз” деп тауып, арнайы баппен құрамадан шығаратынын айтты. Бірақ мұны әділетсіздік деп санаймын. Себебі мен спорт шеберімін, бірнеше жарыстарда жеңдім. Жақсы нәтижелер көрсеттім», – деп мәлімдеді ол өз Instagram парақшасында.
Геберттің сөзінше, жаттықтырушы спортшыларға берілген ақшаны өз картасына аударуды талап еткен.
«Әр маусым соңында құрамадағы спортшыларға ақша беріледі. Бұл – жиын кезінде тамақтануға бөлінген қаржының қалған бөлігі. Қаржының неліктен берілгенін команда капитанынан сұрап білдім. Дәл сол уақытта біздің бас жаттықтырушымыз мессенджер арқылы алған ақшамызды 1 сағаттың ішінде өз картасына жіберуді талап етті. Ешкім бас тарта алмады. Мен жаттықтырушы және спортшы арасында дұрыс қарым-қатынас болуын талап еттім. Бірақ жауап ретінде балағат сөз естідім», – деп қосты ол.
Спортшы неліктен қаржыны жіберу керек екенін сұрағанында, қорлап, психологиялық қысым көрсеткен. Сонымен қатар мұндай қысымның халықаралық және республикалық жарыстар кезінде, дайындық барысында да болатынын айтады.
«Бұл жаттықтырушының біліксіздігін көрсетеді. Ешкім мұны айтпайды. Мен спортқа 14 жылымды арнадым. Алған жарақаттар да аз емес, бірақ қайта
тұрып, елімнің намысын қорғадым. Ұлттық құрамадан қуылуға лайықты емеспін деп санаймын. Менің қолымда құрамаға қосылу жайлы барлық анықтамалар мен нәтижелер бар», – деді Александр Геберт.
Бұдан бөлек, спортшыға жеңіл атлетикалық манеж батутында жаттығуға тыйым салынған. Қазір Геберттің жаттығуларын отбасы мен жақындары қаржыландырып отыр.