Дрондар дәуірі аяқталды ма? Ресей Днепрді құрлықаралық зымыранмен атқылады

1077
Adyrna.kz Telegram
Фото: Dimitar Dilkoff/Getty Images/AFP
Фото: Dimitar Dilkoff/Getty Images/AFP

Астрахань облысынан жіберілген баллистикалық ракета Днепрге шабуыл жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы dw.com-ға сілтеп.

Украиналық тараптың мәліметі бойынша, 21 қарашада Ресей әскері Днепр қаласына әртүрлі типтегі ракеталар, оның ішінде аэробаллистикалық "Кинжал" ракетасы, жеті Х-101 қанатты ракетасы және құрлықаралық баллистикалық ракета (ҚБР) атқылады. Ракета Астрахань облысынан ұшырылған. Шабуылдың мақсаты – кәсіпорындар мен маңызды инфрақұрылым нысандары болды деп хабарланады.

Украина Әуе күштерінің мәлімдеуінше, зениттік әуе қорғаныс бөлімшелері Х-101 үлгісіндегі алты ракетаны атып түсірді. Басқа ракеталар елеулі зардап әкелмеді. Жараланғандар мен қаза тапқандар туралы ақпарат әлі түспеген.

Украиналық Telegram арналарының мәліметінше, Днепр қаласына РС-26 "Рубеж" баллистикалық ракетасы қолданылған болуы мүмкін. Бұл ракета 2000 жылдардың ортасында әзірленіп, 2011 жылы алғашқы ұшуын жүзеге асырған. Оның ұшу қашықтығы 6000 шақырымға жетеді. Бұған дейін бұл қару 2017 жылы қару-жарақ қатарына енуі тиіс болғанымен, кейінірек "Искандер" кешені пайдасына алынып тасталған

Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысактың айтуынша, шабуыл салдарынан мүгедектерге арналған оңалту орталығы, қазандықтар және бірнеше ондаған терезелер зақымданған. Сонымен қатар, гараж кооперативінде өрт шығып, екі жеке үй бұзылған.

Егер ҚБР қолданылғаны расталса, бұл Ресей-Украина соғысы кезінде мұндай қарудың бірінші рет қолданылуы болмақ. Bloomberg агенттігінің мәлімдеуінше, бұл қадам Ресейдің ядролық қару мүмкіндіктерін ашық көрсетуге бағытталған белгі болуы мүмкін.

Ресей тарапы ҚБР қолданылғанын ресми түрде растамады. Ресей президентінің өкілі Дмитрий Песков журналистерге мұндай ақпаратты ресейлік әскери мекемелерден сұрауды ұсынды.

Соңғы күндері Киевтегі АҚШ, Испания, Италия және Грекия елшіліктері әуе шабуылдарының қаупіне байланысты өз жұмысын уақытша тоқтатты.

Айта кетейік, 19 қарашада Украина алғаш рет америкалық ATACMS зымырандары арқылы Ресей аумағына соққы берді.

Пікірлер