Фатма Сөнмез: Мерейтойың құтты болсын, Түркі әлемінің жарық жұлдызы, атажұртым – Қазақстаным!

568

Түрік азаматшасы Фатма Сөнмез иемденген марапатын Қазақстанның тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойы мен Елбасының ерен еңбегіне арнады.

Түрік азаматшасы Фатма Сөнмез: «Мерейтойың құтты болсын, Түркі әлемінің жарық жұлдызы, атажұртым – Қазақстаным»!

Түркияның Медиа мен БАҚ ассоциациясы қоғам қайраткері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Фатма Сөнмезді Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластықты нығайтуға, сондай-ақ, Кырыккале қаласының дамуына қосқан үлесі үшін «Жылдың ең үздік еларалық көңіл елшісі» сыйлығымен марапаттады.

Аталмыш марапат Сөнмезге «Кырыккале қаласының дамуына үлес қосқандарды марапаттау рәсімі» аясында «Кырыккале қаласының Түркия мен әлемге ашылған бренді» номинациясында табысталды.

Түркияның Кырыккале шаһарында медиа, бизнес, саясат және қоғамдық ұйым көшбасшыларының қатысуымен өткен салтанатты марапаттау рәсімінде сөз алған Фатма Сөнмез: «Марапатымды әрдайым маған қолқанат болып, демеу болып келген ата-анама, атажұртым Қазақстанның тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойына, Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы құрметті Нұрсұлтан Назарбаевқа және өзімнің де құрметті азаматы болып табылатын Ясауи атамның қасиетті шаһары – Түркістанға арнаймын. Мерейтойың құтты болсын, Түркі әлемінің жарық жұлдызы, атажұртым – Қазақстаным!», -деп, игі сөздерін Қазақ еліне арнады.

Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Йерлі Дүшүнже» журналының тұрақты авторы, Ясауи мұрасын насихаттаушы, қоғам қайраткері, Қазақстан мен Түркияның бауырластығын нығайту мақсатында жүзеге асқан көптеген халықаралық жобалардың авторы болып табылатын Фатма Сөнмез қазіргі кезде Түркияның Кырыккале қаласының Яхшихан аудандық денсаулықсақтау департаментінің директоры қызметін атқарады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы