Маңғыстауға ҚР Премьер-министрінің орынбасары жұмыс сапарымен келді

1746
Adyrna.kz Telegram
Маңғыстау облысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен келді. Ол өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі инфрақұрылымдық және туристік жобалардың барысымен танысты деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Премьер-Министрінің орынбасары Р.Скляр мен облыс әкімі С.Трұмов алдымен «Ақтау-әуежай» автомобиль жолының құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінде онда жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаға сәйкес, жаңа жол төрт жолақты болады. Екі жолағы бітуге жақын. Құрылыс жұмыстары қаладан әуежайға баратын трассаның 5 шақырымынан бастап 29-ші шақырымына дейін жүргізіледі.
​Осыдан кейін Р.Скляр бастаған жұмыс тобы Мұнайлы ауданында жем-шөп дайындайтын «Жамалбек» ЖШС –ның жұмысымен танысты. Жоба іске қосылғанда зауыт жылына 15 мың тонна өнім шығарады. Бүгінде онда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. ​Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Ғ.Ниязов өңірде мал азығымен қамтамасыз ету мәселелері туралы баяндады.
— Жыл басынан бері облысқа 37 000 тоннаны тасымалданды. Оның 30 000 тоннасы өзге аймақтардан, қалған 4 000 тоннасы жергілікті жерден шабылды. Сондай-ақ, өзге облыстардан көмек ретінде келген 3 000 тонна тегін шөптер облыстың қуаңшылық салдарынан зардап шеккен шаруа қожалықтарына таратылды. Жалпы облысқа қыс мезгіліне норматив бойынша 53 мың тонна жем қажет. Бүгінгі күні оның 19 мың тоннасы өзге облыстардан тасымалданды. Қалған 34 мың тонна жемді сатып алуға толық қаражатымыз бар,- деді облыс әкімінің орынбасары.
Р.Скляр қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруды тапсырды.
​Бұдан кейін Премьер-Министрінің орынбасары Ақтау маңында тағы бір салынып жатқан автомобиль жолының жұмысын көрді. Ол "Хонда" орталығынан Өмірзақ ауылындағы "Т"- тәрізді қиылысқа дейінгі автомобиль жолын жаңарту жұмысы. Ені 14 метр, ұзындығы 4.5 шақырым жаңа жол учаскесі туристік аймаққа және кері қарай келе жатқан автомобильдердің ағынын жеңілдетіп, әсіресе жазғы кезеңде көлік кептелісін реттеуге септігін тигізеді. Бүгінгі күні онда су құбыры мен кәріз желілерін тарту үшін траншея дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жол құрылысын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
​Бұдан бөлек Р.Скляр жағажайда салынып жатқан туристік нысандардың құрылысын да көрді.
Мұнда қазір екі ірі компанияның бастамасымен«Double Tree by Hilton» қонақ үй кешендері мен вилла мен апартаменттер салынып жатыр.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер