Маңғыстаулық оқушылары медицинаға жаңа серпіліс әкелді.

2731
Adyrna.kz Telegram

Медицина әрқашан адам қызметінің күрделі салаларының бірі болып саналды. Сондықтан да медицинаға жасанды интеллект, роботтарды енгізу арқылы дәрігерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге барлық жағдай жасалып жатыр. Жасанды интеллект медицинаның ажырамас бөлігі бола ала ма? Бүгінде медицина саласында қандай роботтар бар, оны әлем белсенді қолданып жүр ме?  Бұл сауалдарға мектеп оқушылары Наурыз кездесулерінде жауап берді.  

Астанада 2023 жылдың 15-17 наурыз аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Биомедицина, инженерия и технологиялар» атты ХII Наурыз кездесулері өтті.

Наурыз кездесулері – оқушылардың ғылыми таланттары мен зерттеушілік шабыттырын көктем мерекесінің ең маңызды салт-дәстүрлерімен тоғыстыратын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының айрықша дәстүрі. Наурыз кездесулері 2011 жылдан бері өткізіліп келеді және заманауи ғылымның жаһандық басымдықтары ішіндегі ең өзекті тақырыптарына арналды.

Астанада денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен табысты жұмыс істеп келе жатқан барлық Зияткерлік мектептердің жас ғалымдары жиналды. Мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары 3D-биопринтингке, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасауға және заманауи медицинаның басқа да өзекті басымдықтарына арналды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев NIS-тің Наурыз кездесулерін үлкен ғылымға жасалған алғашқы қадам деп атады.

– Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың бастамасымен жүзеге асқан Наурыз кездесулерінің тарихи маңызы зор, себебі елімізде жас ғалымдардың бірегей алаңы пайда болды. Бірнеше жылдан кейін біз әлемдік жаңалықтар авторлары мен Нобель сыйлығының лауреаттарының арасынан бүгінгі қатысушылардың есімдерін еститінімізге сенімдімін, – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Маңғыстаулық оқушылар да бұл шараға өздерінің авторлық жобаларын ұсынды. Солардың бірі Наурыз кездесулерінде үздік деп танылған жоба, зағип жандарға арналған «DolphEYE» көзілдірігі.

Жоба авторы Мырзаәлі Асановтың айтуы бойынша зағип жандарды қоғамнан алыстатып алмау, олардың комплекс мәселесіне бейжай қарамай, қоғамда қолайлы өмір сүруіне мүмкіндіктер жасау мақсатымыз дейді:

- Статистикалық мәлеметтерге сүйенсек әлем қоғамында 300 миллионнан астам көру қабілетінен айрылған жандар өмір сүреді. «DolphEYE» деп аталатын көзілдірік зағип жандардың күнделікті өмірінде туындайтын қолайсыздықтардың алдын алады. Бұл көзілдірік зағип жанға А нүктесінен Б нүктесіне кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. «DolphEYE» көзілідірігі зағип жандарға күнделікті өмірде қолайлы қозғалуға көмектесіп қана қоймай, қоғамдағы «комплекс» мәселесін шешуге арналған. Бұл шешімге жету мақсатында Arduino Nano платосымен қатар арнайы қосымшаларды қолдандық.

Ақтаудағы NIS оқушылары жасап шығарған Qarapaiym emdeu деп аталатын робот-терапевтте үздіктер қатарынан көрінді. Мұндай роботтардың коронавирус секілді жұқпалы аурулардан қорғану үшін тиімді екенін айтады. Сондай-ақ, ауруы бойынша тек анықтама алғысы келетіндердің уақытын үнемдейді дейді жоба авторы Данил Мухалев:  

- Робот-терапевт келген адамды ЖСН нөмір және камера арқылы сәйкестендіру арқылы жұмыс жасайды. Робот алдымен дене қызуы, жүрек соғысы, алкогольді ішімдік ішкен-ішпегені туралы ақпарат береді. Сонымен қатар, науқас қай жері ауырып тұрғанын айтқан кезде робот пайызбен қандай аурулар болуы мүмкін екенін анықтайды.

Сондай ақ биыл тірек мектептің оқушылары да шараға белсенді қатысты. Бейнеу ауданындағы Күйкен орта мектебінің 9 сынып оқушысы Нұржанат Ақбердиева да өз жобасын көрсеттіп, белсенділік танытты.

Наурыз кездесулері қатысушыларына Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығының балалар хирургиясы бөлімінің жетекшісі Дастан Рүстемовтің баяндамасы ерекше шабыт берді. Спикер балалар хирургиясының ерекшеліктері мен жаңашылдықтары туралы айтып берді:

– Қазір қазақстандық медицина қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні ең күрделі ағзаны ауыстыру оталарын жасауға мүмкіндік бар. Біздің орталықта ана құрсағында жатқан нәрестелерге де ота жасауға болады. Елімізде және дүниежүзінде балалар хирургиясы мамандары жетіспейді. Наурыз кездесулерінің қатысушылары болашақта біздің әріптестерімізге айналады деп сенеміз.

Пікірлер