Тоқаев: Екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн

1175

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы Жолдау кезінде  екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

- Елімізде жаппай екпе салынып жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастырады. Мұндай адамдар өздерінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн, - деп мәлімдеді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы  вакцина табылғаннан кейін қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын еске салды.

- Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатындығын айтуда. Біз оның қашан болатындығын күтіп қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүруге, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір бізге қажетті вакцинаны сатып алу өте маңызды - деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Дүниежүзілік денсаулық ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажеттігін, бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн екендігін атап өтті.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар