Конституция күніне орай мұғалімдерге пәтер табысталды

2798
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтанда Конституция күніне орай баспана кезегінде тұрған адамдарға пәтер кілті табысталды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Осы жолы екі үйдегі пәтерлер үлестірілді. Қазақстан тұрғын үй компаниясының бағдарламасына қатысқандар  "Замечательный" тұрғын үй кешенінен баспана алды. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері бар.

Ал ата-анасыз қалған балалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар Отбасы банкі арқылы Алматы ауданында орналасқан жаңа тұрғын үй кешенінен үй алды.

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы үш жылдың ішінде астанада қолжетімді тұрғын үйдің саны 5,5 есеге көбейді. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер берілсе, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер, берілген болатын. Ал  2020 жылы 7 000-нан астам пәтер пайдалануға берілді. Биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, тұрғын үй сертификатының сомасы 1 миллион теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылып отыр. Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санаты кеңейтілді.

Ал "Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы аясында жыл соңына дейін тағы мыңнан астам жалдамалы пәтер беріледі.

Пікірлер