Астана – Мәскеу бағыты бойынша ұшқан рейсте 85 жастағы жолаушының жағдайы күрт нашарлап, шұғыл медициналық көмек қажет болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеп.
Министрлік бұл туралы 29 қаңтарда мәлімдеген.
24 қаңтар күні Виктор Карпин есімді жолаушы немересімен бірге ұшып бара жатқан кезде өзін жайсыз сезініп, есінен тана бастаған. Бортсеріктер жағдайды байқап, шұғыл түрде дәрігерді шақырды. Сол кезде ұшақ ішінде болған дәрігер, Астана қаласының БСМ УДП РК отоневрологы Карлыгаш Бакирова көмек көрсетуге кірісті.
Тексеру барысында жолаушының қан қысымы 50/30 мм рт. ст. деңгейіне дейін төмендеп, тамыры әлсіз соққаны анықталды. Дәрігер шұғыл реанимациялық шаралар, оның ішінде жүрек-өкпе реанимациясын (СЛР) жүргізіп, науқастың жағдайын уақытша тұрақтандырды. Сонымен қатар, ұшақты шұғыл түрде жақын маңдағы әуежайға қондыруды талап етті. Экипаж жағдайдың ауырлығын ескеріп, Уфа қаласындағы әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Жерге қонған соң, Виктор Алексеевичті медициналық қызметкерлер күтіп алып, ауруханаға жеткізді. Кейіннен оның жағдайы тұрақталғаны хабарланды.
Айта кетейік, бұл – осы айдағы екінші жағдай, онда Астана медициналық университетінің түлектері әуе бортында адам өмірін құтқарды. Бұған дейін интерн Дінмұхамед Бектұрғанов Қызылорда – Астана рейсінде жолаушыға жүрек-өкпе реанимациясын жасап, оның өмірін сақтап қалған еді.