АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде өзін Рим Папасы ретінде бейнелеген суретті жариялады. Бұл сурет желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.
Truth Social платформасында жарияланған суретте Трамп алтынмен апталған тақта отыр. Ол католик дінбасылары киетін ақ сутан киіп, басына митра (Рим Папасының дәстүрлі бас киімі) киген. Көкірегінде алтын айқыш ілініп тұр, ал оң қолының сұқ саусағы жоғары көтерілген.
Бұл бейнежазба жасанды интеллект көмегімен жасалған деп болжануда. Сурет ешқандай мәтінмен сүйемелденбеген.
Аталған жазбаны кейіннен Ақ үйдің ресми парақшасы да репост жасаған.
Еске салсақ, бұған дейін Дональд Трамп журналистерге берген сұхбатында Рим Папасы болғысы келетінін әзілмен айтқан болатын. Forbes Breaking News YouTube арнасы сол сәттің видеосын жариялаған.
"Мен Рим Папасы болғым келеді. Бұл менің бірінші таңдауым болар еді", – деп әзілдеді Трамп.
Сонымен қатар, ол понтифик лауазымына кімнің келуі керектігіне қатысты жеке таңдауы жоқ екенін мәлімдеді.