Алматыдағы дауылдан соң кей үйлер шатырсыз қалған

1048
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласының Таугүл шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары шатырсыз қалып, жауын-шашыннан зардап шегіп жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Хабар агенттігіне сілтеп.

Айтуларынша, қатты дауылдан кейін он күн өтсе де, жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар» арнасына сілтеме жасап хабарлады.

53 үйдің металл шатырын дауыл ұшырып әкеткен. Тұрғындар уақытша полиэтиленмен жауып қойғанымен, ол жаңбырдан қорғай алмады. Әсіресе, жоғарғы қабатта тұратындар қиын жағдайда. Шатырдан аққан су қабырғалар мен төбеге сіңіп, ішкі әрлеу жұмыстары бұзыла бастаған.

«Жаңбырлы күн біз үшін табиғи апат секілді. Шатырды жөндейміз деп уәде берді, бірақ еш нәтиже жоқ. Әкімдікке де, ПИК-ке де жүгіндік. Үш орама полиэтилен беріп, шатырды өзіміз жаптық», – дейді тұрғын Ләззат Сатылханова.

Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, мердігер компаниямен бірлесіп шатырларды қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Алайда ұзаққа созылған жаңбыр ауа райы жұмыстың басталуына кедергі келтіріп отыр.

«Қазір мердігер ұйым әлеуметтік жауапкершілік аясында жұмыс істеуде. Шатыр толығымен мырышталып, нығайтылатын болады. Жөндеу жұмыстары бақылауда», – деді «Алматы тұрғын үй» ЖШС директоры Айдын Қалабаев.

Қазіргі таңда тұрғындар тек жөндеу жұмыстарының тезірек басталуын күтіп отыр. Олар кешігудің одан да ауыр зардаптарға әкеліп соқпауын тілейді.

Пікірлер