Әлемді талқандаған адам кейпіндегі жындар

7617
Adyrna.kz Telegram

Адам тұрпатты жын-перi

Парвус… Адамзат тарихындағы бұл қаралы, қорқынышты тұлға туралы тарихшылар том-том кiтап жазды. Бiрақ, бәрiбiр оның кiм екенiн, кiм болғанын аяғына дейiн ешкiм де танып болмаған сияқты.

Александр Парвус — Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың себепкерлерi — Германия мен Ресейдiң ғана емес, бүкiл адамзат тарихын мүлдем жаңа арнаға бұрған адам. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс, одан кейiнгi кеп, бүкiл 20-ғасырдың тарихы осы Парвус тиянақтаған идеялардың аясында өткен.

Троцкий, Ленин, Менжинский, Урицкий, Володарский, Зиновьев, Каменев, Бухарин, Рыков… Парвустың шәкiрттерiн санап шығу мүмкiн емес. Және осы топтың iшiнен, өзi жоспарлап, тиянақтап шығарған бүкiл әлемдi тонаудың жобасын iске асыра алатын жалғыз адам Владимир Ульянов (Ленин) екенiн де алғаш жазбай таныған Парвус едi.

Парвустың шын фамилиясы Гельфанд деседi, бiрақ, соңғы мәлiметтер бұл жорамалды жоққа шығарады. Бұндай деңгейдегi халықаралық авантюристiң шын аты-жөнiн анықтау өте қиын. Ол Лениннен үш жас үлкен. 1867 жылы Минск губерниясындағы Березино қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Одессада өткен. 1885 жылы Александр Парвус гимназияны аяқтап, Германияға барады, сол жерде оқуын жалғастырады. 1891 жылы Парвус, Базель университетiн экономика және қаржы (финанс) курсы бойынша аяқтап, бiрнеше жыл Германия мен Швейцарияның түрлi банктерiнде қызметте болады.

К.Маркстiң iлiмiн жете таныған, оның терминологиясы мен фразеологиясын пайдалана отырып қандай қылмысты болса да (саяси, әскери) ақтап шығуға болатынын алғаш таныған адам да – осы Парвус.

Ресейдiң тарихын, оның шаруашылығы мен қаржы жүйесiнiң ахуалын байыптай зерделеген Парвус, алып империяның күйреу алдында тұрғанын түсiнген. Ресейдiң тарихын үстiрт болса да шолған адам, Петр I патшаның реформаларының арқасында француз тiлiнде сөйлеп, Батыстың өмiр салтын қабылдап алған, осылайша халықтан аулақтап, өз мәдениетiне өзi тұйықталған ақсүйек-аристократия әулетi мен қара халықтың арасында өткел бермес терең құз бар екенiн көрер едi.

Көбi орыс тiлiн бiлмейтiн, французша сөйлейтiн, орысты адам деп есептемейтiн ақсүйек әулет, қара халық үшiн қашан да басқыншы саналатын. Орыс халқы ақсүйектерге амалсыз ғана бағынатын. Бұл жәйт – Парвустың қолындағы бiрiншi көзiр едi. Содан соң, әлем тарихын зерделеген Парвус бұдан да зор мүмкiндiктер бар екенiне көз жеткiзген. Әрине, бұл кезде бiрқатар ел құл иеленушiлiктi жойып, конституция қабылдап үлгерген. Француз революциясының тағлымын алған элиталар, қара халықтан бөлек, бай болып өмiр сүрудiң қандай қатерлi екенiн, революциялар айналып келгенде, империялардың құрылуымен аяқталатынын, жұмысшы, жалпы еңбекшi таппен тiл табысу керек екенiн, болашақ, тiршiлiк – тек қана компромиссте екенiн түсiнген. Осылайша Парвус та, Ленин де дүниеге келмей тұрғанда Англия сияқты экономикасы дамыған елде капиталистер, өздерiмен тең сөйлесетiн жұмысшылар кәсiподағын (профсоюз) өздерi ықпал етiп құрғызған, әлеумет алдында жауапкершiлiктi капитализмнiң негiзiн қалаған, осылайша өз елiндегi тұтанып келе жатқан революцияның алдын алған.

Алайда, елдiң барлығы ағылшын мен американдық емес. Әлемде, капитализмге кiрiптар болып отырған қаншама жұрт бар. Бұл елдердегi еңбекшiлер – болашақ революциялардың сарбаздары («Барлық елдердiң пролетарлары, бiрiгiңдер!» деген ұранды Парвустың адал шәкiртi Ленин сол кезде ойлап шығарған).

Дворяндар мен интеллигенттерден тұратын ат төбелiндей ғана мәдени әулеттен айрылса, орыс қоғамының iлездiң арасында ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кететiн әлсiз, қорғансыз қоғам екенiн Парвус жаңылмай болжаған.

Лениннiң «социал-демократтардың» iшiнде бата алмайтын, дауласа алмайтын жалғыз адамы осы Парвус едi. Басқаларға келгенде, Ленин ештеңеден тайынбайтын. Марксизмдi оның айтқанындай емес, басқаша пайымдағандарды белдесе кеткенде «жермен-жексен» қылатын. «Малай, құл, жалдап, сiлiмтiк, жезөкше, сатқын» – полемика кезiндегi Лениннiң сөздiк қоры негiзiнен осылар болатын. Алайда, ол ешқашан Парвусқа ауызша да, жазбаша да қарсы келмейтiн. Керiсiнше, «ұлы ұстаздың» бiр де-бiр сөзiн қалт жiбермей тыңдайтын. Анда-санда ғана «Бұл архиреакциялық нәрсе! Бiрақ, диалектикалық тұрғыдан алғанда, нақты марксизм дегенiмiз осы!» дер едi болашақ күн көсем. Парвустың пайымындағы нақты марксизм дегенiмiз төмендегiдей едi: марксистiк жаргонда «әлемдiк революция» деп аталатын әлемдiк үстемдiкке бiр ғана жолмен – әлемдiк қаржы жүйесiн қолға алу арқылы ғана жетуге болады. Оның ұғымында, бұл үшiн ескi қаржы жүйесiн қиратып керегi жоқ, тек ақырындап сол жүйеге енiп, соңында тұтастай өз қолыңа қаратып, өз мақсаттарыңның жолына содан соң ғана барып жұмсау қажет. Ал, ол үшiн ең әуелi экономикасы дамыған бiр бай елдi жаулап, ол елдiң барлық байлығын, қозғалатын-қозғалмайтын бар мүлкiн ақшаға айналдырып, ол ақшаны әлемдiк қаржы жүйесiне енгiзу қажет. Ал, егер ақшаның сомасы жеткiлiктi болса, онда дүниенi, бүкiл әлемдi өзiңнiң идеологияңа бағындыруыңа болады. Әлбетте, алғашқы кезеңде жаппай қырғын, аяусыз террор керек болады. Алайда, «пролетар диктатурасы», «тап күресi», «күнi өткен таптар», «жалпыға бiрдей теңдiк», «бостандық» сияқты жарнамаларды орнын тауып пайдалана бiлсе, қандай қылмысты да ақтап, жабуға болады. Kөз қатарыңда темiрдей тәртiп болуы керек, ешқандай алалыққа жол жоқ, басшылардың өмiрiнiң, тұрмысының жай-жапсары барынша құпия болуы керек, содан соң бiртiндеп басшылар құдай дәрежесiне көтерiлуi керек.

Бұл әлi революция емес, қатал жарлықтар сырын бiлдiрiп алған адамды дереу жою туралы құпия нұсқаулар емес едi. Бұл бар болғаны Цюрихтың ұядай кафелерiндегi мамыражай отырыстар едi. Алайда, болашақ революцияның сценарийi ақырындап мағлұм бола бастаған. Бiрден дау-дамай туды. Парвус әлемдiк революцияның бiрiншi кезеңiн iске асыру үшiн Ресейден қолайлы жер жоқ деп тапса, Ленин бұған үзiлдi-кесiлдi қарсы болған едi. Ленин Ресейден ештеңе де шықпайды деп есептесе, Парвус керiсiнше, Ресейде болмастың өзiн болдыруға болады деп есептедi. Мiне, орыс-жапон соғысында жеңiлiп, өзiнiң мақтанышы – алып флотынан айрылған мың жылдық Ресей толқып кеткенде, Парвустың айтқаны келдi. Сыртқы соғыстарда үнемi жеңiске жетiп, империялық мейманасы тасыған халық, патша әулетiне, билiк жүйесiне бұл масқара жеңiлiс пен қорлықты бiтiмдi кешiре алмады. Жапондардан екi миллион фунт стерлинг ақша алған Парвус 1905 жылғы революцияның рухани көсемi мен басшысына айналды. («Жапон ақшасынан» Ленинге де бiраз нәпақа бұйырды. Ол ақшаға Ленин РСДРП-нiң 3-съезiн өткiзген едi). Ал, Ленин шет елде отырып, бiр боқтап, бiр сүйсiнiп, Парвустың Ресейдегi әрекетiн қалт жiбермей қадағалап отырды.

Парвустың тәсiлi қарапайым болатын: қандай елдегi болмасын революция – ең әуелi астанадағы революция. Шет аймақтар тек жаңғырық қана бередi. Парвустың бұл кезеңдегi тындырғаны ұшан-теңiз. Халықтың соғысқа деген наразылығын тудыратын нешетүрлi ұрандар. Банктердi тонау. Кронштадт, Севастополь, Свеаборгтегi ереуiлдер. «Потемкин» мен «Очаков» әскери кемелерiндегi матростардың көтерiлiсi. Ал, осы ылаңның iшiндегi ең «бiрегейi» – әлбетте, «Қанды жексенбi». Парвустың ұрандарына ерген халық 1905 жылдың 9-қаңтары күнi Қысқы сарайға қарай шеру тартқаны белгiлi. Ереуiлшiлер Қысқы сарайды қоршап тұрған әскерге таяқ тастам тақап келгенде, Александр паркiнiң ағаштарына шығып алып отырған Парвустың террористерi әскерлерге қарсы оқ жаудырған. Сасып қалған офицерлерге ереуiлшiлер тегiс қаруланып келген сияқты көрiнген. Содан соң олар да атуға жарлық берген. «Қанды жексенбi» осылай ұйымдастырылған едi. Ленин Швейцариядан қадағалап, ұстазының кемшiлiктерiн де байқап, жiпке тiзiп отырды. Парвус барлығын да тамаша ұйымдастыра бiлдi. Тек бiр ғана қате жiберген. Бiрден жаппай террор бастай алмады. Сол себептi жеңiлiп шықты. Ұсталып, Сiбiрге айдалған Парвус этаптан қашып … Түркиядан бiр-ақ шықты. Бұл жерде ол бiрден жас түрiктер үкiметiнiң экономика және қаржы жөнiнен кеңесшiсiне айналды. Осы жерде ол миллиондаған пайда тауып, банктер мен картельдердiң халықаралық клубының мүшесi болып, керектi байланыстар орнатқан едi. Алайда, осы шаруалармен айналыса жүрiп, Парвус, өзiнiң басты мұраты – Ресей империясын құлатуды бiр сәтке де есiнен шығарған емес. Шынын айту керек, бұл кезде халықаралық беделiнен толықтай айрылып болған Осман империясын экономикалық апаттан құтқарған жалғыз адам осы Парвус едi. Троцкийдiң сөзiмен айтқанда, Парвустың ұланғайыр ақылы орыс империясының тамырын шапқан балтадан, ендi түрiктiң шынарын өркендеткен күрекке айналды. Әлбетте, Парвус өзiнiң пайдасын ешқашан ұмытқан емес, бұл кезде ол қаншама банктер, сауда жүйелерiн құрды, алып ақша сомаларын судай сапырды. Ал, бұл кезде Ленин мен оның ат төбелiндей жақтастары эмиграцияда өлместiң күнiн көрiп отыр едi. Камо (армян террорисi Тер-Петросян) мен Коба (грузин террорисi Иосиф Джугашвили, кейiннен жарты дүниенi билеген мұртты патша, Сталиннiң революцияға дейiнгi бүркеншiк аты «Коба» болатын) кезектi банктi тонау кезiнде ұсталып, Сiбiрге айдалған. Лениннiң шешесi қайтыс болған. Сонымен, Ресейден келетiн ақшалай көмек тоқтаған. Болашақ орыс революционерлерi мейiрiмдi швейцар социалистерiнiң мойнында масыл болып отырған кезi едi.

 

Алайда, Парвус Лениндi бiр сәтке де есiнен шығармайтын, себебi өзi жоспарлаған iстi Ленин ғана орындай алатынын бiлетiн.

Дәл осы сәтте Сараевода австриялық принц Фердинанд өлтiрiлiп, Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс басталды (Ресейдiң барлық дипломатиялық қатынастарды үзiп, Германияға соғыс жариялағанын естiгенде Александр Парвус өз құлағына өзi сенбей, қуанғаннан меңiрейiп отырып қалған деседi). Парвус дереу iске кiрiстi. Энвер-Паша бастаған жас түрiктер үкiметiн Германия жағында Ресейге қарсы соғысуға көндiрдi. Осылайша Ресейдi Қара теңiз бен оңтүстiк тараптан бiтеп тастаған ол ендi «социал-демократтарға» соғады. Осы жерде Парвус алтын жүзiктерi мен гауһар түймелерiн жарқыратып отырып, «социалистiк» қозғалыстың кезектi мiндеттерiн жайып салғанда, оның тiптi бұрынғы партиялас жолдастарының өздерi үрейден меңiрейiп қалып едi. Жаңа «теорияның» мағынасы төмендегiдей болатын: соғысты кiмнiң бастағанын анықтап, әуреленiп керегi жоқ. Әлемдiк империализм ондаған жылдар бойы осы қасап қырғынға дайындалған, сол себептi соғысты әйтеуiр бiреу бастау керек болған. Ешкiмге керегi жоқ ақиқаттарды iздеп, уақыт кетiрiп керегi жоқ, социалистiк тұрғыдан ойлап, үйренуiмiз керек. Әлемдiк пролетариат, болып жатқан соғысты өз пайдасына асырып, кiмнiң жағында соғысу керек екенiн шешiп алуы керек. Әлемдегi ең күштi социал-демократия – ол Германияның социал демократиясы. Социализм Германияда күйресе – барлық жерде күйрейдi. Яғни, әлемдiк социализм жеңiске жету үшiн, барлығы Германияға көмектесуi керек. Дәлiрек айтқанда, бүкiл әлемнiң жұмысшы табы орыс царизмiне қарсы күресуi керек. Немесе, одан да анық қылып айтса, «Германияның жеңiсi – социализмнiң жеңiсi!».

Қалай болғанда да, Ленин бұл жоспардың мiнсiз жоспар екенiн мойындады.

Бұл кезде Парвус Берлинге келiп, немiстерге Ресейдi жоюдың жоспарын жайып салған. Бiрiншi кезеңде патшаны тақтан тайдыру керек. Ақша болса болды. Бүкiл әлемнiң социалистiк және либералдық баспасөзiн орыс патшасына қарсы кампанияға жұмылдыруға болады. Өте қарапайым схема. Патша – соғысты бастап берген адам, миллиондап өлген әскер, үздiксiз жеңiлiс – барлығы соның мойнында. Императрица – немiстiң қызы, яғни, шпион. Қарабайырлау, бiрақ, Ресейге жарап жатыр. Патшазада Алексей гемофилия деген емi жоқ ауруға шалдыққан, көп ұзамай өледi. Яғни, династия осымен үзiледi. Кiлең буржуазиялық либералдардан тұратын Мемлекеттiк Дума бұндай қармақты бiрден қабады. Ал, патша тақтан тайса болды, сол патшаның тұлғасымен ғана ел болып тұрған Ресей бiр-ақ сәтте күйрейдi. Ал, екiншi кезеңде барлығы да оңайырақ болады. «Жер – крестьяндарға берiлсiн!» деген ұран шашылса болды, крестьяндар помещиктердiң жерiн күшпен тартып ала бастайды, ал, солдаттар офицерлердi қырып салып, топ-топ болып жер бөлiсу үшiн елге қашады. Сонымен, армия – күйреген, өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығы оңалмастай болып қираған. Осы кезде солшыл экстремистер билiктi басып алады да, Германиямен бiтiм жасасып, империяның күйрегенiн тиiстi құжаттармен заңдастырып тастайды. Әрине, алдын-ала барлығын болжау мүмкiн емес, сондықтан, экстремистер Германиядан әскери көмек күтедi.

Немiстер жоспарды бiрден қабылдаған, себебi, бұл жоспарды ұсынып отырған әлдебiр келiмсек алаяқ емес, нешетүрлi бұлғақ пен қанды жексенбiлердi ұйымдастыра бiлетiн, Бiрiншi Орыс Революциясының әкесi – Парвустың өзi едi. Тек жоспардың қанша ақша тұратынын сұраған. 50 миллион алтын марка деген барлығын алдын-ала есептеп қойған Парвус (әлбетте, бұл ақшаның кем дегенде жартысы өз қалтасына түсер едi). Түкке тұрмайтын ақша. Бiр кеменiң құны. Немiстердi алаңдатқан басқа нәрсе едi. Романовтар әулетi құлағанда бос қалған патша тағына Парвустың өзi отырғысы келiп жүрген жоқ па екен? Орыс қоғамы, әлеуметтiк пiкiр, елдегi ең зор билiкке жойыт отырғанына көне қояр ма екен?

О, Парвус бұндай пендешiлiктен жоғары болатын. Бiрiншiден, орыс қоғамы туралы оның өз пiкiрi бар едi. Екiншiден, немiстерге белгiсiз, жоспардың құпия бөлiмiнде Ресейде қандай да болмасын әлеуметтiк пiкiрдi түбегейлi жою жайында арнайы нұсқаулар бар болатын. Үшiншiден, және бұл ең басты себеп, Парвус Ресейге ендi қайтқысы келмейтiн, бүкiл орыс халқы таққа отыр, патшамыз бол деп жалынса да. Себебi, бұл кезде Парвус тым бай, тым құрметтi адамға айналған (қоластында қаншама банктерi, акционерлiк қоғамдары, темiр жолдар мен теңiз жолдары, кемемен тасымалдау компанияларының акцияларының денi, тағы да қаншама қисабы жоқ байлық бар едi). Алайда, оның Ресей патшасының тағына лайықтаған өз адамы бар болатын. Ол адам – Ленин едi. Ешқашан ештеңеден тайынбайтын, қандай қылмысқа болса да бара алатын, қандай қылмысты болсын марксистiк демагогиямен ақтап шыға алатын жыртқыш. Парвустың жоспарлаған iсiн Ленин ғана жерiне жеткiзе алар едi.

Ресейден түк те шықпайды деген едi Ленин алғашында. Батыс Еуропадан бастау керек. Ешкiм де Ресейде Маркстың үлгiсiндегi социализмдi құру керек деп мiндет қойып отырған жоқ қой, деп жауап бердi Парвус. Бiз тек Ресейдiң ақшасын аламыз да, әлемдiк революция жолына жұмсаймыз. Ештеңе де шықпайды! Ресей — қарызға белшесiнен батқан кедей ел. Немене сендердi бiреу патшаның қарыздарын төле деп қыстап жатыр ма? Ал, кедейлiкке келсек… Ресейдiң бүкiл қалтасын тiнтсе, жетерлiк ақша табылады. Ал, немiстер неменеге керек? Немiстер көмек қылу үшiн керек. Армияны күйретемiз, ал, өзiмiз әскердi қайдан аламыз? Армия керек, бiрақ, орыс армиясы емес. Себебi, орыс армиясы жеме-жемге келгенде бiздi сатып, орыс жағына шығады. Содан соң барлығымызды қырады. Немiстiң аясында iсiмiздi тындырамыз, немiстi пайдаланып тайып тұрамыз. Содан соң? Содан соң Ресейден алып шыққан ақшамен, бiз, бүкiл Еуропаны сатып аламыз. Әлемдiк революция деген осы Түптеп келгенде, «Бейбiтшiлiк және жер!» деген қарапайым жарнамамен барлық iстi тындыруға болады…

Мiне, «әлемдегi ең алғашқы» «жұмысшы – крестьян мемлекетiнiң» «өкiлеттi өкiлдiгiн» Берлиннiң Силез вокзалында осы өзiмiз әңгiме еткен Александр Парвус қарсы алған едi.

Барлығы қуанышты едi. Жоспар ойдағыдай орындалып жатыр. Бәрi сәтiмен басталған екен, ендi сәтiмен аяқталуға жазсын.

Шәкiрттiң ұстазға алғашқы есебi…

Берлиннiң орталық Унтер ден Линден көшесiнде 1914 жылдан берi бос тұрған орыс елшiлiгiнде жұмыс басталды. Бұл 1918 жылдың 20-сәуiрi күнi едi (айта кету керек, 20-сәуiр – Адольф Гитлердiң туған күнi. Ол күнi болашақ фюрер батыс майданның траншейiнде отыр едi).

Үстел үстiнде мәрмәр күлсалғыштарда түтiндеген қымбат сигаралар, саксонның фарфоры, богем хрусталi. Кофе мен қымбат ликерлер. Iске келгенде қатаң талапшыл Парвустың өзi революция басталғаннан бергi алты айдың iшiнде Қаржы наркоматы мен Халықтық банктiң тындырған ұланғайыр жұмысына риза болған.

1897 жылы (алтын ақшаның шығарыла бастаған жылы) Мемлекеттiк қазынадарлық: 11 миллион 900 мың дана 15 рубльдiк алтын тиын (жалпы сомасы 178 миллион 500 мың рубль) шығарыпты. Оның 900 миллион 500 мыңы басып алыныпты (жалпы сомасы 142 миллион 500 мың рубль).

Осылайша миллиондап шығарылған 7 рубль 50 тиындық, 5 рубльдiк алтын ақша.

1898… 1899… Бес-он – жиырма – елу – жүз франктiк алтын тиындар, алтын соверен, алтын гинея, швейцарлық алтын франк, бума-бума американдық долларлар, фунт стерлингтер, шет ел банктерiнiң Ресейде сақтауда тұрған алтын активтерi, шет елден алынған қарызды қамтамасыз ететiн орыстың кепiл алтыны, миллиондаған долларға облигациялар, құнды қағаздар, кез-келген сәтте құнын төлетiп алуға болатын миллиондаған вексельдер, атылған адамдардың қолынан шешiп алған алтын жүзiктер, гимназист қыздарды өлтiрiп құлақтарынан етiмен қоса сыдырып алған алтын сырғалар, крестьяндардың үйлерiнен табылған алтын бiлезiктер… миллиондаған алтын ақша… алтын өзен… алтын теңiз…

Қалың ерiндерi жыбырлап есептеп отырған Парвус тұнжырап кеттi. Аз! Бұдан, кем дегенде, бес есе көп болу керек.

Уақыт аз болды. Мiне, мынау кен байлығы, түрлi-түстi металдар жөнiнен мәлiмет. Сондай-ақ, қымбат бұлғын және басқа аң терiлерi жөнiнде мәлiмет. Ұланғайыр қоймалар тола қымбат терiлер. Содан соң неше ғасыр шапсаң да таусылмайтын Сiбiрдiң тайгасы, Қиыр Шығыс ормандары.

Бұл айтылған байлықты Ресейдi түбегейлi жаулағанда ғана игеруге, алуға болады. Ал, әзiрге онда қанша отыратындарың белгiсiз, қанша уақыттарың бар екенi (тонау мен талауға) белгiсiз, сондықтан, қазiр алуға ең қолайлысы, ең оңайы – ақша, алтын дедi Парвус. Бұдан да қаттырақ, қажырлы, алымды, жүйелi жұмыс iстеу керек.

Ақыл үйрете отырып Парвус, тоғыз орынды сандарды тасқаяқша қағыстырған есебiнен жаңылған жоқ. Кенет ұлы қаржыгер-финансист шалқая бере «өкiлеттi өкiлдерге» қарап, өкiне бас изеген. Ақша жетпейдi!

Сандар сәйкеспейдi. Мүмкiн емес! Қалай мүмкiн емес? Қараңыздар. Жетiскен екенсiңдер Жетпiс бес… жоқ, жетпiс сегiз миллион алтын ақша жетпейдi.

Дереу тергеу басталды. Москваға телеграммалар ұшты. Iске Дзержинскийдiң өзi кiрiстi. Тергеудiң нәтижесi таңқаларлықтай едi. Алтын әлдебiр Скандинавия банктерi арқылы мүлдем басқа жаққа кетiп жатыр. Кiнәлiлер де көп ұзамай табылды: Урицкий, Володарский және Кронштадт ЧК-нiң бастығы, князь Андронников.

Андронников сытылып шықты, Урицкий мен Володарский, «тәртiп бұзғаны» үшiн атылды.

Содан кейiн… қызыл террор басталды.

Осы күнi кейбiр зерттеушiлер қызыл террорды тудырған әлдебiр «объективтiк себептердi» iздеп «тауып» жатады. Ал, шындығында, қызыл террордың ешқандай объективтiк себебi жоқ. Дәлiрек айтқанда, себеп бар. Ол – Александр Парвустың «Аз» деген жалғыз ауыз сөзi. Аз! Ресейден алтын мен ақша аз жиналған. Берлиндегi, жын-перi үкiметтiң «өкiлеттi өкiлдiгiнiң» жын-перi ұстазға берген есебiнде, Ресейден алынған (тоналған) ақшаның көлемi – 2,5 миллиард алтын рубль. Бiрақ бұл аз. Парвустың есебiнде бұдан кем дегенде бес есе көп болу керек. Яғни, 12,5 миллиард алтын рубль. Бұл 1913 жылғы курс бойынша. Ал, доллардың қазiргi құнын еске түсiрсек, онда сол кездегi Ресейден большевиктердiң қанша ақша алып шыққанын елестетудiң өзi қиын. Бiрақ, бәрiбiр аз екен. Бұдан бес есе көп болу керек. Яғни, он мыңдаған, жүз мыңдаған адамдар ақшаларын бермей, жасырып отыр. Оны не iстеу керек? Әрине, қыру керек те, ақшасын алу керек. Мiне, құрметтi оқырман, көптеген зерттеушiлер зерттеп, ақылын тоздырып жүрген қызыл террордың бар мәнi мен мағынасы, бар мақсаты осы-ақ едi. Әңгiмемiздiң басында, революцияның бiрiншi күнi-ақ, большевиктердiң қатаң тапсырмасы бойынша үй комитеттерi (домовые комитеты) бар тұрғындарды (дәлiрек айтқанда, бүкiл Ресейдiң қала халқын) тиiстi, керектi мәлiметiмен қоса жiпке тiзiп бергенiн айттық. Яғни, чекистердiң қолында бүкiл халықты есепке алған айнымас құжат бар. Осы құжатқа сәйкес Ресейде адамзат тарихында болмаған қанды қырғын басталды. Бұл кезде большевиктердiң қоластындағы территорияда «советтер билiгi» ендi «төтенше комитеттердiң» (ВЧК) билiгiмен алмастырылған. Ендi бай, ауқатты болу шарт емес. Ақ гвардияның қатарында «жұмысшы-крестьян» билiгiмен күресу шарт емес. Ендi мына дүниеге адам болып жаратылуыңның, адам болып келуiңнiң өзi кешiрiлмес күнә, сұмдық қылмыс. Сенi ату үшiн осының өзi жетiп жатыр. Әйтеуiр, кеудеңде жаның болса болды. Қаруланған большевиктер түн iшiнде кез-келген үйге кiрiп, онда отырған адамдардың барын сыпырып тонап, өздерiн атып кете беретiн болған. Ондаған мың, жүздеген мың адамды қаланың сыртына апарып атты, орманға апарып атты. Көшеде атты, үйiнде атты. Тек қана ату, ату, ату.

Корней Чуковскийдiң қызы жазушы Лидия Чуковскаядан бiрде «Сiз террордың кезiнде большевиктердiң қылмысын жазбай, ертегi, қиялдарды жазғаныңыз не?» деп сұрапты. Сонда Лидия Чуковская «Мен террор кезiнде өзiмнiң көрген түстерiмдi ғана жаздым. Ал, болып жатқан өмiр шындығы менiң ғана емес, жалпы адамның ақылына сыймайтын едi» деп жауап берiптi.

Большевиктер ненi кәмпескелесе де «жұмысшыларға үлестiру үшiн» деп алған. Алтын мен асыл тастар тиiстi жерлерге өткiзiледi, ал, қалғаны алыпсатарлардың қолына табысталады. Содан соң сауда кезiнде, яғни, большевиктерден алғанын сатып жүрген кезiнде алыпсатарлар сатып алушыларымен, сол маңайда сауданың куәсi болып тұрған адамдармен қоса ұсталып атылады. Соңғылары – алып-сатарлар туралы хабар бермегенi үшiн, яғни, алыпсатарлыққа жол бергенi үшiн атылады. Алайда, бұл төменгi деңгейде болып жатқан қанды қылмыстар едi. Ал, жоғары деңгейде барлығы басқаша, «салиқалы» негiзде жасалатын. Шет ел банкiнде тығулы жатқан ақшасы бар деп жорамалданған адаммен ашық сауда жасалатын. «Сiз ақсүйек әулет, немесе ауқатты, бай болғандығыңыз үшiн ғана өлiм жазасына кесiлген адамсыз, алайда, бiздiң гуманды (!), адамшыл (!) үкiметiмiз қинала отырып, сiздi амалсыз босатайын деп отыр. Небары 400 мың фунт стерлинг немесе басқа валютамен бiзге ақша төлеңiз, сонымен боссыз, шет елге кете бересiз» дер едi оған чекистер. Сенiп қалып, ақшасының тығулы жатқан жерiн көрсеткен адам дереу атылатын (әлбетте, ақшасы «әлемдегi ең алғашқы» «жұмысшы-крестьян мемлекетiнiң» есебiне алынады). Айыбы – ақшаны жасырғаны. Ал, сенбей, ақшасын бермей қасарысқандарды ортағасырлық азаптардан өткiзiп барып, бүкiл үй-орманымен ататын болған (ақшасын берсе де, бермесе де). Ал, табандап берiлгендердi 1934 жылға дейiн абақтыда ұстап, миллиондаған алтын ақшаларын шым-шымдап, сығымдап алған.

Бiрақ, мойындау керек, кейбiр адамдарды большевиктер сөзiнде тұрып қоя берiптi, себебi, алынған ақшаның сомасы ақылға сыймастай едi, бұл кезде коррупция, жемқорлық жайлаған төтенше комитеттiң «ардагерлерi» нәпсiнi жеңе алмайтын (нәпсiмен күресуден қалған). Бұл тарапта Петроград ЧК-сы, әсiресе, көзге түскен.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ,

«Алматы ақшамынан»

Пікірлер