Еркіндіктің елшісі

2348
Adyrna.kz Telegram

(Эссе)

Қос министрдiң курстасы

Ел үмiтпен қарайды,
Естi жiгiт санайды.
Еркiн Қыдыр болған соң
Еркiндiктi қалайды...
(Журналистiк фольклордан)

Жиырмаға жете қоймаған кезiнен жақсы бiледi екенмiн оны. Содан берi қатар өсiп, қанаттас келемiз. Сонымен... Жыры бiтпейтiн журфакқа оқуға жаңа түскен бетiмiз. Алдымызда төрт қабырғадай тұтасып, төрт курс тұр. Осы төрт курста оқитындардың мiнез-құлқы мың түрлi. Бесiншi курстағыларды көп көре бермеймiз. Олар бiрiншi курспен, яғни, бiзбен кездесуге бiр келдi де, содан төбе көрсетпей кеттi. Бәрi дерлiк пәтерде тұрады. Жаппай диплом жазып жатқанға ұқсайды. Ал төртiншi курстағылар үнемi жағасы жайлауда, шалқып жүредi. Араларында сырбаз сыршылдары да, сыралғы сырашылдары да жетiп артылады. Бiзге жақындауы – екiншi курс пен үшiншi курс. Бұлар – бiздiң қатарластарымыз. Сонда да бiр-бiрiнен ерекшеленiп тұрады. Екiншi курс – еркелеу, еркiндеу. Үшiншi курс – ұстамдылау, ұғымталдау.

Сол үлгiлi үшiншi курстың студентi Нұртөре Жүсiп жатақханадағы бiздiң бөлмемiзде тұратын болды. Бұған бiз қуандық. Ол сол кездiң өзiнде танымал тiлшi едi. Осыдан бастап, 502-бөлмеге оның курстастары жиi келiп тұрды. Бiр күнi Еркiн Қыдырмен таныстық. Оның да «Лениншiл жас» арқылы есiмiн елге жаттата бастаған тұсы едi. Сымдай тартылған ширақ жiгiт. Талғамы биiк екенi жүрiс-тұрысынан байқалып тұрады. Мiнезi орнықты. Көзi ойлы, сөзi салмақты. Сол кезде Еркiн маған оңы мен солын тез танып, баяғыда ақыл тоқтатқан ересек жiгiттей көрiнген. Сөйтсем, он тоғыз жастағы өрiмдей бозбала екен ғой.

Журналистикаға әркiм әр түрлi жолмен келедi. Бiреулер о бастан қалам ұстауға бейiм болады. Әдепкiде ыңғайлы жұмыс табыла қоймай, несiбесiн баспасөзден тапқан филолог әрiптестерiмiз де баршылық. Тағы бiреулер бұл салаға көлденеңнен кiредi. Бұларды бiздiң мамандықтың өз өкiлдерi «журналистиканың жолбикелерi» деп атайды. Бiрақ мәселе олардың ақпарат құралдарына қалай келгенiне емес, кәсiптi қалай игергенiне байланысты. Кейде БАҚ-тың бақшасында жүргендер батпақтап қалады да, жаңағы жолбикелер журналистиканың жүйрiгiне айналады. Ал бiздiң кейiпкерiмiз журналист болуды бала кезiнен армандады. Яғни, өз маман-дығына дәстүрлi үлгiмен келген ұлан. Дәстүрлi үлгi дегенiмiздiң мәнiсi мынадай. Қаламы жүйрiк бала әуелi мектепте мойындалады. Шығарманы төгiлтiп жазып, қазақ тiлi мен әдебиетi пәнi мұғалiмiнiң сүйiктi оқушысына айналады. Бесiктен белi шықпай жатып, үлкендi-кiшiлi газеттерге мақала жариялайды. Кiтаптан-кiтап кемiрумен күн өткiзедi. Бұл да сөйттi. Жата-жастанып, Әзiлхан Нұршайықовтың кiтаптарын оқыды. Мұхтар Шахановтың өлеңдерiн жаттады. Алғашқы мақаласы 7-класс оқып жүргенде «Қазақстан пионерi» газетiне шықты. Әбсаттар Асанов деген өзi құралыптас досы бар едi. Сол Әбсаттар 7-класта жастар арасындағы республикалық жарысқа қатысып, қазақша күрестен Қазақстанның чемпионы атанды. Оның жеңiсi Шымкент облысының Қызылқұм ауданындағы Ленин атындағы орта мектептiң абырой-беделiн асқақтатты. Жалпы, Оңтүстiк Қазақстанда қазақша күрестiң мектебi айрықша қалыптасқан. Бұл өңiрдiң етi тiрi баласы белдесе кетуге бейiм тұрады. Әсiресе, дәстүрi бай облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң жүлдесi үшiн өтетiн турнирдiң беделi тым биiк-тi. Талай белестi бағындырып келсең де, «Оңтүстiктiң» жүлдесiне қолың жетпесе, ешкiм мойындамайды. Ал бұл жүлденiң бар марапаты – басылым басшының қолы қойылған диплом. Соған қарамастан осы дипломның беделi бар құжаттан жоғары болатын. Сол өнегенi көрiп өскен Әбсаттар он төрт жасында жеңiмпаз атанып, өзiнiң де, тiлшi досының да жұлдызын жандырып едi. Еркiннiң алғашқы кейiпкерi – Әбсаттар Асанов кейiн талай бәйгеде бақ сынап, елiмiздiң атын шығарды. Еңбек сiңiрген жаттықтырушы дәрежесiн иелендi. Ұлт күресiнiң энциклопедиясы – «Қазақ балуандары» жинағына ендi.

Бала тiлшi бұдан соң құлшынып тағы бiр мақаласын бастады. Бұл жолы тақырыбын күрт өзгерттi. Спорттан саясатқа бiр-ақ секiрдi. Бейбiтшiлiк туралы ой толғап, «Аспанда – ақ көгершiн» деген суреттеме жазды. Осы дүниесi үшiн конкурстан бiрiншi жүлде алды. «Қазақстан пионерiнiң» сол кездегi редакторы Бейбiт Қойшыбаевтың қолы қойылған грамота келдi. Сөйтiп, жас өрен бiресе өзi, бiресе кейiпкерi бәйге алып, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына белсене атсалыса бердi. Бiрақ мақаланы топырлатып жолдап, қадiрiн кетiрген жоқ. Талдап, талғап жазды. Тың тақырыпқа ден қойды. Соған қарамастан үйге хат дегенiң ағылып келедi. Алыс ауылдардағы әрiптестерiнiң көңiлi қалмасын деп, ара-тұра оларға да жауап жолдап қояды. Осы хат жазғыштардың көбiсi кейiн көрiнбей кеттi. Тiршiлiктiң басқа иiрiмiне түскен шығар. Еркiн тек қана мақала жазам деп, бүкiл дүниенi ұмытатын қиялилықтан аулақ едi. Ең негiзгi мәселе сабақты үздiк оқу екенiн жақсы түсiндi. Бұл тұрғыдан өз мақсатына жеттi. Мектептi алтын медальмен бiтiрдi. Сосын бiрден журфакқа тартты.

Ол кезде медалистер бiр сабақтан ғана емтихан тапсырады. Содан «бес» алса, оқуға түсуге жетiп жатыр. Шығармадан Брежневтiң әйгiлi «Тыңы» келдi. Тың мен тыңайған жерлер Қазақстанға қанша жерден қатысты болса да, Леонид Ильичтiң қаламының қарымы Ерекеңдi онша шабыттандыра қоймаса керек, ол бұл сынақтан «төрт» алып қалды. Ендi тығырықтан шығатын жол бiреу-ақ. Барлық емтиханды тәуiр тапсыруға тиiссiң. Ол ақыры алтын медальдi бекер иеленбегенiн дәлелдеп шықты.
Бiрiншi курстан бастап әйгiлi бесiншi жатақханада тұрды. 312-секцияның екi орындық бөлмесiн Шәмшi Пәттеев пен Айтмұхамбет Есдәулетов, ал үш орындық бөлменi Алтынбек Сәрсенбаев, Дархан Мыңбай, Еркiн Қыдыр үшеуi жайлады. Алтынбек пен Дархан үшiншi курста Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне ауысып кеттi. Осылайша, бiр бөлмеден екi министр шықты. Қалғандары да осал емес. Қазiр филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамбет Есдәулетов – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң баспасөз және баспа iсi кафедрасының доценті. Шәмшi Пәттеев – «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. Ал Еркiн Қыдыр – «Астана ақшамы» газетiнің бас редакторы.
Ендеше, жақсылар мен жайсаңдардың жас кезiндегi тұрағы – журфактың бесiншi жатақханасының 312-бөлмесiнен бұқаралық ақпараттың шағын мұражайын жасақтауға болады екен ғой...

Жұмысшы болған журналист

Мiне, қызық, мiне, сыр,
Сен де қайсар ұл өсiр!
Бес жыл оқып КазГУ-де,
Болды сосын... слесарь.
(Журналистiк фольклордан)

Бiр күнi журфакқа «Лениншiл жас» газетi бас редакторының орынбасары Ержұман Смайыл келедi. Келедi де, екi топқа шығарма жаздырады. Сол шығарма бойынша он студенттi таңдап алады. Нұртөре Жүсiп, Бейбiт Сапаралы, Еркiн Қыдыр, Баян Бекетова, Үмiтхан Алтаева, тағы басқалар... Ерағаңның таңдауы бекер болмапты. Ол кiсi жарты жылдай баулыған сол студенттер кейiн қаламы жүйрiк баспасөз өкiлдерiне айналды. Әсiресе, Нұртөре мен Еркiн екеуi редакцияны көбiрек төңiректедi. Өзге студенттер каникулға шыққан кезде де, бұлар сонда жұмыс iстеп жүрдi. Сол тұста Нұртөренiң «Медеудiң мұзы мөп-мөлдiр» деген әдемi суреттеме жазғаны есiмiзде.

Еркiн болса, сол жылғы «Абитуриент-81» науқанынан материал әзiрлемек боп, Алматы медицина институтына барады. Емтихан тапсыруға жанұшырып дайындалып жүрген талапкерлермен тiлдеседi. Мұның газеттен келгенiн аңғарған бiр мойны қылқиған, етi тiрi, елгезек бала сөйлесуге айрықша ықылас танытады. Сөйтсе, әлгi абитуриенттiң есiл-дертi журфак екен. Дәрiгердiң оқуына өз ықтиярымен келмептi. Бiреулердiң айтуымен ерiксiз емтихан тапсырып жатқан көрiнедi. Ал доғдырлықты көңiлi қаламайды-ау, қаламайды. Соның бәрiн айтып, зарлап қоя бередi.

Сол жолы студент Еркiн Қыдырдың «Ыстық көңiлдер неге суынады?» деген мақаласына кейiпкер болған беймаза бозбала мединституттың алғашқы емтиханы – диктанттан елуге жуық елеулi қате жiберiп, оқудан құлап қалады. Бiрақ өзi соған қатты қуанады. Араға жылдар салып, өзi армандаған журфакқа түседi. Оқуын бiтiрген соң қазақ журналистикасы мен қазақ бизнесiнiң қамын қатар ойлайды. Хабардың да, тауардың да қадiрiн бiлетiн сол ұлан бүгiнгi аузы дуалы, сөзi уәлi, жүйрiк журналист, күйлi кәсiпкер Құлтас Достан едi. Оның дүмбiлез дәрiгер атанып, бүкiл медицина саласын әбден бүлдiруiне жол бермей, өз үйiрiн қайта табуына Ерекеңнiң аталған мақаласы себеп болды десек, онша қателесе қоймаспыз.


Университеттiң төртiншi курсында «Социалистiк Қазақстанға» өндiрiстiк тәжiрибеден өтуге барды. Сонда жүргенде Ермек Серкебаевтан алған сұхбаты мақтаулы материалдардың тақтасына iлiндi. Бұл студент үшiн үлкен жетiстiк едi. Бiрiншi курстағылар өндiрiстiк тәжiрибенi аудандық басылымнан бастайды. Еркiн осы дәстүрдi бұзып, алғашқы жылдарда «Лениншiл жаста» тәжiрибе жинақтады. Үшiншi курста Нұртөре екеуi Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетiне барды. Өндiрiсi мол қаланы көруге құмартты.
Оқуды бiтiрген соң, Орталық Комитеттiң жолдамасымен Оңтүстiк Қазақстан облысына жiберiлдi. Барса, облыстық газетте тұмсық тығатын орын жоқ. Обкомның нұсқаушысы, жастардың жанашыры Мархабат Байғұт ағасы «Фосфор үшiн» газетiне барып көршi» деп жөн сiлтедi. Бұл он төрт мың адам жұмыс iстейтiн Шымкент фосфор зауытының көптиражды басылымы едi. Ерекеңнiң фосфорға деген құрметi ерекше болғанымен, фосфор үшiн журналистiк жұмысқа жегiлгiсi келмедi. Келiсе қойған күннiң өзiнде ол жерде бүгiн-ертең босайын деп тұрған орын байқалмайды. Бәрiбiр бармас едi. Қысқасы, үйренетiн ұстаз жоқ, шыңдалатын мектеп жоқ онда...

Содан адам айтқысыз тосын әрекетке бел буды. Елiмiздiң ең беделдi жоғары оқу орнын, республикадағы жалғыз журфакты үздiк бiтiрген айтулы маман Шымкент қорғасын зауытына барып, жұмысшы болып орналасты. Кәдiмгi қара жұмыс... Негiзгi буын – қорғасын балқымасын шығаратын рафинация цехы. Бiрер ай iстеп, тайып тұрған жоқ. Бiр жыл өндiрiстiк еңбек мектебiнен өттi. Өзi студент кезiнде-ақ жұртқа кең танылған журналист едi. Алматыға қайтып оралса да, әйтеуiр бiр жерден орын табары анық-ты. Бiрақ елiне сыймай, астанаға келудi намыс көрген шығар, әйтеуiр Оңтүстiктен тапжылмады. Ауқатты отбасынан шыққан перзент. Әке-шешенiң күнi бұның қара жұмысына қарап тұрған жоқ. Сонда да ол өндiрiстi қалады. Есесiне өмiрлiк сабақ алды. Қорғасын зауытының тамырына қан беретiн бүкiл тетiгiн көзiмен көрiп, қолымен ұстап, кәсiпорынның тыныс-тiршiлiгiмен түгел танысты. Сырбаз әрi зиялы, бiлiктi әрi бiлiмдi, ұқыпты әрi ұғымтал 4-разрядты слесарьға әрiптестерi үнемi құрметпен қарады.
Жоғары бiлiмдi жас жұмысшы кәсiптестерiнiң жазылмаған iшкi заңдарына бағынды. Қасындағылардан бөлiнiп әрекет етудi бiлген жоқ. Әсiресе, жалақы алған күнi ақша жинап, сыраханаға баратын қатаң «дәстүр» бар екен. Суатқа құлаған үйiр сияқты. Қызылжағалылар болса, «шөлдерi әбден қансын» деп, оларды аңдып отырады... Жұмысшы тiршiлiгiнiң ащысын да, тұщысын да солармен бiрге татты. Бiрiнен пана тапты, бiрiне қорған болды. Бiрте-бiрте қолы мүйiзгектенiп, өз iсiне әбден төселiп алды.

Еркiн қорғасын зауытынан көп нәрсенi көңiлге түйiп шықты. Қазақ журналистикасының өндiрiстен алшақтап кеткенiн көрдi. Әрiптестерiнiң өндiрiс тақырыбына терең бойламайтынына, тiптi зауытқа кiруге жүрексiнетiнiне көз жеткiздi. Олардың бiразы басылымда қолынан келетiн мәдениет пен өнер тақырыбын жазып, жан сақтайтынына қынжылды. Ал мұнда қара жұмыс қайнап жатыр. Өндiрiс дегенiң – өзiнше бiр әлем. Асық ойнайтын сақаға құятын қорғасынды ғана бiлетiн әрiптестерi осы қорғасын зауытына келiп, бiрер күн араласа, санасына саңылау түсер едi. Ал Еркiн өндiрiс және экономика тақырыбына о бастан үйiр болды. Баяғыда Нұртөре Жүсiп екеуiнiң Керекудi бетке алған себебi де сол. Одан олжасыз болған жоқ.
Бiр жыл бойы жұмысшы табының қатарын толықтырған соң, облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне корректор болып қабылданды. Бұл басылымда журналистердiң корректорлық бюрода жұмыс iстеу тәжiрибесi бұрыннан бар. Қазiргi бас редактор Абай Балажанов та төрт-бес жыл корректорлық қызмет атқарған. Еркiн бiр жылдан соң, тiлшiлiкке өттi. Төрт жылдан соң «Егемен Қазақстанның» Оңтүстiк Қазақстан облысындағы меншiктi тiлшiсi болып бекiтiлдi. Оңтүстiкте тiлшi болу оңай емес. Бұл өңiрдiң өзiнiң менталитетi бар. Мақтауға да, даттауға да сенiп қалуға болмайды. «Оңтүстiкте еңбек еткен бiр жылың екi жылға татиды», – дейдi жұрт. Тек жүрсең, тоқ жүрсең, Оңтүстiктен жақсы жер жоқ.

Сөйтiп, Еркiн Оңтүстiктiң оты мен суына түсiп, әбден шыңдалып шықты.

Кербұғының келбетi

Өзiн-өзi дамытты,
Өзге жұртқа танытты.
Оңтүстiктiң жылуын,
Солтүстiкке дарытты.
(Журналистiк фольклордан)

Бiрде «Әкiм болдым-ау қанша күнге?» деген проблемалық мақала жазып, аймақтағы командалық билiктi сынады. Соны оқи сала сол кездегi облыс әкiмi жатып кеп ренжiптi. «Мен оған не iстедiм?», – деп ызаланыпты. «Мен – осы облыстағы тiлшiмiн. Басқа облыстардағы әкiмдердi жазбаймын ғой. Осы жердегi басшыларды бiлем. Нақты мысалды қайдан аламын? Ешкiмдi қаралап отырған жоқпын. Проблеманы ғана айтып отырмын», – дейдi Еркiн. Шынында да, ол кезде кездейсоқ әкiмдер көп болатын. Жергiлiктi басшылыққа уақытша келгенiн бiлген соң, өз мүддесiн көбiрек ойлайды. Бұл мақала жұртшылық арасында едәуiр дүмпу туғызды.

Еркiннiң Оралхан Бөкей туралы керемет мақаласы бар. Ол – Орағаңмен күнбе-күн жүздесiп, әр сөзiнен тәлiм алған төл шәкiртi емес. Қызметтес болып та көрген жоқ. Өз өмiрiнде Алтайда туып, Алатауды мекендеп, Гималайда көз жұмған теңдессiз тарпаң талантпен бар-жоғы үш-ақ рет жолықты. Алғаш рет оны студент кезiнде Жазушылар одағының алдынан ұшырастырды. Асқақ кейiппен басын шалқақ ұстап, зеңгiр көкке көз салып тұр екен. Иығына түскен қалың шашын сiлкiп жiбергенде, көсiле шабуға оқталған кербұғыға ұқсап кетедi. Тағы бiрде Пушкин атындағы кiтапханада өткен Оралхан Бөкеевпен кездесуге барды. Сонда жазып берген автографы да сақталған. Сол кезде телетүсiрiлiм қате болды ма, әйтеуiр кеш төрт рет қайтадан басталды. Орағаң төртеуiнде төрт түрлi сөйледi. Бiр сөздi қайталаған жоқ. Қазына кеудесiнен сөз дегенiң өрiлiп шыға бередi екен. Бiрiнен-бiрi өткен төрт дубль жасалды. Екiншi рет сонда көрдi.

Еркiннiң Оралханмен үшiншi жүздесуi... Бұл қаламгердiң соңғы сапары болып шықты. «Жүзiнде бiр мұң жататын» – сол шерлi сапардың жемiсi. Бұл жолы да Еркiн детальға дөп түсетiн дағдысынан жаңылмайды. Көкiрегiнде жатталып қалған жазушының әр сөзiн мұрағат дүниесiндей етiп, үкiлеп ұсынады. Орағаң үшiн қайғылы аяқталған осы сапардың әр сәтiн жадында жаңғыртады. «Өстiп жабығып, сарылып жүрiп, тексеру бекетiнен де өттiк-ау. Сөйтсек, Орағаң бiр түбiртек қағазын түсiрiп алыпты. «Жол жүрмей жатып жоқ iздедiм, бұл жақсы ырым емес» деп ары-берi сабылып, әлгi қағазды бәрiбiр таба алмады...». Осылайша алдағы жаманаттың хабаршысындай болған басқа да қолайсыз сәттердi ой елегiнен өткiзедi.
Еркiн Қыдыр – Оралхан Бөкеймен бiрге Үндiстан сапарында бiрге болған журналистердiң бiрi. Орағаңмен жолда жүрген бiр ғанибет екен. Жас әрiптестерiне қамқорлық танытты. Көп сөйлемейдi, шығармашылығы туралы мүлде сөз қозғамайды. Тек анда-санда әзiл айтып қояды. Ертеңiне қазақ журналистерi сол елдiң Премьер-Министрiмен кездесуi керек едi. Кешке бәрi бiрге дастархандас болады. Орағаңның мазасы болмады ма, тамақ iшiп жарытпайды. Одан әрi бөлмесiне демалуға кеткен. Таңертеңгiлiк асқа келмептi...

Гималайға шаттанып аттанған қаламгерлер қара жамылып қайтты. Талайдың арман-аңсарына айналған Кербұғы жат елдiң төсiнде мерт болды. Бұл сапарға iлескен жiгiттердiң iшiнде осалы жоқ-ты. Қыранның қиядағы қазасы бәрiне де әсер еттi. Қай-қайсысы да қалам тербедi. Әрқайсысы сол сапардағы өз Оралханын танытты. Еркiн де өзгеше ой толғады. Ешнәрсенi қалт жiбермеуге тырысты.

Осы мақалада жаныңды жылататын тағы бiр деталь бар. Орағаң отырарлық шебер жасаған үскiрiктi үндiлерге тапсырыпты. Табыстап тұрып, «Бiздiң билiк құрған бабаларымыз да осы жерде ғажап ескерткiштер қалдырған», – дептi. Сонда үндiлердiң бiрi: «Байқаңыз, сiздiң бабаларыңыз бұл жерден қайта алмай қалған», – деп оспадарсыз әзiл айтыпты. «Сол кеште Орағаң мазасыздау күй кештi. Тiптi даяшылар алдына алып келген тағамнан да нәр сызбады» деп жазады Ерекең. Сөйтiп, үндiнiң сөзi жындының сөзi болып шығыпты. Бәлкiм, тарпаң мiнез Орағаңның жүйкесiн жұқартып, жүрегiн жұлмалаған нақ осы әзәзiл әзiл шығар.
Бұл мақаланы ол Оралханның өз тәсiлiне салып, шебер аяқтайды. «Бәлки, Кербұғы жүзiнен мұңның iзi жоғалған мұңлықтардан жерiген шығар... Бәлки, Кербұғы күлкiтоқтықты ту етер қоғамнан бойын аулақ салды ма? Ол жағы бiр Аллаға ғана аян».

Қанша жыл өтсе де, Ерекеңнiң мақаласында кейiптелген Кербұғының келбетi есiмiзден кеткен емес.

Еркiннiң еңбегi қай кезде де елендi. Әсiресе, оның екi ғасырдың тоғысында Президент жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi Жоғары тәртiптiк кеңестiң жұмысына қатысуы беделiн биiктеттi. «Егемен Қазақстан» газетi бас редакторының орынбасары Еркiн Қыдыр «Казахстанская правда» газетi бас редакторының орынбасары Александр Козлов екеуi осы кеңестiң мүшесi болып бекiтiлдi. Құқық тақырыбына қалам тартып жүрген журналист кеңiнен көсiлдi. Бұл дербес құрылым өте тегеурiндi едi. Оның пәрменiмен бiрер министр мен облыс әкiмi орынтағынан ұшып түстi. Журналистердiң абыройы артты. Бiздiң кейiпкерiмiз бұл iске белсене атсалысып, екi жылдай жемiстi жұмыс жүргiздi.

Өзiнiң шыққан тегi де осал емес. Әкесi Сағындық – ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған, қара сөздiң қадiрiн бiлетiн кiсi. Дегенмен, жазуға құмарлық анасы Тазагүл Танкинаның бауырларынан дарыған тәрiздi. Нағашы жұрты – қалың қазаққа танымал қаламгерлер Ғафу Қайырбеков пен Марат Барманқұлов (Танкин). Бiрi – өлең сөздiң сұлтаны, екiншiсi – телевизия өнерiнiң тұлғасы.
Ендеше, баршаға белгiлi нақылды сәл-пәл өзгертiп, «Жiгiттiң журналист болмағы – нағашыдан» деймiз де...

Шақырып тұратын тақырып

«Ерiм» дейтiн елi бар,
«Елiм» дейтiн ерi бар.
«Егеменде» Еркiннiң,
Еңбегi мен терi бар...
(Журналистiк фольклордан)

Өз шығармашылығы туралы мүлде ауыз ашпайтын әрiптестерiмiз болады. Айтары жоқтығынан емес, қарапайымдылығынан. Еркiн де солардың санатынан. Күйбеңi көп күнделiктi шаруасын дамылсыз сөз етiп, сенiң басыңды ауыртқанды жөн санамайды. Қай мақаласын қалай жазғанын, қай сапарда не тындырғанын ежiктеп еске салып, кәсiбiн қызықтап, елдi әңгiмеге тартқанын да көрген емеспiн. Бiрақ әйтеуiр сонысымен де биiктеңкiреп тұрады. Сiз оны сөзге сараң, тiлге жұтаң екен деп ойлап қалмаңыз. Сөйлесе, Ерекең сөйлесiн. Айналасын үйiрiп ала жөнеледi. Қалжыңы қылыштай қиып түседi. Бiрде «Егемен Қазақстанның» бөлiм меңгерушiсi Әдiл Дүйсенбек Шымкенттегi Еркiнге тапсырма берейiн деп iздесе, ол бiразға дейiн таптыра қоймапты. Ұялы телефонның жоқ кезi. Осының алдында ғана Шерхан Мұртаза қызметкерлерiнiң тегiндегi «ов» қосымшасын алып тастаған екен. Еркiн табылған кезде, Әдекең: «Қайда жүрсiң-ей?», – десе, «Өздерiңiз ғой, «овымызды» алып тастап, «еркiн қыдыр» деп қоя берген», – деп жауап берiптi. Соны естiген Шерағаң да тiлшiсiнiң тапқырлығына риза болыпты.

Жазған-сызғандары туралы өзi ақыры сөз қозғамайды екен, бiз айтайық. Алдымен аңғарылатыны, Еркiн мақалаларына тақырыпты әдемi қояды. Мiнекей, санамалай берiңiз. «Әкiм болдым-ау, қанша күнге», «Баю болды басты арман», «Төртiншi билiк, төрге шық!», «Қаратай Тұрысов кешiрiм сұрады, ал Үкiметтiң ұяты неге оянбайды?», «Ұлыққа емес, сотқа бар», «Қараулық қақпаны», «Жалсыз жылқының жаласы», «Қазақты «Аврора» емес, нарық оятты», «Отырардың орнын сипап қалмайық», «Отанымыз тек Оңтүстiк қана ма?», «Депутат атын жамылып...», «Кабинетшiл реформаторлар», «Билiк тасасында байлық бар», «Екi кемемен қатар жүзген ептiлер», «Үкiмет ұсақтап кетпесе...», «Талапайға салды да, тасада қалды», «Қазақты оятқан қоңырау». Жазғандарының жер тарпып тұрған тақырыбына қарап, ерiксiз елең ете қаласың. Сосын дереу оқуға кiрiсесiң.

Оқисың да, журналистiң жазу стилi басқалардан бөлек екенiн көресiң. Стиль демекшi, кейiпкерiмiз ағысқа қарсы жүзгендi тәуiр көретiн секiлдi. Бiрде ол өзгелердiң сан рет шарлаған iзiне түспей, мәселеге басқаша қырынан келiп, «Қызмет – қолдың кiрi емес» деп тақырып қойып, мақала жазды. Қашаннан дәстүрлi үрдiспен келе жатқан қалыпты қағиданың қалтарыс жақтарына үңiлдi. Солай, оның мақаласының шебер қиюластырылған атауының өзi адамды тартып әкетедi. Ұлықбек ағамызша айтсақ, «Газеттiң шетiнде, Төртiншi бетiнде, Осындай тақырып, Тұрады өзiне шақырып...».

Еркiн Қыдыр мақалаларына тақырып қана емес, форма табу жағынан да соны соқпақ салды. Тағы бiрде ол түнгi қаланың тынысын тыңдау үшiн троллейбусқа мiнедi. Қатардағы тұрғындар тұтынатын қарапайым көлiктiң iшiндегi қоғамның бөлшегiн бөлiп алып қарастырады. Қаланың халқы жалпы мен жалқының ыңғайында нысанаға iлiгедi. Сол тозығы жетсе де тоқтамауға тырысатын тегеурiндi техниканың терезесiнен шырайлы Шымкент шаһарына зер салады. Ал мақаласының соңында түйген түйiнi санаңды селт еткiзедi. «Неге екенiн қайдам, әйтеуiр маған бiздiң қоғам дәл қазiр үлкен жолдың бойында тоқ жалғағышынан ажырап, жүрмей қалған троллейбусты көз алдыма әкеледi...». Бұл – 1991 жылдың қаңтарында жарық көрген мақала. Былқ-сылқ еткен одақтың әлi тарамаған кезi. Iлгерiде жазған «Тосқауыл немесе 1984-1988 жылдарды қамтитын шытырман оқиғалы екi сериялы деректi фильмнiң сценарийi» деген фельетон үлгiсiндегi мақаласы да оңтүстiктегi ойлы оқырманның есiнде болар. Ол тұста бұл ешкiмге жалын ұстата қоймайтын «Оңтүстiк Қазақстанның» жас перiсi едi. Басы барды идiруге, тiзесi барды бүгiлтуге бейiм тұратын кезi. Жиырма бестiң жалынымен жазылған сол дүниелердiң қызуы әлi күнге дейiн кете қойған жоқ.

Еркiн мақаланы жазу барысында сәттi детальдарды көбiрек iздейдi. Оны молынан табады да. Жазғанын сонымен тұздықтайды. Оны туындысының әр тұсына мөр ғып басады. Баяндалатын фактiлердi ширықтыра түсу үшiн әрқайсысын шегелеп тұрып бекiтедi. Мақаланы өте сәттi аяқтау – оның қашаннан қалыптасқан дәстүрлi машығы. «Қазақтың тойы: жиналыс, ысырап және тыраштану» деген әлеуметтiк очеркiнiң соңында америкалық этнограф-ғалым Синти Вернер бикештiң зерттеуi туралы айтады. Бұл Ерекең неғып аяқ астынан «синтишiлеп» кеттi деп, соңына жеткенше асығасыз. Сөйтсек, ол АҚШ-тан келген ақ бикештiң өзiне немесе көзiне емес, сөзiне қызыққанға ұқсайды. «Жас ғалымның таңдаған тақырыбы – қазақтың салт-дәстүрi. Ол Оңтүстiк өңiрiнде екi жылдай зерттеу жүргiзiп, деректер жинап болған соң, елiне барып, диссертация қорғапты. Бұл жолы қазақтың той-томалақтағы шығыны жайлы тақырыпты зерттеуге келген екен. Мұхиттың арғы жағындағы америкалықтар қазақтың бiр осал тұсын дөп басқанына қайран қалдым. Ұят болды ғой...» деп қорытады. Бәсе...

Әрiптесiмiздiң жазған дүниелерi топтастырылған «Ұсақтама, Үкiмет» атты кiтабына алғы сөз жазған әйгiлi Шерағаң – Шерхан Мұртазаның өзi «Еңбектерiнiң қайсысына болмасын, көз жүгiртсеңiз, өз ұлтына деген құрмет пен сүйiспеншiлiк лебiн аңғарасыз» деп баға берiптi. Еңбегi ескерусiз болған жоқ. БАҚ саласындағы Президент сыйлығын иелендi. Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi атанды. Әлемнiң талай елiнiң топырағына табаны тидi. Әрқайсысынан өзiндiк ой түйдi. «Отырар» атты танымдық кiтап жазып, ел алдындағы парызын өтедi.

Қаламы қарымды, қадамы қадiрлi Еркiн – еркiн ойдың адамы. Ол ерiккенше емес, Еркiнше жазады. Көп жазып, көбiк езедi екен деп қалмаңыз. Кейде айлап-жылдап қалам ұстамай кететiнi бар. Ондайда қарап жүрмейдi. «Егеменнiң» күнделiктi қара шаруасы жетiп артылатын. Сауытбек ағамыздың сәулеткерлiк талғамымен салынған сәндi ғимаратта Ерекеңнiң де ерекше қолтаңбасы бар. Журналист болмағанда, сөзсiз экономист болар едi. Оған қабiлет-қарымы молынан жетедi. Мұнысы «Егеменнiң» ғимараттарын тұрғызу барысында айқын көрiндi. Журналистерге арнап бiр емес, бiрнеше үй, екi жатақхана салынды, редакцияның негiзгi қоры ұлғая түстi. Соның нәтижесiнде ұжымда баспанасыз бiрде-бiр қызметкер қалған жоқ. Жарнама тарту, табыс табу жолға қойылды, газет таралымы өсті. Кейін ол бүкіл ұжымды басқарды. «Егеменнiң» түтiнiн түзу ұшыруға сол шаңырақта ширек ғасырдан астам уақыт қызмет атқарған Еркiннiң сiңiрген еңбегi мол.

Еркіндіктің елшісі Еркіннің «Егемендегі» дәстүрі бүгінде елорданың бас газеті «Астана ақшамында» жалғасып келеді. Бас редактор ретіндегі беделі биік. Жұртқа жайлы, ешкімге дауыс көтермейді. Бірде-бір қызметкерінің «еңсемізді сол езгілеп тастады» дегенін естігеніміз жоқ.

Ол – қарым-қабілетін жариялылықтың бастау-бұлағына суарған бiрбеткей буынның өкiлi. Өзiнiң де, сөзiнiң де еркiн болатыны содан. Жазуды бастаса – қаламын, құрылысты бастаса – қалағын қолға алып, шеберлiгiн шыңдаудан жалықпайды...

* * *

Әне-міне дегенше көркем мінезді кейіпкеріміздің туған күні де кеп қапты. Ентелеп келіп, есіктен қарап тұрған елеулі елу тоғызыңыз құтты болсын, Еркін дос! Еліңіз аман, деніңіз сау болып, ақырын сөйлеп, анық басып, аман жүріңіз! Карантин біткен соң еркін қыдырарсыз!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер