Құнын құлдыратпаған ұлттық бірліктің өнегелі үлгісі

3376
Adyrna.kz Telegram

Қазақ елі қалыптастырған ұлттық бірліктің өнегелі үлгісі жыл жылжып, уақыт сыны нысаналаса да құнын құлдыратқан жоқ.

Бабаның аманатындай арқалаған бірліктің түп-тамыры тәуелсіздік тұсында Ассамблея болып бүр атып, қоғамдық келісім болып гүлдеді.  Азат болған ширек ғасырда Қазақстан тағдырлы, талайлы шешімдер шығарып іргені ілкімді істермен бекітті.

Бірлікті бекемдеп, тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған оң қадамдардың ұлы бастамасы 1995 жылы негізі қаланған - Қазақстан халқы Ассамблеясы. Өткенге тарихи шегініс жасасаққазақтың дархан даласы саяси қысым көріп жер ауған сан халықты бауырына басып, жергілікті аймаққа бейімделуі үшін барын салды. Осы өнеге егемен болған кезеңде кемелдене түскені әлемге аян.

Ассамблеяның арқалаған жүгі мен межелеген миссиясы туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ордалы органның І сессиясында былайша толғады:

«...Ассамблея қазір Қазақстанда тұратын барлық халықтарға біздің бірлігіміздің түп-тамырын жақсырақ түсінуіне көмектесіп, кез келген тарихи кінә артуларға жол бермеуге тиіс. Өйткені өткенге көз сала отырып болашақты көре білген жөн».

Тұңғыш Президенттің нақ осы сөздеріАссамблея мен қоғамдық келісім мекемелерінің негізгі функциясын аңғартты. Этносаралық ынтымақтастықтың алауы сөнбеуіне иек артқан Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында да бірліктің тұрақты формуласын ұсынып келеді.

«Татулық + түсіністік = тұғырлы Тәуелсіздік» өрнегін құрайтын жалпыұлттық ынтымақтастықтың рөлін Елбасы Үндеу, арнайы мақалалары арқылы да үздіксіз шегендеп келеді.

Бейбітшіліктің қазақстандық моделі қалыптасуындағы  сындарлы саясат инклюзивті бейнеге баланып, тіршіліктің сан саласын қамтып қарыштауының арғы жағында Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігі мен қыранға тән ерік-жігері көрініс табады.

Қазақстанды150-ден аса ұлыс өкілдері ортақ Отан еткен. Айтуға оңай болғанмен 150 –ден аса этнос – 150 тарих, 150 мәдениет, 150 тіл екені айдан анық.  Осынша ерекшеліктерге қарамай барлық этностың бір ту астында бірігіп, аққау шортан һәм шаян халіне түспеуі қазақстандық саясаттың ұлтаралық келісімге қол жеткізгендігінің жарқын нышаны.

Келісім кезеңінде қабылданған Конституция да қазақстандықтардың түрлі ерекшеліктеріне қарамай, саяси, әлеуметтік, экономикалық, азаматтық стататустары мен құқығының тең екенін ылғи алға тартып келеді.

Мемлекетті құраушы басым халықпен бір деңгейде барлық этнос өкілдері ортақ тарихи Отанның дамуы жолында күш біріктіріп, қызмет ету бағытында екеніне көз куә.

Інжу ӨМІРЗАҚ,

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер