Маңғыстау облысында ашаршылық туралы фильм түсірілуде

1217
Adyrna.kz Telegram
Маңғыстау облысында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы бойынша фильм түсіріліп жатыр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Түсірілім жұмыстары 25 мамырда басталған. Фильм 20 маусымға дейін түсірілмек.
Кинокартина үшін Алматыдан арнайы әртістер шақырылған. Фильмде басты рөлдердің бірін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемал сомдайды. Фильмнің режиссері — "Ақ боз үй" романы авторының ұлы Бекарыс Елубай.
"Ақ боз үй" — өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ даласындағы ұжымдастырудың артынан ілесе келген ашаршылық жылдарын суреттейтін әдеби шығарма. Кино тіліне түсірілген туынды ел басына түскен нәубетті бір әулеттің тарихы ретінде баяндалады. Түсірілім жұмыстарын Ұштаған ауылынан бастап кеттік. Ауыл тұрғындары үлкен ықыласпен түсірілім тобына қатысып, өз көмектерін көрсетіп жатыр",-дейді режиссер Бекарыс Елубай.
Қазақ елінің ашаршылықтан қырылған ауыр кезеңі баяндалатын тарихи фильм 2022 жылдың наурыз айында көрерменге жол тартпақ.
Айта кету керек, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы өзінің көркем құрылымы, суреттілігімен де ерекшеленеді. Смағұл Елубайдың жазушылық шеберлігі осы шығармасынан айқын көрінеді. Романның жазылуына басты себеп – кеңес кезіндегі ашаршылыққа ұшыраған халықтың хал-ахуалы. «Асыра сілтеудің» ықпалы айбарлы аждаһадай ел ішін біршама күйзелтті. Ел басқарып отырғандардың осындай жұғымсыз қылықтарын, пасықтығын шынайылықпен көрсете келіп, әділеттілікке үндейді. Шығарма астары заманының жақсылары – білімді, парасатты дана адамдар, ел қамын жеген ерлер, береке-бірлікті ұстанған жандар дегенді ұғындырады. Сол кезеңдегі елдің ауыр тұрмысын, халықтың басына түскен қиыншылықтарды, жұт болған ауыр жылдар қасіретін жазушы шынайылылықпен суреттеген.
Мінекей, осындай ізденістер нәтижесінде «Ақ боз үй» трилогиясы жазылды. Романға арқау болған негізгі жағдай – 1930 жылдардың апаты, нәубетті заманның шырғалаңы.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер